17 Қараша, 2017
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде қазақ хандары тұсындағы теңгелер көрмесі өтті (ФОТО)

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және ҚР Ұлттық валюта күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Тәуелсіздік нышаны - төл теңге» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.



Жалпы, көрменің мақсаты қазақ жерінде мекен еткен Түркі мемлекеттерінің ақша түрлерімен, тәуелсіздігіміздің жаршысы болған теңгелердің 1993 жылғы ең алғашқы үлгілерінен бастап, бүгінгі таңға дейінгі даму тарихынан хабар беру. Көрмені тамашалаушы қауымға төл валютамыздың тарихы мен теңгенің ел тәуелсіздігі мен экономикасының дамуындағы маңызын жеткізу болып табылады.



«Осы орайда, қазіргі таңда әлемдегі жалғыз үлгісі ғана белгілі болып отырған Шыңғыс хан атымен Самарқанда соғылған алтын динар жəне бүгінгі таңға дейін белгісіз болып келген тың жаңалық - Жәңгір хан тұсында соғылған мыс ақша да ел назарына ұсынылды. Музей қорында сақталған, Самарқан ақша сарайында жасалған динар қазіргі күнде типологиялық тұрғыда әлемдегі жалғыз ақша саналады. Нумизматика тарихында қазақ хандары арасында өз атынан ақша соқтырған тек Тұрсын Мұхаммед ханның теңгелері ғана белгілі болып келген болса, Салқам Жәңгір ханға арнап жасалған теңгенің табылуы да айтарлықтай жаңалыққа ие», - делінген хабарламада.



Атап айтар болсақ, қазақ нумизматикасының тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін бұл тиын үлгісі өте сирек кездесетін ақшалар қатарынан орын алады.



««Тәуелсіздік нышаны - төл теңге» көрмесі қазақ жерінде соғылып, айналымда жүрген ақша түрлері жəне 1993 жылы айналымға жіберілген теңге банкноттар мен монеталардың үлгілері, теңгенің эволюциялық даму барысындағы үлгілері мен Қазақстан Ұлттық банкінің коллекциялық теңгелері сынды бес бөлімнен тұрады. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің нумизматикалық қорында бүгінгі таңда 13 мыңнан аса жәдігерлер сақтаулы. Аталған құнды жəдігерлермен кесенеге келуші қонақтарды жəне барша ұрпақ баласын таныстыру тарих үшін, болашақ үшін үлкен маңызы бар» - деді музей басшысы Н.Ахметжанов.



Көрме бір ай көлемінде ел назарына ұсынылады.


ruh.kz