1 Қазан, 2020
Қазақтың тұңғыш антропологы туралы не білеміз?

Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Оразақ Смағұлов 90 жасқа толып отыр. 

ҰҒА корреспондент-мүшесі әрі академигі, Болония Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (Италия, 2005) Оразақ Смағұлов 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Ұялысай ауылында дүниеге келген. Үш жасында анасы аштықтан өліп, өзі өлім аузынан аман қалған екен.

Ол Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесін, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның тарих факультетін бітірген. Тарих факультетінде оқып жүріп, антрополгия ғылымына қызығушылығының арқасында Алматы мединститутының кешкі бөлімінде де білімін жетілдіреді.

«Мединститутта антропологияны оқытатын не ұстаз, не оқулық жоқ екен. Маған әуелі мәйітханамен жұмыс істеу тапсырылды. Ол жерден адамның дене құрылысы мен ішкі ағзаларының орналасу тәртібін толық үйреніп шықтым. Мен бітіретін жылы Тәңір қолдап Мәскеуден жергілікті ұлт өкілінен бір адамды антропологияға бейімдейміз деген қағаз келе қалды. Сөйтіп қазақ баласы арасынан алғашқы болып 1957 жылы антрополог болу үшін ҚазКСР Ғылым академиясының жолдамасымен Мәскеуге аттандым», - дейді бір әңгімесінде ғалым. 

Orazak-Smagul.jpg

О. Смағұлов 1958 жылы Мәскеу университеті биология факультетінің жанында Ғылыми-зерттеу институты мен антропология мұражайында тағылымдамадан өтіп, Мәскеуде антропология мамандығы бойынша аспирантураға түседі. 1961 жылдан бастап ұзақ уақыт ғылым академиясында тарих, археология және этнография институтында қазақ халқының физикалық антропологиясымен айналысты. Ғалым Қазақстанда тұңғыш этностық антропология зертханасын Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титутында ұйымдастырып, еліміздің Орталық мемлекеттік мұражайының физикалық антропология зертханасының іргесін қалаған.

Ғалым Оразақ Смағұлов өзінің саналы ғұмырының басым бөлігін қазақ халқының шығу тегі мен генеологиясына арнаған. Оның зерттеулерінің нәтижесінде қазақ халқының 40 ғасыр бойы осы Ұлы далада мекендеп келе жатқаны нақты дәлелдермен көрсетіліп отыр. Ұзақ жылдар бойғы еңбегінің арқасында «Происхождение казахского народа» атты ғылыми құнды еңбек жазып шықты. Ол кітапқа қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға таяу уақыт жүргізген кешенді, салыстырмалы зерттеуінің нәтижелері топтастырылған.

«Менің физикалық-антропологиямен айналысқаныма 50 жылдан асты. Осы физикалық-антропологиялық материалдарға сүйенсек, қазақтар осы өңірде 4 мың жыл бойы мекендеп келеді. Біздің бабаларымыз ежелгі тас, темір дәуірлерінде, антикалық қола дәуірінде, бертіндегі Түркі қағанаты заманында дәл осы атамекенінде өмір сүрген. Нақты ғылыми дәлелдердің өзі ұрпақтар сабақтастығының 40 ғасырға жететінін көрсетеді. Халқымыздың осындай көне тарихын айғақтайтын материалдарды қазіргі қазақтардың дене құрылысынан, қандарынан, тері бедерлерінен, дәм сезімдерінен, қаңқа сүйектерінен, тіс құрылыстарынан анықтай алдық», - дейді Оразақ Смағұлов.

Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, «Құрмет» орденінің, Халықаралық Түркі академиясының «Алтын Жұлдыз» медалінің иегері Оразақ Смағұлов 2014 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде физикалық антропология зертханасын ашып, қазіргі күні де сонда қызмет етіп келеді. 

inform.kz