18 Қыркүйек, 2020
Бибігүл Төлегенова алматылықтарды қала күнімен құттықтады

Бибігүл Ахметқызы ең алғашқы еңбек жолын Абай атындағы опера және балет театрында бастады 

Алматы – мәдениеттің астанасы. Алматы – қазақ өнерінің қара шаңырағы. Мыңдаған жыл тарихы бар әсем қала бүгінге дейін талай таланттың жұлдызын жағып, бағын ашты. Қазақтың бұлбұл әншісі – Бибігүл Төлегенова алматылықтарды келе жатқан қала күнімен құттықтап, Алматы туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Енді ғана бойжеткен Бибігүл Алматығы келіп, қазақтың бұлбұлы атанған еді. Өрімдей қыз Алматы аспанын әнмен әуелеткенде бүкіл Кеңес Одағы тамсанған еді. Сонда халық сүйіктісін ЮНЕСКО әлемнің әйгілі 20 әйелдерінің қатарына қосты. Социалистік Еңбек Ері, опера әншісі бүгінде 90 жаста, жастық шағының куәсіндей болған Алматы туралы әңгімелеп, сағым жылдарға саяхат жасады.

«Мен Алматыға алғаш 18 жасымда келдім. Әрине, ол кезде Алматы мүлде басқа болатын. Сол кездегі Алматыны қатты сағынамын. Оның сылдырлап ағып жатқан арықтағы мөлдір суын сағынамын. Шағын 2 қабатты үйлердің қасында алма, алмұрт өсіп иісі аңқып тұратын. Адам баласы жылдан жылға қартаяды, ал қала әдемеліне береді», – деді КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

Бибігүл Ахметқызы ең алғашқы еңбек жолын Абай атындағы опера және балет театрында бастады. Дәл осы театр сахнасында халық әндерімен қатар, қазақ композиторларының туындыларын асқан шеберлікпен орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», Рахмадиевтің «Гүлбаршыны», Жұбановтың «Еңлік-Кебегінде» партиялар айтып, аты аңызға айналған тұлғалармен бір сахнада өнер көрсетті. Алматыдан гастрольдік сапарға аттанып, әлемге танылды.

«Мен Құдайға шүкір әлемнің бірнеше елін араладым. Сол кезде Алматыдай сұлу қаланы көрген жоқпын. Бір жағыңа қарасаң таудың етегі, қалаға қарасаң гүл, көгал дегендей. Сондықтан аспанымыз ашық болсын, Алматымыз көркейе берсін», – деді КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

Иә, Бибігүлдей ән падишасын Алматыдан бөліп-жарып айту мүмкін емес. Өйткені оның «Бұлбұл» әні әуелегенде Алматы құстарының ғажайып дауысы құлақтан кіріп, бойды алады.