29 Наурыз, 2019
Бейімбеттану сабағы

ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми кітапханасында «Қанатты қаламгер» атты танымдық кеш өтті. Кешті Ұлттық музейдің «Ғылыми кітапхана» жазба деректерді зерттеу секторы  ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жыл «Жастар жылы» – деп жариялануына және қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі – Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырды.


Кеш барысында Бейімбет Майлиннің шығармашылығы мен өмірі жайлы айтылып, деректі фильм көрсетіліп,  арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Астана қаласының колледж студенттері, музей қызметкерлері, белгілі ақындар мен ғалымдар, зерттеушілер қатысқан бұл шараның негізгі мақсаты – атақты жазушы, драматург, сан қырлы талант Б.Майлиннің шығармашылық жолы туралы мәлімет беру.  





   «Ұлтымыздың ұлы, біртуар азамат Бейімбет Майлиннің 125 жылдығы қарсаңында келер ұрпаққа Б.Майлиннің шығармашылығын насихаттау, сол кездегі келеңсіздіктерді, тарихи фактілерді жастардың санасына сіңіру біздің борыш», – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Дархан Көкебай.



  «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» шығармалары арқылы қазақ поэзиясының поэма жанрының өрісін кеңейткен, өресін биіктеткен ақын туралы жиынға қатысушы, алаштанушы ғалым, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты  Қайырбек Кемеңгер: «Бейімбет шығармашылығын насихаттау игі іс. Осындай шараларды Бейімбеттанушы ғалымдардың қатысуымен жиі ұйымдастырып тұру керек. Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын шаралардың еш артықшылығы жоқ», – деп жоғары бағасын берді. Сөздің ашығын айтқанда, жазушының мұрасы бүгінде ғана емес, иек астындағы ертеңгі күнімізде де өзінің құндылығы мен маңыздылығын жоймақ емес. Өйткені: Бейімбет сөзі, мұрасы және оның өмір жолы қашанда келер ұрпаққа үлгі, ал қалам ұстаған жас буын –  жаңа ұрпаққа тағылым мектебі болмақшы.





   Өлеңдері ұранға айналып, ауыздан ауызға тарайтындай деңгейге жеткен біртуар азамат жайында шығармашылы мен өмірін зерттеп, тынбай насихаттап, ұлықтап жүрген Жұмабек Табын ағамыз: «Біз бұған дейін Би-ағаңды сөз еткенде оны драматург, ақын, жазушы, сатирик  деп білетінбіз де, оның журналистік, публицистік қырларын айтпай жүрдік. Кейінгі жастар осыған көңіл бөлсе деймін. Б.Майлиннің кино, театр саласындағы еңбектерін де саралап, зерттесе деймін. Биыл ел болып 125 жылдығы тойланбақшы. Керекте шығар. Бірақ, маңыздысы тек Қостанай өңірінде емес Астана, Алматы сынды қалаларда да ғылыми конференциялар ұйымдастырылса. Бейімбет Майлинның ертеде шыққан 8 томдығы осы күні 15-20 томдыққа тұрарлықтай дүниелерімен толықты. Би-ағаңа ғұмырын орнаған Тоқтар Бейісқұлов бұрынғы Таран ауданындағы әдеби-мемориалдық мұражайын Қостанай облысынан бөлек қылып ашуын армандап кеткен. Осы үлкен шаруа. Бейімбет Майлинның «Шұғаның белгісі» повесіне байланысты Шұғаның құрметіне, Майлиннің құрметіне бір ескерткіш қойылса деймін. Міне, сонда бұл тағылымды, тәлімді шара болар еді»,-деп үмітті пікір білдірді.



Ғалым ағамыз айтқандай, Бейімбет Майлинді құрметтеуге келген кезде республикалық деңгейде «үнсіз» қалған сияқтымыз. Мәселен, оның түйдей құрдастары Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, қатарластары Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды арыстардың есімімен аталатын елдімекен, қала, көше мен даңғыл, университет пен мектеп, музей, кітапхана сияқты мәдени орындар көп ақ. Ал, қазақ прозасының корифейі, мэтр жазушы Бейімбет Майлиннің есімімен аталатын не бар екен?! Есіңе де түспейді. «Өзі елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» дегендей, туған ұлысы, қалың қазағы Бейімбетін ескеріп, ұлықтамаса, оны енді кім келіп ұлықтар екен?! Маңызды да, түйткілді мәселе - осы. Ал, бұл шараға қатысқан жас буын жазушының шығармашылығынан рух алып, тарихымызды, қаймана қазақтың тағдырлы ғұмырынан тәлім алған болар деп сенеміз... Бейімбеттану сабағы жиі жиі өткен сайын ғана оның тау тұлғасы биіктеп, есімі де, мұрасы да мәңгі жасай бермек!



 



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА, Ruh.кz


Ruh.кz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz