14 Наурыз, 2019
Бата беру де - өнер

Павлодарлық қария Балтабай Сыздықов Атырауда өткен республикалық бата беру байқауының жүлдегері атанды.


Павлодарлық қария Балтабай Сыздықов Атырауда өткен республикалық бата беру байқауының жүлдегері атанды. Атырау қаласында өткен «Батаменен ел көгерер» атты республикалық бата беру байқауына еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 17 ақсақал қатысты. Байқау ережесі бойынша қатысушылар 3 кезеңде сынға түсті. Алғашқы кезеңде бір тарихи тұлғаның батасын берсе, екінші кезеңде өзі дайындаған батасын беруге тиіс болды. Ал, үшінші кезеңде қоржыннан суырылған билет бойынша түскен тақырыпта бата берілді. Павлодар облысының намысын ҚР Мәдениет қайраткері, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Балтабай Сыздықов қорғады.




- Ақпан айында облыста өткен іріктеу байқауында жеңімпаз атанып, республикалық жарысқа жолдама алған болатынмын, - деді Балтабай Сыздықов. – Атыраудағы сайыста бірінші Қашаған Күржіманұлының ұзатылған қызға берген батасын айттым. Екінші кезеңде өз жадымнан суырып жаңа туылған нәрестеге бата бердім. Үшінші кезеңде қоржыннан «тұл қалуға» байланысты тапсырма түсті. Еш мүдірмедім.




Байқаудың қорытындысы бойынша, бас жүлде 80 жастағы алматылық ақсақалға бұйырды. Ал, 1-орынды павлодарлық 74 жастағы Балтабай Сыздықов жеңіп алып, батагөй атамыз 750 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Еске салайық, ақпан айында Павлодарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Батаменен ел көгерер» байқауында 20 ақсақал сынға түскен болатын.



Қадірменді оқырман, назарыңызға ақ батасымен жеңіске жеткен үздік батагөй қариямыздың батасын ұсынамыз.



Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы



Бисмиллаһир – Рахманир Рахим!



Қырмызыдай кейпің  құбылған,



Көрікті, көркем бала едің,



Базарың баста құрылған.



Ақылың толып, ой жетіп,



Жасың толып, бой жетіп,



Қайың жұртқа барғанда,



Ұзартып жүрме тіліңді,



Көрсетіп жүрме мініңді,



Жақсы адамдар онда бар,



Ақылы асқан білімді.



Отызға жасың жеткенде



Жақсының алды көше деп,



Қайнағаң мен атаңның,



Алдынан өтпе кеселеп.



Үйіңе келген қонаққа,



Шытылмасын қабағың,



Толы келсін табағың.



Ауыл үй түгіл, ел мақтар,



Сыртыңнан естіп қазағың.



Қырыққа жасың жеткенде



Келін менен баланың



Билігіне таласпа,



Ақылыңнан адаспа.



Олай-былай ауысса,



Ауыл үймен санаспа.



Мырзалыққа батыл деп,



Шығарар ердің  атын деп,



Сонда сенің, шырағым,



Даңқың  кетер алашқа,



Елуге жасың толғанда,



Ел анасы болғанда,



Бәйбіше болсаң балқыған,



Қас-қабағың шалқыған,



Қолыңда болса, шырағым,



Қос білезік, қос жүзік.



Бәйбішелікте бір қызық.



Алпыс жасқа келген соң,



Төсегіңді сал да жатып ал,



Биліктен  басыңды тартып ал.



Ақыл ойлап пікір ет,



Бір аллаға шкір ет.



Жетпіс жасқа келген соң,



Тумақ бар да, өлмек бар,



Қай күні келіп қалар деп,



Қай күні құрық салар деп,



Самай шашым ағарды,



Күш-қуатым азайды,



Бұл бір келген хабар деп,



Таласпаңыз билікке.



Жасың жетсе сексенге,



Қартайдың деп сөксең де,



Өткен өмір жолдары,



Оралмайды ексең де.



Тоқсанға жетсең сүрінбе,



Иіліп, белің бүгілме.



Абыройың барында



Ұрпағыңның алдында.



Тартпай төсек азабын,



Бақилыққа аттанып,



Марқұм деген атты алып,



Тәнің болсын рахатта



Жаның болсын жәннатта.



Әумин!              



авторы: Сыздықов Балтабай Сәкенұлы



Бата беру - өнер, десек артық айтпаймыз. Жиылған қауымға болсын, алдына келген жалғыз адам болсын, ақ тілегін, адал ниетін білдіре алатын қарияларымыз азайып барады. Батасын орынды да, орамды айта білетін ақсақалдарымыз аман болсын!  



Айнұр Нұрманғалиева,



Ruh.kz


Ruh.kz
автор