3 Қараша, 2017
Бекзат Саттархановтың спорттық киімдері ОҚО музейіне қойылған

Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейінде мектеп оқушыларына  тегін экскурсия ұйымдастырылды.



Аймақ әкімдігінің хабарлауынша, өңірдің  әр қала, ауданынан келген балалар  экскурсия барысында мұражайдағы тарихи жәдігерлермен танысты.



Атап өтер болсақ, айтулы шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы аясында  балалардың ел тарихы мен мәдениетін білу, өз Отанының тағдырына, оның  өткеніне, бүгіні мен болашағына өзі қатысты екендігін сезінуі мақсатында ұйымдастырылды. Онда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер "Облыс тарихы-2017" деп аталатын керуен-шеруге қатысып, облыстағы ең үлкен мұражайды аралауға мүмкіндік алды.



«Игі шара балалардың өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен азаматтық сана сезімі негізінде өз еліне пайда келтіруге деген талпынысын қалыптастыру бағытында өткізілді», - делінген хабарламада.



Мұражай қызметкерлері саяхаттап келгендерге өлкенің археологиясы мен пайдалы қазбалары, дәрілік шөптері туралы кеңірек мағлұмат берді. Балаларға күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары сыйлаған киіз үй қатты ұнады. Сонымен қатар, өлкенің мақтанышы болған боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың спорттық киімдері таң тамаша етті. 


ruh.kz