5 Қараша, 2019
Айтыс – қазақ ескілігінің үлкен саласы

Айтыс – ақындар үшін сөз таласы, сөз барымтасы, сөз майданы ғана емес. Ол – ақындық өнер салыстыратын, жауаптаса отырып, білім шарқын байқататын жер.

Сәбит Мұқанов


Бүгінгі тақырыпты қазақ халқының ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан айтыс өнеріне арнамақпыз. Жыр жарысы, топ алдында суырып салып айтылатын сөз сайысы, поэзиялық жанрдың бір түрі – айтыс өнерін жүрегі қазақ деп соғатын әр азамат біледі. Айтыс – халықтық дәстүрлердің ішіндегі үлкені, сондай-ақ ол осы күнге дейін халық жадында ұмыт болмаған дәстүр. Айтыс өнерін ертеден әртүрлі тойларда ұйымдастыратын болған. Ел ішінде ойын, ас беру, қыз ұзату, келін түсіру секілді ірі тойлар болған кездері қазақ халқы әрқашан айтысты да қатар өткізген. Өздеріңіз білетіндей, айтыс шарты бойынша екі ақын аламанға қатысады. Әр ақынның өзінің жанкүйері болып, аламанның соңына дейін соның тілеушісіне айналған қолдаушылары болары түсінікті. Халық қай ақынның сөздік қоры мол, тапқырлығы жоғары болса, сол ақынға бас жүлдені беретін болған. 

f20131211094443-img5665-kopija-1600x1200.jpg

Жазушы Сәбит Мұқанов айтқандай айтыс өнерінің ерекшелігі мынада: «Ақындар айтысында «жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады».

Айтыс туралы көпшілік онша біле бермейтін мағлұмат: біз айтыс өнерін ұлттық дәстүрлеріміздің бірі деп кеткеннен кейін, көпшілігінің санасына ол қазақ жұртының және қырғыз ағайындардың ғана дәстүрі деп сіңген болуы керек. Алайда бұл өнер түрі қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік тілдес елдердің бірқатарында бар. Тіпті ірі ақындар айтысы Үндістан халықтарында да болып тұрады екен.

Айтыс тартысу, дауласу, жарысу, сынау деген сықылды бірнеше мағыналарға ие. Соған орай оның сан алуан түрлері бар. Мәселен, айтыстың ең көне түрі «Бәдік» айтысы деп аталады. Бұл бір аурудан малды емдеу үшін айтылатын арбау өлең болып келеді. Одан кейін қыз бен жігіттің үйлену тойы кезінде орындалатын «Жар-жар» айтысы деген бар. Атақты ақындар арасында болатын айтысты «Ақындар» айтысы деп атаған. Ал «Қыз бен жігіт» айтысы көбінесе ойын-тойларда айтылатын болған. 

photo.jpg

Айтыстың осы түрлерінің сарынымен қазақтың көптеген айтыскер ақындары дәстүрлі өнерімізді дамытып, осы ұрпаққа жеткізген. Бұған Шөже, Балта, Сүйінбай, Кемпірбай, Тезекбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Жанақ, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара және т.б. айтыскер ақындар үлкен дәлел.

Шөже Қаржаубайұлы. Шөже – 1808-1895 жылдар аралығында жылы өмір сүрген қазақтың атақты айтыскер ақыны. Жастайынан жетімдік зардабын кешіп, бала кезінен зағип болып қалған Шөже ақын қазақтың айтыс өнеріндегі майталмандарының ішінде ең алдыңғы қатарда. Ол:

«Атым Шөже, баласы Қаржаубайдың

Үйде жарлы болсам да, түзде баймын.

Асығымнан алтынға бөлесең де,

Дүние жүзін көрмеген сормаңдаймын», - деп дүниені өз көзімен көре алмаған соқырлығына назаланады. Онымен айтысқа түскен ақындар ақынның ата-тегіне мін тағып, оның кемтарлығын бетіне басатын болған. Жоғарыда жазылған өлең соларға жауап ретінде шығарылған болса керек-ті. Шөже ақынның көзі көрмегенмен, Құдай оған өзгенің бойынан табыла бермейтін ерекше дарынды сыйлады. Ол жүрген жерінде әрдайым шыншылдығымен, сыншылдығымен, мінді бетке айтатын қасиетімен ерекше көзге түскен. Бүгінгі әдебиетке Шөженің Балта, Кемпірбай, Орынбай, Тазбала және Қыз ақындармен айтысқандары жеткен. 

iTHK3B00R.jpg

Түбек Байқошқарұлы. Қазақ айтыс өнеріндегі шебер ақындардың бірі – Түбек ақын 1780-1870 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінен суырыпсалмалығымен қалың жұртқа танылған оның өнері тіпті поляк саяхатшысы А. Янушкевичті де қызықтырады. Саяхатшы ақынды көргенде өзінің кітабына ақын жайлы сүйсіне жазған екен. Сонымен қатар орыстың әйгілі түрколог ғалымы В.В. Радлов пен өзіміздің қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин Түбек ақынның тума талантына тамсанып, өте жоғары баға береді. Олар оның Жанақ ақынмен айтысын өздері құрастырып шығарып, жинақтарға енгізген. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов Түбектің айтыс өнеріндегі қабілеттілігіне айрықша баға береді. Әсіресе ол оның Тезек төре, Сабырбай, Құлмамбет, Қарқабат, Қосан, Бақтыбай, Орынбай сықылды айтыстың жілігін шағып, майын ішкен айтыскерлермен айтысына ерекше тоқталады. Ең әсерлісі – Түбек ақынның хас шеберлігі жас Абайды да таңқалдырған. 

IMG_6960-05-11-19-05-22.JPG

Бақтыбай Жолбарысұлы. Жастайынан жетімдік қасіретін көріп, мал бағып жүріп, жиын-тойларда ақындығымен көпшіліктің көңілінен шыққан Бақтыбай Жолбарысұлы 1842-1902 жылдар аралығында өмір сүрген. Бақтыбай ақынның айтыстағы бұрылысы көбіне Шөженікіне келетіндей. Ол да мақтаншақ, әділетсіз бай, болыс, билердің шынайы жүздерін әшкерелеп, барлығын бетіне айтып салатын болған. Онысын ақынның «Ассалаумағалейкум, болыс-биім!» деген өлеңінен байқауға болады:

«Ел биледім аз күн деп

Қуаныш қып қоқайма.

Халықпенен адамсың,

Жалғыз жүріп шошайма.

Жемқор көпке жасай ма?»

Бақтыбай ақын не жырласа да жайдан-жай сөйлей салмаған, қайда жүрсе де қара халықтың тынысын сезіп жүріп, қатар жырлаған. Жас күнінен жоқшылықты көріп өскен оның жаны әрдайым тек шындықты, әділдікті аңсады. Бақтыбай ақын айтыстан бөлек толғау, жоқтау сияқты жанрларда да өлеңдер шығарған. Сонымен қоса айтыскер ақын «Едіге-Нұран» атты көлемді дастан жазып қалдырды.

Балта Бұқарбекұлы. ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі айтыскер ақын. Балтаның ел арасында атағының жер жаруына себепші Шөжемен болған айтысы. Ақын кей өлеңдерінде Тобықтының аға сұлтаны Құнанбайды, Арғын билері Алшынбай мен Жолшораны мақтап айтқан. Сол себепті оған дәстүрлі әдебиеттануда билік өкілдеріне жағымпазданып өлең арнады деген кінә қойылады. Мұхтар Әуезовтің «Айтыс» атты ІІІ томдық жинағында бірде Шөжеге Кемпірбай, Тезекбай, Қалдыбай, Жамшыбай секілді айтыскер ақындар жабылып, оның соқырлығын айтып, бетіне басқандығы жазылған. Алайда соған қарамастан олар жеңіліп қалады. Алшынбай мен Құнанбайдың таз, соқырлығын айтып салады. Сонда екі бай: «Мұны сөзбен тұқыртайық» деп Балта ақынды шақырған екен. «Ашынып отырған Шөже Балтаға да есе бермейді» делінген. Сондай-ақ бірі білсе, енді бірі біле бермес, Мұхтар Әуезов айтыскер ақын ретінде Балтаға онша жоғары деңгейдегі бағаны бермеген.

Кемпірбай Бөгембайұлы. Ел арасында «Нар Кемпірбай» деп аталып кеткен ол 1834-1895 жылдары өмір сүріп, сол ғұмырының ішінде көпшілікке кеңінен танылады.

«Бөгембай – әкем аты, мен – Кемпірбай,

 Өзге ақын мен сөйлесем,тұрар былай», - деп жырлаған Кемпірбай қазақ ауыз әдебиетінде айрықша із қалдырған ақындардың ақыны – дүлдүл болған. Оның бізге Шөже, Тезекбай, Әсет, Жәмшібай сынды ақындармен айтысқаны жеткен. Ақынның әр айтыстағы өлеңінен оның өткір тілі бірден білініп тұрады.

Орынбай ақын.JPG 

Орынбай Бертағыұлы. Орынбай ақын да 13-14 жасынан бастап өлең шығара бастаған. Ол 1813-1891 жылдар аралығында өмір кешкен. Оның ақындығындағы ерекшелік – Орынбай билік басына қалталы азаматтар ғана келетінін ашып айтып, олардың шынайы бет-жүзін әшкерелейтін болған. Бұған ақынның «Бір жан жоқ болыстыққа талас емес», «Тұлпар бар ма тұяғы майрылмаған», «Өлген соң бай мен жарлы мал демейді» атты өлеңдері дәлел. Атақты Шал ақын Орынбайды «ақындардың төресі» деп атап кеткен. Поляк саяхатшысы А. Янушкевич оның Аягөзде Жанақ ақынмен болған айтысын ерекше атап өтіп, сүйсіне суреттеген. 

2c780dbb14be1f7e655de9c2b36c28cb.jpg

Халқымыздың айтыс өнеріндегі жүйріктер қатары осы аталғандармен тоқтап қалмасы анық, әрине. Қазақта сан алуан дауылпаз, өткір тілді, шабыттары бір ояна кетсе, қарсыластарын жеңбей тынбайтын небір шебер ақындар өте көп болған. ХІХ-ХХ ғасырлар төңірегі Ақан, Нұржан, Құлтума, Сапарғали, Сейдәлі, Омар, Құлманбет, Сүйінбай, Шашубай, Ырысты, Сара, Жанақ, Шөже, Түбек, Кемпірбай атты азулы ақындардың дәуірлеген заманы болды. Кейін олардың ізін Нұрпейіс, Шашубай, Иса, Доскей, Орынбай, Нартай, Кенен секілді ақындар жалғастырып әкетеді. Осы күні Балғынбек, Мұхтар, Айнұр, Жандарбек, Саралар сол ата жолын қуып, айтыс өнерінің халық жадында мәңгі сақталуына бірігіп атсалысуда. Қысқасы, «Айтыс – сөз барымтасы» деп ұлы жазушы-ғалым Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, айтыс өнері – халқымыздың әдеби мұраларының бірі. Ежелден қалыптасқан поэзиялық жанрдың бұл түрі XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өркендеп, өрістегені белгілі. Алайда ұрпақ сабақтастығы жоғалмай, ұлттық құндылығымыздың бұл түрі мәңгі өркендеп, өрістеп тұрса игі еді деген тілек бар.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден