21 Қаңтар, 2019
БАҒЗЫДАН БАСТАУ АЛҒАН БАЙ ШЕЖІРЕ

 Негізінде адам санасы сәулеленіп отырмаса, жадымыздың да көмескі тартып, көнені ұмытып, жаңаны жатырқап, бойкүйездікке қарай бейімделе түсетініміз айқын. Осы ретте, Елбасымыздың бұдан бір жарым жылдай бұрын жария болған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы айырықша екенін уақыттың өзі дәлелдеді.  


Әдетте келер күннің бағдарын айқын белгілеп алмай, ілгері қозғалу — мақсатсыз жолға шыққанмен бірдей. Сол тұрғыдан қарағанда Елбасы­мыздың рухани жаңғыруды бәрі­міздің алдымызға міндет етіп қоюы ең алдымен келешектің кемелділігін ойлағандық, сондай-ақ өткенімізді түгендеп, барымызды жоғалтып алмай, айналамызды түгендеп отыру қажеттігіне нұсқау деп білеміз.





Ал сол «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­­масының жалғасы ретінде қарас­тырылып отырған жаңа жобалар ал­ғаш­қы бағытты тереңдету көрінісін береді.





Ең алдымен айтарымыз — ­Прези­дентіміздің осы еңбегінде қолданылып отырған «Ұлы дала» терминінің өзі біздерге, қалың жұртшылыққа ерекше қуат, айырықша серпін береді. Өйткені бәріміз де дала баласымыз. Сол далада өстік, жетілдік, өркендедік.





Қазақтың ұшы-қиыры жоқ, көз жеткісіз кең даласы әр перзентіне сол өзіндей кеңдікті, мәрттікті сыйлағандай. Ал «Кең болсаң — кем болмайсың» деген ата-бабаларымыздан қалған көсем сөз бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Кеңдік деген сөз кеңінен жайылып, барыңды жан-жағыңа шашып, берекені кетіру деген нәрсе емес. Кеңдік дегеніміз — болып жатқан құбылыстарға байыппен қарауды, соның бәрін зерделеп, сана сүзгісінен салмақтап өткізіп, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуді», яғни тиянақты шешім қабылдауды білдіреді.





Біз үшін Ұлы даламыздың ұсынар үлгісі де көп, бауырына басқан құпиясы да жетерлік. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «… Біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды» дей келе, «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» деген тұжырым айтылады.





Ойланарлық, ой саларлық жәйт. Біз кейде, шынын айтқанда, тари­хымыздың арғы-бергі жағын түген­деп болып қалғандай күйді бастан кешетініміз бар. Ал дұрысына келгенде, басқамызды айтпағанда, тарихшыларымыздың алдына үлкен міндет қойылып отыр. Елбасының ең басты ойы — «жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау» екен.





Мұны бәріміз де шын жүректен құптаймыз, өйткені бұл бәріміздің ойымыздағы, жүрегіміздегі тілекпен ұштасады. Ал ол қалай орындалады, бұл басқа мәселе. Жаһандық тарихта әр ұлттың, халықтың өзін ешкімнен кем санамайтыны, өз рөлін жоғары қою сезімі әркімнің де санасында тұратындығы жасырын емес. Бұл жерде нақты ғылыми деректерге сүйену ғана ақиқаттың жолын ашады. Елбасының айтып отырғанының өзі де осы.





Жеті қазақта қастерлі сан болып есептелетіні бәрімізге мәлім. Жеті саны киелі деп те айтылады. Ендеше, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген атауды да бекерге таңдамағаны белгілі.





Әдетте дала ұғымын ауызға алғанда, атқа мінген қазақ баласы көз алдыңызға келетіні айқын. Сон­дықтан да «Атқа міну мәдениеті» әңгімесі бәрімізге де жақын. Осы тарауды оқығанымызда құлағымызда даладағы дүбір естілгендей, көз алдымызға арғымақтың арынды шабысы келгендей болды. Ал басты идея — атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан таралғанын тағы да нықтап айту көңілімізге қонады.

Сондай-ақ аң стилі тақырыбы да жанымызға жақын. Өйткені қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүрген халқымыздың ажырамас бөлімі — табиғатпен тұтастық білінеді бұл жерде.





Ел мен елді байланыстыратын — қарым-қатынас жасау, араласу. Осындай жақындасудың бір негізін қалаған Ұлы Жібек жолының тарихтағы орны ерекше. Осы жолдың негізгі бөлігі Ұлы дала үстімен өтуінің өзі бүгінгі күні жаңаша зерделеп, тиянақтай түсуді қажет етеді деп білеміз.





Елбасының тарихи сананы жаңғырту ауқымында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламаны жасау жөніндегі ойы да құптарлық. Сонымен бірге ұлы даланың ұлы есімдерін насихаттау, түркі әлемін жандандыра түсу, ұлы даланың ұлы өркениеттерін өрістету тұрғысындағы бағыттары біздің еліміздің еңсесін биіктетуге, күллі әлем алдындағы тұлғамызды ас­қақ­татуға қызмет етеді деп ойлаймыз.





Елбасының «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту — еліміздің табысты болуының кепілі» деген қорытынды сөзі бәрімізге ортақ мүдде-мақсат деп білеміз.


Қ.Бірманов
ғаламтор