8 Шілде, 2018
Берілме, жеңісің әлі алда!

Өмір бір сүрініп, бір тұрудан құралған. Бұл – ешқашан өзгеріске ұшырамайтын қағидат. Сабыр, айқын мақсатқа жетуге деген құлшыныс, жігер, қайсар мінезді серік еткеннің барлығы – өмір жеңімпазы. Ғұмыр жолының жылдамдығы сонша, сүрініп, қайта тұруға шамасы келмегендерді шаңына көміп өте шығады.


«Алма піс, ауызыма түс» деп жатқандарға өмірдің тосынсыйлары – бұйырмайтын бақыт. Еңбектену, алға жылжуға талпыныс жасау – дәуір талабы. Қарқынды дамудан тысқары қалмау үшін әрбір күн мүмкіндіктерді сәтті пайдалануға талпыныс жасау шарт.



Десе де, талап ортақ. Еңбектене салысымен, жеміс жеуді көздеп, қомағайлыққа салынуға болмайды. Алғашқы қадамың сәтсіздікке ұшырамайтынына ешкім кепілдік бермейді. Ондаған бастамаларда сәтсіздік орын алып, мамыражай күндер содан кейін барып орнауы мүмкін. Ал кей азаматтарда керісінше, алғашқы жасаған қадамы сәтті шығып, өз арманын жүзеге асыруы ықтимал.



Қанша рет сүрінсең де, бағдарыңнан жаңылмаған жөн. Құлаған жағдайда, қайта тұруға талпын. Өмірдің әрбір сәті мүмкіндік. Естен шығармағын. Берілме! Жеңісті күндер, жемісті күндер алда өз кезегін күтуде. Талпыныс, айқын мақсат серігің болсын!


ruh.kz
Nurlybek Buhpin