1 Мамыр, 2019
БЕЙБІТШІЛІК ЖАСАСЫН ӘЛЕМДЕ

«Алтау ала болса ауыздағы кетеді,



Төртеу түгел болса төбедегі келеді», дейтін қазақ. Дүниедегі құндылықтың ең маңыздысы – бірлік пен ынтымақ екеніне ешкім дауласпас?! 


Басынан қилы кезеңдерді өткізген, тағдырдың тауқыметін тартқан бұл халықтың құшағы кімге болсын, қашан болсын ашық. «Қас болам десең, шауып түсер қылышпыз. Дос болам десең, құшақ ашқан туыспыз», деп бабалар босқа айтпаған. Бүгін Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Аз ғана уақытта әлем таңғалатындай мемлекеттің құрылуы осы бірліктің арқасы екені тағы рас. Аталмыш мереке туралы, айтулы күн туралы 10 деректі назарларыңызға ұсынамыз:



1 мамыр мерекесін әлемнің 66 мемлекеті әртүрлі мазмұнда тойлайды.



1886 жылдың бірінші мамырында АҚШ тағы жұмысшылар 15 сағаттық жұмыс уақытына қарсылық білдіріп, ереуілге шығып жұмыс уақытының 8 сағатқа қысқаруын талап еткен. Білетініміздей жұмысшылар талабын орындата алды.



Осы ереуілден соң 1 мамыр еңбекшілердің ынтымақтастығы күні есебінде 1890 жылы алғаш рет аталып өтілген. Мереке ашық түрде тек 1917 жылдан бері тойланып келеді.



1995 жылы 18 қазанда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «еңбекшілер күнін» тойлаудан бас тартып, «1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні», деп жарияланған бұйрыққа қол қойды.



Шамамен үш мың жылдай бұрын бағзы Италия халқы жер қамқоршысы һәм сақшысы Майяға табынса керек. Әйел құдайдың құрметіне көктем мезгілінің соңғы айын «Майя – май» деп атап, аталмыш айдың алғашқы күнін тойға айналдырып, серуендер жасап, көңіл көтеріскен. 



Италияда 1 мамыр «гүлдер мерекесі» болып есептелсе, Сицилиядағы жергілікті тұрғындар танымы бойынша бұл күні даладан түймедақ теру – бақыт әкеледі-міс.



ТМД елдері ішінде Ресей мен Малдавия бұл мерекенің құрметіне 5 күн қатарынан демалса, кей елдер бұл күнде жұмыс істей береді.



Мерекені 1890 жылғы алғаш тойлаушылар – Аустро-Мажарстан, АҚШ, Швеция, Алмания, Франция, Дания, Бельгия, Испания, Норвегия, Италия  секілді мемлекеттер.



Біз үшін бірлік пен ынтымақ мерекесі болып есептелетін бұл күн Берлин тәртіп сақшыларын мүлде қуантпайды. Тіпті олар үшін 1 мамыр ең мазасыз, әрі ең ауыр күн. Оның себебі елдегі партиялар мен қозғалыстар шеруінің соңынан орын алатын тәртіпсіздіктер.



Кеңестік кезеңде 1 мамыр күні алаңда бой көрсетпеген, алқызыл жалауды тағып алып – «Мамыр! Бейбітшілік! Еңбек!», деп ұрандамаған адам ертесіне жаңа жұмыс іздейтін көрінеді.



 



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz