7 Тамыз, 2020
Белгілі абайтанушымен дәріс өтетін болады!

Қазақстанның ұлы тарихи тұлғаларының мерейтойлық даталарын мерекелеу аясында осы жылы Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Ұлы даланың ұлы есімдері» ашық дәрістер топтамасы» жаңа танымдық жобасын жоспарлаған болатын.

Жобаның мақсаты Қостанай қаласында Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы тақырыбында еліміздің танымал ғалымдарымен дәрістер өткізу болды. Идея бойынша, бастапқыда бұл кез-келген адам келіп, дәріс тыңдай алатын ашық алаң болуы керек еді. Бірақ пандемия бұл жоспарға өз өзгерістерін енгізді. Көптеген бұқаралық іс-шаралар сияқты, осы форматтағы дәрістерді де өткізуді тоқтатуға тура келді. Алайда, бұл - жобадан мүлдем бас тарту керек деген сөз емес. Сонымен қатар, дүние жүзіндегі соңғы оқиғалар туралы біртектес, жанға жағымсыз ақпарат ағымы аясында, адам күні бүгінге дейін өзекті болып келген дана, дара да ұлағатты өсиет пен нақыл сөздерді тыңдап, рухани азық алып, қазіргідей қиын кезеңде позитивті ойлап, оң пікірде болғысы келеді.

Осы орайда «Жаңа шындық - жаңа ережелер!» ұранын ұстана отырып, дәрісті танымал спикерлердің сөздерін өздерінің тұрғылықты жерінде таспаға түсіріп, бейне форматта өткізу туралы шешім қабылданды.

Осылайша, тамыздың 3 күні, Нұр-Сұлтан қаласында белгілі абайтанушы, профессор, философия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, қоғам қайраткері Ғарифолла Есімнің «Хакім Абай және қазіргі заман» тақырыбында алғашқы дәрісі таспаға түсірілді.

Дәріс «Qostanai» телеарнасының көрермендеріне 10 тамыз күні сағат 10.00- де қазақ тілінде, сағат 19.00-де орыс тілінде ұсынылады.

Онлайн жазбаны 10 тамыздан бастап Қостанай облысы әкімдігінің ютуб каналы, Қостанай облысы ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметінің Facebook арналарында және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің әлеуметтік желілерінен көруге болады.

Қостанай облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі