30 Шілде, 2020
Бір аурухананы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен кім?

Осы жауапкершілікті сезінген қала тұрғындары қолынан келгенше жәрдем беріп жатыр. 

Ел торықса, ерге сын. Иә, жай күнде барлығы батыр бола алар, алайда жайсыз күнде көптің жанынан табылғандардың ісі – шын бағалы. Қысылтаяң шақта қол қусырып қалмай, көпке көмек қолын созып жатқандар жетерлік арамызда. Осындай қамыққанға қамқор, жабыққанға жанашыр боп жүрген жанның бірі – «Авто-Лидер Қызылорда» ЖШС директоры Нұрболат Ибраев. Ол темір жол ауруханасына миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, оған 2 оттегі концентратын алып берді. Осылайша сауапты іске үн қосып отыр.


Расында жұтым ауаға зар боп жатқан қаншама науқас бар қазір. Қауіпті індет қос өкпеден қысқанда, дүние түкке тұрғысыз боп қалатынын жан-тәнімен сезініп жатыр олар. Дүние – дүрбелең, айналамыз – астан кестең. Жалқының өмірі жалпыға қарады. Бірдің ісінде береке болмайтыны анық сезілді дәл осы сәтте. Көптің көмегімен ғана төсекке танылғандарды құтқаратынымыз белгілі болды. Қазір ауа беретін аппараттың тапшылығы сезіліп жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл жайында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жасырмай, мәселені тез арада шешуге пәрмен берді. Уақыт қазір бәрінен қымбат. Себебі дем жұтпаған әр секунд індетке іліккендердің өмірін алып жатыр. Сондықтан ұлт болып ұйысып, жұрт боп жұмылып қарекет ететін кез. Бұл қоғам алдындағы, адам алдындағы міндетіміз. Осы жауапкершілікті сезінген қала тұрғындары қолынан келгенше жәрдем беріп жатыр.


Жаһан аты жаман ауруға жұтылып жатқанда, азаматтығынан айнымаған жанашыр жандардың қамқорлығы ауадай қажет. Бүгінде Нұрболат Ибраев секілді елге етене боп жүрген қайырымды жандар қолкөмегін аямауда. Сонымен бірге қала әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы кәсіпкерлерге үндеу жасағанда үнсіз қалмай, ізгілікті іске атсалысқан азаматтарымыз аз болған жоқ. Қала әкімінің бастамасы жомарт жүрек жандардан қолдау тауып, нәтижесінде аз уақытта 41 миллион теңге жинақталған. Оған емдеу мекемелеріне қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен 48 оттегі концентраты алынып отыр. Әрине бұл бірліктің арқасында біткен берекел іс. Сауапты амал алдағы уақытта да жалғаса береді.


Кейіпкерімізді көп адам танитын болар. Себебі игі істің қашанда қасынан табылатын Нұрболат елге дегенде аянып қалған емес. Бұған дейінгі бастамаларын, қоғамдық пікірілерін білеміз. Жабыққан отбасылар мен жағдайы төмен жандарға жомарттық танытып, қоғам алдындағы қайырымды міндетіннен айнымай келеді. Оның осы азаматтығы үшін де көп адам үлгі етеді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» дейтін қазақ нақылын қағидат еткен азамат туған жер үшін тынбай тірлік етуге келгенде тосылмайды. «Елге қызмет – перзенттік парызымыз» - дейді ол. – «Қазір кәсіпкерлер қала әкімінің үндеуіне үн қосуда. Сондықтан біздің бұл бастамадан шет қалуымыз азаматтығымызға сын болар. Осы қоғамның бір мүшесі болғандықтан жауапкершілікті сезінуіміз қажет».


Бұл пікір шындап келгенде қазір қай-қайсымызды да бей-жай қалдымауы керек. Біз тұтас қоғамның бір бөлшегі екенімізді барынша сезінуіміз қажет. Тек кәсіпкерлер ғана емес, әрбір азамат қоғам үшін қолынан келгенін аянбауы тиіс. Сонда ғана індет бізден іргесін аулақ салатын болады.


Пандемия басталғалы «Біз біргеміз» деген жалпы ұранды ту еіп келеміз. Әлбетте бұл ұран тек тілінің ұшында қалғандар да бар. Алайда Нұрболат секілді бірлікті шын сезінген жандар ұранды іске айналдырды. Осы елмен қашан да бірге екенін білдірді. Әлбетте ынтымақ танытсақ ғана барлығын жеңуге болады!

Света АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ

Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден