25 Қыркүйек, 2018
Білім - инемен құдық қазғандай десеңіз...

Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов өз сөзінде «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе - білім», - деген екен. Білімнің адам өміріндегі алар орны зор. Мемлекеттің де дамып, жетілуі көзі ашық, көкірегі ояу халықтың қолында екендігі аян. Қазіргі таңда ата-аналар балаларының білімін жетілдіру мақсатында көптеген әдіс-тәсілдерді қолданады. Сонымен қатар, әр адам өз білімін арттыру, жаңа дүниені үйренуді қалайды. Осының барлығы - қуантарлық жайт. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» демекші, санамыздың ашық болуы - біздің басты қасиетіміз.    


Дегенмен, білім алу үрдісі әрқалай жүреді. Кейбір адамдар үшін бұл үрдіс оңай игерілсе, өзгелері қандай да бір күрделіліктерге тап болады. Бұл - әдеттегі құбылыс. Сонымен, білімді қалай игерген жөн?



Біз өмір бойы үйренеміз. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, тамақтануды, сөйлеуді, жүруді игереміз. Есейе келе, білім аламыз, көптеген дүниелерге деген қызығушылығымыз арта түседі. Осылайша біздің бар өміріміз білімімізді арттырумен тікелей байланысты болады.



Мәселен, адамның миы гитарада ойнау, жаңа бағдарламаны үйрену, бала тәрбиелеу сынды түрлі жаңа ақпараттарды үнемі сіңіріп отырады. Дегенмен,  бұл үрдіс әр адамда әртүрлі жылдамдықпен жүреді. Себебі, бала кезімізде біз ақпаратты өте жылдам қабылдаймыз. Ал қартайған шағымызда бұл жағдай белгілі күрделіліктерге тап болады да, қиындай түседі.



Осы орайда сіздер төменде ұсынылған материалдар арқылы өзіңіздің білім алу қабілетіңізді арттыруға көмектесетін, сондай-ақ, ойлау қабілетіңізді тезірек және жақсы жұмыс жасауға жәрдемдесетін бірнеше тәсілдермен таныса аласыздар.



Миыңызға техникалық қызмет көрсетуіңіз тиіс.



Өнеркәсіптегі кез-келген күрделі механизм секілді ми тұрақты қызмет көрсетуді талап етеді. Егер де сіз миыңызға үнемі көңіл бөліп отырсаңыз, күрделі деген мәселелерді де шеше аласыз. Бұл орайда бірнеше пайдалы әдеттер миды мінсіз күйде сақтауға көмектеседі. Себебі, миыңыз үнемі жаттығумен болады. Ал бұл өз кезегінде білім алу үрдісінің жылдам әрі жеңіл болуына жәрдемдеседі.



Спортпен тұрақты түрде айналысып отыру қажет.



Физикалық жаттығулар тек жақсы дене пішімі мен денсаулығыңыз үшін ғана емес, сонымен қатар мидың жұмысы үшін де өте пайдалы. Егер сіз ойлау барысында қандай да бір тығырыққа тап болсаңыз, миыңызды тыныштандыру мақсатында серуендеуге немесе жаттығу жасауға тырысыңыз. Зерттеулер көрсеткендей, күнделікті 15 минуттық жаттығудан кейін адамның есте сақтау қабілеті мен ойының анықтығы және ашықтығы жақсара түседі.



Медитация жасаңыз.



Тұрақты медитация тек қана күйзелісті жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар жадыңызды жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар, медитация кезінде нақты дүниеге назар аудару, көңіл бөлу дағдыларыңыз дамиды. Ал бұл білім алу үрдісі үшін өте маңызды.



Омега-3 қанықпаған май қышқылдарын көп тұтыныңыз.



Бұл қышқылдар миыңыз үшін өте маңызды болып табылады. Себебі, назарды, ойлау жылдамдығын және есте сақтау қабілеттерін қалпына келтіреді. Омега-3 қышқылдары зығыр майы мен грек жаңғағы, жержаңғақ және асқабақ тұқымында мол. Сондай-ақ, арқан балық, скумбрия, сардин және галибут секілді балық түрлерінде болады. Балықтардың миға көмектесетіндігі мәлім.



Уақытылы ұйықтай біліңіз.



Ми дұрыс жұмыс істеуі үшін ұйқыңыз қанық болуы керек. Сау ұйқы кез-келген ақпаратты қабылдау жылдамдығын арттырады, дұрыс шешім шығаруға көмектеседі және мидың жылдам жұмысын қамтамасыз етеді.



Мәселен, сізде ертең маңызды бақылау немесе сессия делік, егер сіз үйренген материалды ұйықтар алдында қайталасаңыз, түнде аталмыш ақпарат жадыңызда мықтап бекітіледі және таңертең сіз тақырыпты жан-жақты талқылап бере аласыз.



Су ішіңіз.



University of East London ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, ішуге арналған су назарды жақсартады, ойлау жүйесіне көмектеседі. Daily Mail желісінде жарияланған тәжірибелердің қорытындысы бойынша шөліркеген адамдар 14%-ға баяу ойлайды екен. Осы себепті, қол астыңызда су болуы тиіс.



Оқудан басқа дүниеге көңіл бөліңіз.



Сіз күн сайын бір ғана әрекетті, яғни жұмыс немесе оқуды ғана ойлай алмайсыз. Себебі, миға кез-келген ақпаратты жинақтап, өңдеуі үшін уақыт керек. Ми демалуы тиіс.



Егер де сіздің бойыңызда қуатыңыз жоғары болса, онда көз бен қолды бірге пайдаланатын хобби тауып алыңыз. Мысалы, қақпақылдау. Зерттеулер көрсеткендей, қақпақылдау мидың жұмысына оң әсер етеді. Адамдар жаңа хоббиді игере бастағаннан кейін қызметінің оң нәтиже беретіндігі дәлелденген.



Бір уақыт көңіл көтеруді ұмытпаңыз.



Күлкі - бұл өз қалпына тез келу қажет болған жағдайда шаршау және эмоциялық күйзелістен аулақ болудың ең жақсы жолы. Сондай-ақ, күлкі шығармашылықты дамытуға және күрделі мәселелерге оңынан қарауға жәрдемдеседі.



Ендігі кезекті мәселе - білім алу үрдісін қалай жеңілдетуге болады?



Миыңызды жұмысқа дайындап алыңыз.



Жұмысты бастаудың алдында өзіңізді алдын-ала дайындап алыңыз. Яғни, бар ойыңыз бен көңіліңізді жинақтау алу қажет. Бұл қадам алдағы уақытта жұмыс істеу барысында туындаған мәселелерді оңынан шешуге және сабырлық сақтауға көмектеседі.



Біреумен бірлесіп оқыңыз.



Білім алу барысында сырттан көмек алуға болады. Мәселен, сіз үйренгіңіз келетін материалға қызығушылық танытатын қандай да бір топ немесе ұжым ішінде, не болмаса жақын досыңызбен бірлесіп оқысаңыз, білім алу үрдісінің жеңіл болары хақ.



Арнайы орын дайындап алыңыз.



Оқу үшін арнайы орынның болуы өте маңызды. Ең дұрысы, бөлме таза, тыныш және жарық болуы тиіс. Дегенмен, бұл жағдайда әркімнің өз таңдауы болады. Мысалы, ауа-райы жақсы және ашық болған жағдайда саябақта немесе жайлы кафеде жұмыс істеуге болады. Осы орайда мына бір жайтты шатастырып алмаған жөн. Ол - білім алуға арналған орын мен ұйықтайтын орынның бір жер болмауы. Әрине, кейбіреуі үшін бұл өте ыңғайлы. Бірақ, бұл сіздің білім алу үрдісіне толығымен көңіл бөлуіңізге кедергілер тудырады.



Метатаным



Білім алу үдерісін жетілдіруге арналған кеңестер метатанымға негізделген. Бұл ұғым өз сана-сезімін тану өнері ретінде анықталған. Сіз өз ой-түйсігіңізді бағалау арқылы алдағы атқаруыңыз тиіс міндеттерге және мақсаттарға қол жеткізе аласыз.



Осы себепті, алдында игерілген материалдың алғашқы әсерінен бас тартыңыз. Ақпаратты тез үйренуге болатын өзге де жолдарды, қандай да бір қиындықтардың туындау себептерін бағалаңыз.



Әр жұмысқа белгілі бір уақытты бөліңіз.



Бір уақытта бірнеше жұмысты атқару - бұл, әрине, үлкен талант. Өкінішке орай, бұл әрекет жұмыстың тиімділігін бәсеңдетеді. Егер де сіз бір кезде бірнеше жұмыспен жүретін болсаңыз, маңызды деген жайттарға дұрыс көңіл аудара алмайсыз. Сондықтан, сізге қосалқы уақыт қажет болады.



Қиындықтардан қорықпаңыз.



Сингапурлық зерттеушілер күрделі математикалық мәселелерді нұсқаулықсыз және көмексіз шешуге тиіс болған адамдардың қындықтарға тап болғанын анықтаған. Дегенмен, бұл адамдар болашақта өздеріне қажетті тың, қызықты идеялар тапқан.



Бұл жайтты «жемісті жеңіліс» деуге болады. Себебі, адам қандай да бір үрдіс барысында шеше алмаған мәселені келешекте өз пайдасына жаратуға мүмкіндік алады. Сондықтан да, сіз сәтсіздіктерден қорықпауыңыз тиіс. Олар сізге әлі де өз пайдасын тигізеді.



Өзіңізді үнемі сынақтан өткізіп отырыңыз.



Нақты сынақты күтуге болмайды. Өзіңізді үнемі тексеріп отырыңыз, не болмаса, досыңызға кішігірім тексеру жұмысын жүргізуді ұсыныңыз. «Жемісті жеңілістер» тек шешім іздеуде ғана көмектеседі. Ал егер сізге емтихан барысында нақты жауаптар қажет болса, онда сұрақтарды жаттау арқылы есте сақтауға тура келеді.



Үйренгіңіз келетін материалдың көлемін азайтыңыз.



Жылдам оқыту жөніндегі оқу құралының авторы Тим Феррис материалды есте сақтау кезінде оның көлемін мүмкіндігінше азайтуға кеңес береді. Қысқартулар немесе рифмалар көмегімен бір немесе екі бетке барлық ақпаратты сыйдырып көріңіз.



Рефераттарыңызды көрнекі элементтермен - графиктермен, диаграммалармен немесе карталармен толықтыру пайдалы.



Алынған ақпаратты қайда қолдануға болатынын ойлап көріңіз.



Нақты деректер мен формулалар туралы айтылған кезде олардың қай жерде қолданылатындығы туралы мәліметтер болмайды. Құрғақ білім көп ұзамай ұмытылып қалады. Ал егер де белгілі бір материалды ұзақ уақытқа есіңізде сақтап қалғыңыз келсе, онда оның үлгілерін шынайы өмірден табуға тырысыңыз. Алынған білімді өміріңізде қалай, қайда және не үшін қолдану керектігін білу - ақпараттың жадыңызда мәңгі сақталуын қамтамасыз етеді.



Әр түрлі әдістерді қолданыңыз.



Түрлі дереккөздерінен білім алуға тырысыңыз. Осының арқасында ақпараттардың жадыңызға сақталып қалуы ықтимал.



Мидың әртүрлі бағыттарының үйлесімді жұмысы ақпаратты қабылдауды және сақтауды жақсартады.



Мысалы, мақалаларды оқу, аудио материалдарды тыңдау, суреттерді қарау, қолмен жазу немесе қайта басып шығару, дауыстап сөйлеу әдістерін қолдануға болады. Ең бастысы, бәрін бір уақытта жасамаңыз.



Алған білімдеріңізді байланыстырыңыз.



Егер өзіңіздің біліміңізді алдында үйренгендеріңізбен байланыстыра алсаңыз, бұл сізге тезірек және тиімді білім алуға көмектеседі. Өз біліміңізді оқшаулап тастамаңыз. Барлық біліміңізбен миыңыздағы әлемнің үлкен бейнесін қалыптастырыңыз.



Сіздің қолыңыздан барлығы келеді.



Өзіңізге сенімді болыңыз және табысқа жетесіз. Бұл тек шындық болғандықтан ғана емес, сонымен қатар адамның өз күшіне деген сенімі ақыл-ойды арттыратындығы - белгілі жайт.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
www.kupiskidku.com