13 Тамыз 2019 Ruh.kz 504

Баянжүрек жазулары

 | RUH.kz Фото: Ғаламтор көздерінен

Тарих деген – туған ауылды, туған жерді танудан басталады. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаев «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында «туған жер», «туған ел» ұғымына теориялық түсінік берді.

Сол мемлекеттік бағдарламаға айналған мақалаларда «Қасиетті Қазақстан», «Сакральды жерлердің географиясы» туралы айшықты ойлар айтылған. Қазақстан тарихының қызықты бір тарауы – Қапал туралы аңыздар мен тарихи деректер.

Қапал аңызы

Ерте, ерте, ертеде болған бір оқиға екен. Қопа деген қыстауы бар, Бүйен өзенінің бойында көктеуі болған, Жоңғар Алатауының иегін жайлау еткен Қапал деген бай болыпты. Оның байлығы қисапсыз, төрт түлігі жер бетіне сыймаған екен. Қапал деген сол байдың Баян есімді сұлу әрі жалғыз қызы болыпты. Баян деген «ай десе ауызы, күн десе көзі» сұлу болған екен. Баянның жүзін, әлпетін сипаттауға адамның тіл байлығы жетпеген деседі. Баян Сұлу сонау бала кезінен атқа мінуді, садақ атуды еркін меңгерген, керек десе ер азаматтардан да артық игерген талапты әрі ақылды екен.

6.jpg

Баян қыз өсіп, гүлдей құлпырыпты деген сөз ауыздан ауызға көшкен екен. Күндердің күнінде Баянның сұлулығы мен ақылдылығын естіген жұрт Қапалмен құда болайық деп, Тамшыбұлаққа келіп, кетіп жүрген екен. Баянды сүймек болған, бір рет жүзін көрмек болған жұрттың санын болжауда мүмкін емес-ті.

Ал, Баянның өзі болса Сайынбөлек деген кескіні келбетті, батыр тұлғалы жігітті сүйсе керек. Сайынбөлек деген Қапалдың жылқысын бағып, күтіп жүрген кедей екен. Қожайынның қызына оның да көңілі болыпты. Екеуі асау тайды үйретіп жүріп, бір-біріне ынтызарлық көңілдерін білдірген екен. Сайынбөлек Баянға сезімін білдірген сәтте табиғат ана құлпырып, ауа райы күрт өзгерген екен. Екі жастың бір-біріне деген ынтызар сезімін сезген сезімтал жұрттың әңгімесі желдей есіп, ауыл-ауылға тарапты. О, заманда, бұ заман байдың қызына кедейдің көңілі құлады деген атақ жақсы ма еді?!

Әр түрлі алып-қашпа әңгімелерді естіген байекең намыстанып, ашуға беріліпті деседі. Содан не керек, бір-біріне деген сезімі де, сенімі де зор қос жүрек Баянның Қора шатқалының теріскейіндегі нағашыларының ауылына қашуды жоспарлайды. Межелі күн туғанда, екі жүрек Бүйенді өрлеп, Бессалаға, Бессаладан Тесіктасқа, Тесіктастан Демікпеге, Демікпеден Шажаға, Шажадан Қораға, Қорадан Алтын шаңырақ шыңына қашуға ниет етіп, жолға шығады. Алтын шаңырақ шыңы деген – қысы-жазы басынан қар кетпеген, мәңгілік мұзқұрсауындағы суық өлке еді. Сол суық өлкені екеуі махаббаттарымен жылытпақшы болған екен. Амал не, өткінші өмір, кем дүние екеуінің сезіміне, сүйіспеншілігіне қарсылық танытқан екен. Күдікті екеуді аңдыған байдың қарауылшылары сол түні-ақ іздеріне түсіп, Тесіктастың түбінде қоршауға алыпты. Қуғыншы жігіттермен жекпе-жекке түсіп, итжығысқан қайран Сайынбөлектей серіні көп жігіттің бірі келіп, шүйкесінен дойылмен ұрып, өлтірген екен. Сайын өмірден өткенде, Бүйен өзені тулап, арнасынан асып, сел жүрген екен. Ал, Баян болса, жарықтық бейбақ сүйгенімен бақұлдасып алайын деп қарауылшылардан рұқсат алыпты да, биік таудың ұшар басына шығып, «Менің жаным сенімен бірге, Сайынжан!» деп жарға құлап кеткен екен.

10.jpg

Иә, солай болған екен деседі ескі аңыз. Баянның өлімін естігенде, Қапал бай «Қарғыс атсын!» деп өзін-өзі қарғапты. Бүгінде Баян өлген биік тау Баянжүрек, Сайын өлім құшқан асу Сайынбөлек деп аталады. Ал, Қапал байдың есімі өзінің Қопалысының атауына айналып-ақ кетіпті. Содан бері Тамшыбұлақ деген сол екі жүректің жасы екен. Ыстық әрі мөлдір тамшылар...

Баянжүрек суреттері

Баянжүрек!

Жетісу өңірінің Қапал аймағындағы сұлу да, көркем бір жер шоқтығы. Қапал қаласының етегіндегі Жетісу Алатауының сілемінің бір шыңы – Баянжүрек тауы деп аталады. Баянжүрек баурайындағы жартастарда түрлі суреттер бейнеленген. Олардың мазмұны да, сипаты да әр түрлі. Суреттер қола дәуіріне жататын археологиялық мәдениет кешені ретінде тарихымызға жазылған. 

5.jpg

«Баянжүрек суреттері» деп ғылымға жазылған бұл ескерткіштердің мазмұны, тарихы сонау ерте замандардан басталады екен. Кәрі тарихтан жеткен деректерге сүйенсек, сонау есте жоқ ескі замандарда бұл жерде сақ, ғұн, қимақ тайпалары өмір сүріпті. Қола дәуірінен бері жеткен ескерткіштерді ғалымдарымыз біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықтың аяғы мен біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтардың басына жатады деп бөлген екен. Баянжүрек жартастарындағы петроглиф жазу сол сақ, ғұн, сармат тайпаларының өмір сүру мәдениеті, атқа міну, ат үйрету және тұрмыс тіршілігі бейнеленген суреттерімен ерекшеленеді. 

7.jpg

Жартастағы суреттердің басым бөлігінде салт атты сарбаздар бейнеленген. Ежелгі түркі дәуірін сипаттайтын бұл ескерткіштер ЮНЕСКО – ның мәдениет картасына енген.

Фатиманың үйі

2000 жылдары Қапалда тұратын үлкен апайымыздың ұлы үйленіп, соның тойына барған едік. О кезде бүгінгідей жеңіл көлік жоқ еді. Арасаннан Қапалға автобус жүретін-ді. Автобуспен Қапалға жетіп, автобекеттен түсіп, атам екеуіміз Тамшыбұлақтан су ішіп, шөлімізді бастық. Шіліңгір шілде еді, адамның түгілі, құстың да «миы» кеуіп кететіндей қапырық. Әбден шөлдеп, қаталап қалыппыз тегі. Тамшыбұлақтың ыстық суын сімірген сайын шөлің қанып, тынысың ашылады. Су ішіп, тыныққан соң, Қапалдың үлкен көшесімен үйге қарай беттеп келеміз. Сонда атам:

– Айналайын, бұл Қапал деген – сонау заманда қала болған үлкен шаһар еді. Біздің бала кезімізде құлпырып тұрушы еді. Мына көк үйлерді татар көпестері салған. Ал, анау тұрған көк шатырлы кең үйде Фатима Ғабитова тұрған еді, – деп ескі әңгіменің шетін шығарып, төңіректегі үйлерді таныстырып келеді.

2.jpg

– Ата, Фатима Ғабитова деген кім? – деп сұрағанымда, атам марқұм: – Фатима Ғабитова қазақ пен татарға ортақ үлкен қайраткер. Өзі әдебиетші, өзі этнограф, өзі жазушы, өзі ағартушы. Бәрінен де алаштың Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Мұхтар Әуезов сынды үш бірдей арысына қиын-қыстау жылдары жар болған, арыстардан бала сүйген, сталиндік репрессияға ұшыраған батыр ана. 

12.jpg

Бұл үйде сол апаңның ата-анасы тұрған, Фатиманың балалық шағы өткен жер. Асылдардың табаны тиген қасиетті үй еді, – деп көк үйдің тарихын айтып еді. Қазір соны ойласам, өзегім өртенеді. Не деген сәулетті, архитектуралық өнер еді. Көк үйдің көркі көз тойдыратын.

 3.jpg

PS:    Міне, сол үйдің бүгінгі таңда сиқы қашып, ажары тайды. Базары тарқаған Қапалдың аудан деген аты да, қала деген статусы да өзгерді. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік жобасы аясында осы тарихи үйді қалпына келтіріп, музейге айналдыруға болар еді...

Елдос Тоқтарбай

Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

18 Тамыз, 2019

Ақбоз ат (венгр халық ертегісі)

18 Тамыз, 2019

Абайсыз рухани жаңғыру мүмкін емес!

17 Тамыз, 2019

Бесік жыры

16 Тамыз, 2019

Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады!