19 Сәуір, 2018
Биылдан бастап цифрлық эфирлік теле және радио хабар тарату қолға алынады

2018 жылы Қазақстанда цифрлық эфирлік теле және радио хабар таратылуын кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары басталады


2018 жылдың соңында Қазақстан Республикасының бірқатар облыстарында цифрлық теле және радио хабар таратылуын кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары басталады. Цифрлық телевизияны енгізу жұмыстарының бірінші кезегі барысында, ағымдағы жылдың аяғында Маңғыстау (қазан), Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан (желтоқсан) облыстарын цифрлық телевизиямен толық қамту жоспарлануда.



Мемлекетіміздің басқа аймақтарында цифрлық эфирлік телевизияны енгізу жұмыстары 2020 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Аталған жұмыстар жоспар бойынша 2021 жылы аяқталатын аналогтық телевизия хабарын таратуды өшіру жұмыстарымен қатар жүргізілетін болады.



Цифрлық хабар таратуды енгізу және дамыту жобасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген болатын.



Жоба бойынша 827 радио және теледидар стансасын салу және жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2012 жылдан бері жүргізілуде және бүгінгі таңда 356 станса салынды. Жылдың соңына дейін тағы 292 станса құрылысын аяқтау жоспарлануда, ол халықтың 94%-ын цифрлық хабар таралымымен қамтуға мүмкіндік береді. Қалған 179 стансаны 2019-2020 жылдары пайдалануға беру жоспарлануда.



Цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесі халыққа облыстық орталықтар мен Астана және Алматы қалаларында 30 отандық телеарнаны, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде 15 телеарнаны абоненттік өтемақысыз цифрлық сапада көруге мүмкіндік береді.



Осылайша, эфирлік цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл тұрғындадрының арасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендетеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін дамыту үшін сапалы жаңа мүмкіндіктер береді.


ruh.kz
Strategy2050.kz