15 Мамыр, 2020
Қазақстандықтардың 73%-ы отбасын өмірдің мәні ретінде көреді (әлеуметтік зерттеу)

15 мамыр – Халықаралық Отбасы күні. Осыған байланысты Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» отбасы институтын зерттеу орталығы 2020 жылдың ақпан-наурыз айларындағы «Қазақстандық көп балалы отбасылардың жағдайын және дамуын зерттеу (төрт және одан көп бала)» деп аталатын зерттеу деректерін жария етті. 

«Сіз үшін отбасы нені білдіреді?» деген сұраққа, сұралған қазақстандықтардың жалпы санының 73,1% отбасын өмірдің мәні ретінде санайтынын жауап берді. Сондай-ақ танымал жауаптар: 39% –«әулеттің ертеңі», 29% – «бақыт пен махаббат», 16,9% –«жауапкершілік пен міндеттемелер», 7,9% – «қоғамның негізі» және 1,6% – «жалғыздықтан құтқару» деп жауап берді.

Бұл ретте, гендерлік пікір тұрғысы былай құрылған: әйелдердің 75,1%-ы және ерлердің 51,3%-ы отбасын әулеттің ертеңі деп санайды.

«Ата-аналардың 69,3%-ы «олар көп балалы болғысы келді ме?» деген сұраққа, «Ия, мен әрқашан көп балалы болғым келді» деп жауап берді. Сұралған мыңдаған респонденттердің 65,2%-ы төрт баланы тәрбиелеуде, 34,8% – бес және одан да көп баланы тәрбиелеуде», - деп атап өтті отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова.

Сауалнаманың мәліметтері бойынша, отбасылық жұптардың көпшілігі (78,9%) өздерінің отбасылық қарым-қатынастарын «өте жақсы, біз бір-бірімізді сүйеміз және құрметтейміз» деп бағалады.

Зерттеу сондай-ақ, көптеген адамдардың пікірінше, отбасылық қатынастарды нығайтатын маңызды сапа махаббаттан гөрі құрмет екенін көрсетті. Сұралғандардың 68,2 % осылай санайды. Сондай-ақ, отбасылық респонденттер арасында 90,2%-ы өміріне риза екендігін атап өтті, бұл ретте, ажырасқан адамдардың арасыда өміріне ризалығын - 73,9% атап өтті.

«70,4% балаларды тәрбиелеуде күш қолдануға теріс қарайды, бұл орынды емес және дұрыс емес деп санайды. Қазақстандық ата-аналар өзара түсіністік, құрмет, махаббат сияқты эмоционалдық факторларға көңіл бөледі», - деді Жұлдыз Батталова.

Айта кету керек, бұл зерттеу Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша осы мәселеге мүдделі мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар үшін ұсынымдар әзірленетін болады.

ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» Отбасы институтын зерттеу орталығы әлеуметтік институт ретінде отандық және халықаралық тәжірибені зерделеу, отбасының проблемалық аспектілерін шешу бойынша ұсыныстарды зерттеумен, талдаумен, әзірлеумен және Қазақстандық отбасылық саясаттың жай-күйі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау үшін статистикалық және әлеуметтік деректер базасын құрумен айналысады.

ҚҚДИ - қазақстандық қоғамдық даму институты. «Рухани жаңғыру» бағдарламаны іске асырудың барлық қатысушыларының тиімді қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін құрылды. Бағдарламаның арнайы жобасына кіретін "Туған жер", "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы", «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» бағдарламалары бар.

Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден