18 Қазан, 2019
Біздің үйдің өз рухани жаңғыруы бар

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жайлы не білеміз? Толығырақ төмендегі сұқбатта

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жайлы не білеміз? Танымал журналист күнделікті өмірде ұлттық дәстүрді көбірек ұстанама, жоқ әлде евроформатқа жақын ба? Сакралды аймақтарға қаншалықты жиі барып тұрады? Осы және өзге де ақпараттарды толығырақ төмендегі сұқбаттан біле аласыздар. Қызықтырса, мархабат!

Ruh.kz: Ләйлә ханым, қалыңыз қалай? Сұқбатымызды бастап кетпес бұрын, бізбен сұқбаттасуға келісіп, алтын уақытыңызды бөліп келгеніңізге көптен-көп алғысымызды білдіреміз.

Ләйлә ханым: Жақсы, оқасы жоқ!

Ruh.kz: Сұқбатымызға көшсек. Ләйлә ханым, қазіргі таңда сіз еліміздегі танымал журналистердің бірісіз. Бұл жағдайға оңай келмеген боларсыз? Журналистік жолға түсуде қандай да бір қиындықтар туды ма?

Ләйлә Сұлтанқызы: 20-25 жылдық еңбек өтілін тоқтаусыз айтуға болады. Дегенмен ерекше жарқ еткен кездерді айта кетейін. Мұндай кезеңдердің қатарына 90-жылдардың соңында елімізде пайда болған алғашқы қазақ тіліндегі радиожурналистерді, диджейлерді, жекеменшік радиоларды жатқызар едім. Мен үшін ерекше орын алатын 2003-2004 жылдары болған «Superstar.kz» жобасының пайда болып, шарықтауы. Тағы бір дүмпу кез – отандық музыкалық телеарналардың енді-енді жарыққа шығып, қазақ эстрадасының жаңа толқынға толған шағы. Бертін келе, әрине, «Балапан» телеарнасында басшылық қызмет атқардым, «Әйел бақыты» ток-шоуын жүргіздім. Осы 4-5 кезеңді ерекше деп айта аламын. Өйткені сол жылдар шығармашылығымның өрлеуіне себепші болды. Қандай да бір белестер болмасын қасқайып тұруды үйретті. Журналистік тұрғыда қалыптасуым үшін көп мүмкіндік туғызды. Ал енді қызметтегі жолға оңай келу-келмеу – әр адамның өзінің бір жолы. Менің қазіргі жастарға ерекше қызығып та, таңқалып та, кейде тіпті қызғанышпен де қарайтын кездерім бар. Оған себеп – бүгінгі жастарда мүмкіндік өте көп, барлық жағдай жасалған. Олардың міндеті тек түзу жүріп, сабақ оқу ғана. Мен балаларыма өзімнің өткенімді айтқан кезде олар: «Анашым, бір ертегі айтып отырған сияқтысың» дейді. Сол секілді ғой. Кезінде әкем өзінің бастан кешкенін айтқанда олардың сүрген өмірі бізге ертек болды. Балаларға қазіргі жағдайы қалыпты жағдай болып қабылданады. Бүгінгі біздің жетіп отырған жетістіктеріміздің қалай келгені, үлкен қалада өмір сүріп жатқанымызды және т.б. олар біздің көпжылдық еңбектің нәтижесі екенін түсіне береді деп айта алмаймын. Қиын екен деп жылаудың түк қажеті жоқ. Қиындық ол – себеп. Мен сондай себепші болған адамдарды дер кезінде пайда болды деп есептеймін. 

DSC_2400.jpg

Ruh.kz: Бала кезіңізде журналистерден кімге еліктеп өстіңіз?

Ләйлә Сұлтанқызы: Менде біреуге еліктеушілік немесе белгілі бір журналистке ұқсап, сол сияқты болу ойы мүлдем болған емес. Мен ес білгенде, 16-18 жас аралығымда Дана Нұржігіт, Ләззат Танысбай сынды қоғамға белгілі телевизия майталмандары, соның ішінде орыстілді журналистер қатары көп болды. Олардың мансаптары биік әрі халықтың алдында ерекше сый-құрметке ие болатын. Үлкенірек аудиториядан, әрине Шераға, Мәулен Әшімбаевтың әкесі болды, сондай-ақ бізге Зейнолла Қабдолов сабақ берді. Осыған ұқсас оқиғалар өте көп. Барлығы да мақтаныш сезімімен айтатын кісілер ғой қанша дегенмен.

Ruh.kz: Сіз өткен жылдары балаларға арналған еліміздегі алғашқы телеарна – «Балапанды» басқардыңыз. Ол арқылы бүлдіршіндер отандық туындыларды көбірек көре бастады. Қалай ойлайсыз, сіз басқарған жылдары «Балапан» телеарнасы халқымыздың тарихы мен мәдениетін қаншалықты насихаттай алды? Отансүйгіштікке баулитын бейнематериалдар саны артты ма? Сапасы қандай болды?

Ләйлә Сұлтанқызы: Иә, 2012-2017 жылдар аралығында «Балапан» телеарнасында басшылық қызмет атқардым. Бізде анализ жүргізуге мүмкіндік өте аз болды. Дегенмен артықшылығы, маңыздылығы жағынан алдыңғы орында тұрған дүниелермен қатар, салт-дәстүрге де көп ден қойып, ұлттық нақыштағы дүниелерді көгілдір экраннан жиі көрсету қай кезде болмасын алдыңғы орында тұрады. Қазір баланың өмірінде болып жатқан анимация және басқа да өзгерістердің көптігі сонша, барлығының артынан ілесіп отыру мүмкін емес. Қаржы жағынан да ондай мүмкіндік туған емес. Шама жағынан көрермен оған дайын болған жоқ. Алайда салт-дәстүрлерді дәріптейтін жобалар, ескі әдет-ғұрыптарды заманауи форматта ұсыну сияқты дүниелер үнемі бірінші орында тұрды. Солай болып қала береді де. Мен басшылық еткен жылдары азды-көпті жасалған туындылардың бірі – «Әли мен Айя». Оны балалар әлі күнге дейін көріп жүр. Сол кезден ел аузында қалған анимациялардың қатарында «Ғажайыпстанға саяхат» мультсериалы бар.

Ruh.kz: «Балапан» телеарнасы ашылмай тұрып еліміздің өзге арналарында балаларға арналған бейнематериалдар қаншалықты деңгейде болды, сіз басшылық еткен жылдары қалай дамыды және «Балапанның» бүгінгі дамуына қандай баға бересіз? Статистикалық есеп келтірсеңіз.

Ләйлә Сұлтанқызы: Статистика күн сайын көрсетілуде. Бізде қазір талдау жасауға TNS GLB-тың анық мәліметтері бар. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап TNS рейтинг-өлшеуішке кірді. Оған дейін біз қалай анықтадық? Бала жалпы не көреді, қандай бағдарламаларды немесе мультфильмдерді көргісі келеді? Білім министрлігімен бірге біз Қазақстанның барлық мектептеріндегі 1-ші және 3-ші сынып оқушылары аралығында қолдан сауалнама жүргіздік. Мыңдаған, он мыңдаған, тіпті жиырма мыңдаған баланың арасында статистика келтіретінбіз. Олар қандай түсті ұнатады немесе, керісінше, ұнатпайды, қандай кейіпкерді жақсы көреді немесе жақсы көрмейді деген сияқты қарапайым сұрақтар арқылы біз балалардың не қалайтынын анықтадық. Телеарнаға жоба жасап шығару кезінде менің түйсігім немесе бас редактордың пікірі соңғы орында тұрады. Біз барлығын алдын-ала зерттеп, зерделеп барып, артынан материал дайындайтынбыз. Ал қазір TNS-тің арқасында анық айта аламыз. Автоматтандырылған жүйенің көмегімен балапандардың қандай дүниеге қызығатынын, мынадай жасар баланың осындай түсті, не мультфильмді ұнататынын білуге болады. Заманауи жүйе өзі талдау жасап, қолыңа керекті мәліметті ұстатып береді. Сондықтан қазір барлығы өте жеңіл. Бұл телеарнаның дамуына үлкен әсер етеді. «Балапан» телеарнасының қазіргі таңдағы даму қарқыны күн санап жоғарылап, онда балаларды қызықтыратын жобалар саны күн санап арта түсуде. 

DSC_2511.jpg

Ruh.kz: Ұлттық құндылықтар тақырыбынан ауытқымай тұрып сізге бір сұрақ: «Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз? Қызмет жолыңыз сәбилермен де, ересектермен де жұмыс істеуде тәжірибеңіз мол екендігін дәлелдейді. Мемлекетіміз бұл тұрғыда қалай дамып келеді?

Ләйлә Сұлтанқызы: Бұл бағдарламаның керемет екенін онымен басынан бастап дұрыс танысқан адам жақсы түсінеді. Халыққа дер кезінде ұсынылған мақала. Бағдарламаның жүзеге асу-аспауына баға бере алмаймын. Мен «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын концертттік кештермен байланыстырып, сондай-ақ жай ғана бір сөз тіркесі ретінде әр жерде бір қолдана беруге арналған бағдарлама деп түсінбеймін. Менің түсінігімде бұл өзінің тарихын, өзінің тілін, дінін білу және соны сақтап қалу мақсатында жасалып жатқан бағдарламалардың бірі. Аталмыш бағдарламаның арқасында біз жастарға ұлттық құндылықтарымызды көбірек дәріптеп, тарихымызды, шыққан жерімізді, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды насихаттауымыз керек. 

Мен өзім және өзімнің отбасым үшін ғана жауап бере аламын. Біздің отбасы «Рухани жаңғыруды» қалай түсінеді? Соны айтайын. Менің ұлымның сыныптасы ойлап тапқан бағдарлама десем де болар тырнақшаның ішіне алып. Бір күні ұлым сабақтан «Енді бізде рухани жаңғыру» деп келді. Мен түсінбей: «Енді бізде рухани жаңғыруы несі, сонда қалай?» дедім. Балалар өзара сөйлесіп, вирус секілді тарап кеткен ғой.

Түсінікті болуы үшін басынан айтайын. Бағдарламаны оның достары қалай түсінеді? Ұлымның бір сыныптасының отбасы күніге кешкі асын ішіп болғаннан кейін 1-1,5 сағатқа ұялы телефондарын сөндіріп, теледидарды өшіріп, домбыра тартып, кітап оқып, артық ештеңе істемей, тек отбасы болып бір мәселені талқылайды. Және бұл үрдіс күнделікті қайталанып отырады. Демек «Рухани жаңғыру» ол домбырамен күй шерту, болмаса отбасы ішінде күні бойы шұғылданған ісімен бөлісу, қала берді кітап оқу, оны дауыстап оқу деген сияқты дүниелер. Қарап отырсаңыз, бұл отбасы мүшелерінің басын біріктіретін сағат тәріздес. Осыны сыныптасынан естіп келген менің балам бізге келіп айтады. Содан бұл дағды біздің отбасында да туады. Солай балалардан басқа балаларға тарап кетіп, қазір жүзеге асуда. Біздің отбасында «Рухани жаңғыру» үрдісі осылай жүргізілу үстінде. Балаларымның түсінігінде «Рухани жаңғыру» ұғымы кітап оқу, домбыра тарту, сыбызғыда ойнау және т.б. отбасылық 1-2 сағат көлеміндегі шағын демалыс болып сипатталады. Қалада оқитын 10 жас шамасындағы балалардың көбінде «Рухани жаңғыру» осындай сипатта есте қалып жүр деуге болады. Ал балаға дұрыс түсіндіріп отыру ол ата-ананың қолында. Дегенмен мен осының өзіне шүкір деймін. Қаланың орыстілді балалары: «У нас дома рухани жаңғыру» дейді. Керемет емес пе?! Солай айта берсін. Бұл да бір игі істің бастамасы ғой.

Ruh.kz: Алдағы уақытта осы бағытта жобалар жасап, бағдарлама жүргізу жоспарда бар ма?

Ләйлә Сұлтанқызы: Мен негізі телевизиядан кішкене демалғым келіп, осыдан 3-4 жыл бұрын өзіме жоспар құрған болатынмын. Бірақ та осы жазға сәйкес келіп қалды. Жеке кәсіппен айналысуға, отбасына қарауға, әсіресе балаларымның, өтпелі кезеңі келе жатыр соған, көп көңіл бөлуім қажет, оған қоса басқа да қоғамдық шаруаларым бар, осының барлығын ойлай келе кішкене бетбұрыс жасадым. Мен телевизияда бағдарлама жүргізіп, оны басқарғаннан гөрі өзім телеарна ашқым келеді. Қазіргі күні сол жолда еңбектенудемін. Миллиметрлік қадаммен оған да ақырындап келеміз. Болашақта, 1-2 жыл көлемінде, бұйыртса, ол да болып қалар.

Ruh.kz: Арманыңызға жетіңіз!

Ләйлә Сұлтанқызы: Иә, рақмет!

Ruh.kz: Ұлттық дәстүрге қалайсыз яки біз білетін Ләйлә Сұлтанқызы евроформатқа әуес пе, жоқ әлде қазақилыққа жақын ба? Күнделікті тұрмыста қайсысын көп ұстанасыз?

Ләйлә Сұлтанқызы: Қалада тұрғаннан кейін бізде салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар көп жағдайда бала дүние есігін ашқанда, үлкен кісілер үйге келгенде, болмаса бір тағы сондай сәттер болған кезде көбірек еске алынатыны түсінікті деп ойлаймын. Өйткені әр адамның жеке кәсіпте болсын, үкіметте, компанияда және тағысын тағы да шаруалары бар. Ешкім күнделікті өз өмірін салт-дәстүрлермен қабысып жатыр деп айта алмайды. Мәселен, «Қалжа» деген тойдың болатынын осы Елордаға келгелі ғана білдім. Мен тұрған өңірде «қалжа» той болмайтын. Демек жаңғырып жатқан дүниелер өте көп. Жоқ емес, қайта бар. Жастарымыз бұрынғы дәстүрлерді заманауи қылып жасауда. Жарайды, жасасын. Онда тұрған не бар?! Мысалы, өткенде бір бесік тойға бардым. Енді масқара, мен көрген бесік тойдың қасында ол бесік той емес. Сосын қазір құдалар тойы деген шыққан. Қандай күшті. Бесік той, қалжа той, шілдехана той бәрі қазір заманауи түрде өтіп жатыр. Жастар да, үлкендер де соған қызығады. Тек форматы кішкене өзгерген. Әрине, оны сөгетін үлкендер табылар. Әйткенмен жастар қалай жасаса да, бастысы ұмытпай жасап жүр емес пе?!

Ruh.kz: Сүйікті кітабыңыз қандай? Мазмұны жағынан қандай кітаптар ұнайды? Көбіне тарихи ма жоқ әлде заманауи авторлардың туындыларын оқисыз ба?

Ләйлә Сұлтанқызы: Мен Мұхтар Мағауин ағамызды өте ерекше жақсы көремін. Оның әрбір туындысын, жазбасын, кітабын сүйсіне отырып оқимын. Сосын көп жағдайда аудиокітаптарды тыңдаймын. Жапонияның философиясын өзгеше ұнатамын. Соңғы кезде оны өте жиі оқып жүрмін. Мен детективті ұнатпаймын. Шынын айтқанда ұнатпайтын жанрларымның бірі – фантастика.

Осыдан 1-2 ай бұрын «Сұлтанқызы» баспа үйін аштық. Сонда «Меломанмен» бірігіп қазақ тілді жаңа жас авторлардың кітаптарын көптеп шығарсақ деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде проза да, поэзия да, фантантастика да, философия да болады. Бүгінде біз авторлармен тығыз жұмыс істеу үстіндеміз. Қызық болып көрінеді, иә?! Мен ұнатпайтын жанр. Мен жақсы көрмегенмен, ол даму керек бағыттар. Дамысын.

Ruh.kz: Қос ұлды тәрбиелеп отырсыз. Оларға ең алдымен нені айтасыз? Қандай бағытқа қарай жол сілтейсіз? Ұлттық код жайлы ойлары қалай?

Ләйлә Сұлтанқызы: Шынын айтайын, ұлттық код турасын жақсы түсінеді деп айта алмаймын. Дегенмен мына жағдаймен бөлісейін. Екі балама да «Қазақстан тарихы» пәні енді еніп жатыр. Балаларыммен бірге отырып сабақ оқитынды шығардым. Мысалы, өткен жолы баламызбен бірге отырып Қарахан хандығы кезіндегі дәуірді, кеше Исатай Тайманұлының өмірі туралы тақырыпты талқыладық. Олай жасауыма себеп: Қазақстан тарихы пәнін қазір өзім де ұмытып қалдым. 5-ші сыныптан бері қанша жыл өтті. Балаларым сұраған кезде ұятты болып қалмайын деп солармен бірге қайтадан оқып жүрмін. Бірақ мен оны оларға сәл бұрмалап, өздерінің тілімен түсіндіремін. Ерекше қылып, қызығушылықтарын туғызып айтамын, айтуға тырысамын. Мәселен, балам екеуміз бір азат жолды оқып бітірсек, мен оған: «Есіңдеме ме, алдындағы киноғыдай немесе анау шытырман оқиғаға толы «Бакуган» сериалындағы жарқ етіп шыққан кездегідей» деген сияқты дүниелермен сабақтастырып отырып айтамын. Солай кез келген нәрсені бір оқиғамен байланыстырып айтатын болсақ, бала тез қабылдайды әрі қызығады. «Қазақстан тарихы» пәнінен мемлекеттік емтихан тапсырғанда 4 алғанмын. Сонда қатты жылағым келген. Өйткені маған сандарды жаттау өте қиын. Хандардың туылған жылдарын есте сақтай алмай қателесіп, сол үшін бір балымды төмен қойған. Сондықтан мен тарихты басынан бала сүйіп өспесе, ол кейін өзіне қиын боларын өте жақсы білемін. Содан оның көңілі қалуы мүмкін. Менің балаларға болған оқиғаны кішкене қазіргі заманға сәйкестендіріп айтып отыратыным да сол себепті. Олар біліп, есінде сақтап қалса екен деймін. 

photo5280726994570554428.jpg

Ruh.kz: «Балапанда» жүрген жылдары бір редакцияға берген сұқбатыңыздан оқыдық, онда «Балапанда» «Шрек», «Мадагаскар» сынды мультфильмдер көрсетіліп, «Том мен Джерри», «Ну, погоди!», «Маша мен аю» дегендер көрсетілмейтінін айтыпсыз. Тәрбиелік маңызы жоқ, қасқыр темекі шегеді деген сияқты себептермен. Алайда бұлардың барлығы да әлемдік трендтегі танымал мультфильмдер. Өз балаларыңыз осыларды көрді ме?

Ләйлә Сұлтанқызы: Біріншіден, менің балаларым «Маша и медведьті» көретін балалар емес. Ұлдарым ол әзілді түсінбей кетті. Мүмкін олар ержетіп кеткен шығар. Екіншіден, менің «Шрек» мульфильмін көрсетілмейді дегенім әлемдік алпауыт Disney, Sony, Marvel-ға қарсылық бірдіргенім емес. Керісінше, ондай үлкен алпауыттардың франшизалары, яғни олардың жасап жатқан дүниелері көрсетілуі тиіс. Бала қазіргі кинотеатрда көрген дүниесін теледидардан да көре алуы керек. Әрине, арада алшақтық болады. Өйткені телевизия кештеу әрі ол орыс тілінде ашылады. Алдымен бүкіл әлем, содан кейін Қазақстан сатып алады дегендей. Айтқым келіп отырғаны мынау: көрсетілмейді дегенде сөйлемнің бір басы болған шығар, өзіндік себептері болды деп ойлаймын. «Ну, погоди!» мультфильміне тыйым салынған себебі онда қасқырдың темекі шегетін кадрлардың болғаны, «Маша и медведьті» айтар болсақ, Машаның іс-әрекеті кейде ақылға қонымсыз дүниелерге толы болып кетеді. «Том и Джерридағы» бейшара тышқанға тіпті обал енді. Көргенде жаным ашиды. «Бір өлмейтін тышқан. Қанша жаны бар өзінің?» деп күлетінмін. Осылардағы кейбір жағымсыз бейнекадрларды баланың қайталауына қарсылық білдірген болармын. Дегенмен бұлар да бір тарих. Біз солармен өстік. «Ну, погоди!» мультфильмін көріп жүргенде бізге ата-анамыз: «Темекі шегіп тұрған қасқыр дұрыс емес» деп айтпапты. Кейін барлығын психологтар дәлелдегеннен соң барып ақылды бола бастадық қой.

Менің балаларым 5-ші және 7-ші сыныптарда оқиды. Екеуінің де спортқа деген қызығушылықтары өте жоғары. Спортпен қатысы бар барлық дүниелерді қарайды. Сондай-ақ блогерлер, фикерлер, стримерлерді көреді. Қысқасы, балалардың нені көріп-көрмейтінінің барлығы да жас ерекшелігіне байланысты.

Ruh.kz: Руханиятымызды дамытуға қазіргі таңда жетіспей тұрған не нәрсе деп ойлайсыз? Оны қалай іске асыруға болады?

Ләйлә Сұлтанқызы: Біз талдау жасаған кезде баладан не керек екенін сұрамаймыз. Үлкендер балаға сол керек шығар деп барлығын өздігімізше жасаймыз. Бірақ ол балаға шын мәнінде керек пе, керек емес пе, оларды қызықтыра аламыз ба, жоқ па соған мән бермейміз. Менің ойымша, біз кез келген дүниені істер алдында бұл кімге керек және шын мәнінде оған керек пе деген сұраққа жауап алуымыз керек. Бізге бәрібір, өзімізге қызық болса, балаға да қызық көрінеді деп, оларға ұсынамыз. Соңында оны не бала да, не үлкендер де көрмейді. Сондықтан біз талдау жасаған сәттерде дұрыс шешім қабылдағанымыз абзал.

Ruh.kz: Сіз қаз-қатарынан «Менің екінші кітабым» және «Әйел» атты екі бірдей туындыны жарыққа шығарған болатынсыз. Екеуі де мазмұны айтып тұрғандай өзіңіз туралы және әйелдерге арналған. Соны өз аузыңыздан естісек. Кітаптарды шығарудағы мақсатыңыз не болды? Алдағы уақытта тағы жазу жоспарда бар ма?

Ләйлә Сұлтанқызы: Біріншіден, ол коммерциялық жоба. Бір нәрсені анық түсінейік: мен жазушы емеспін және біреудің нанын тартып алу менің ойымда да жоқ. Екіншіден, егер талдау жасайтын болсақ, қоғамға керек болатын нәрселер болады. Яғни барлығы сұранысқа байланысты болды. «Әйел» кітабы менің «Әйел бақыты» бағдарламасын жүргізгеніме тікелей байланысты деп ойлаймын. Өйткені сол кезде мен әйелдер қауымынан тым көп хаттар алдым. Дәл сол сәтте ол тақырып өте өзекті болды. Келесі бір он жылдықта қандай кітаптар өзекті боларын мен білмеймін. Әр дәуірдің өз талабы болады. Мен енді өзім автор болмай, басқа авторларға мүмкіндік бергім келеді. Яғни баспа үйіне көбірек көңіл бөлінсе деймін. Кітап жазу жоспарда жоқ, ал басқа авторлардың дүниелеріне қолдау жасау жоспарда дегендей. Бұл коммерциялық жобалар екенін үмытпаған жөн.

Ruh.kz: Ләйлә ханым, енді соңғы сұрақ: Қаақстанның сакралды аймақтарының ішінде соңғы барған жеріңіз? Тарихи-мәдени орындарға саяхат жасағанды ұнатасыз ба?

Ләйлә Сұлтанқызы: «Баба түкті Шашты Әзіз» әулие кесенесі. Ол Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылы, Жылыбұлақ жерінде орналасқан. Яғни, сол киелі өңірде үлкен әулие жатыр. Мен Қызылкөлдің келінімін. Менің сонда жолым түсіп, барып қайтқанмын. Ол жердің құдіреттілігі жайында көп айта беруге болады. Оның ішінде: басындағы бұлақ туралы, жылан көрінетіні жайлы және т.б. бар. Әулие жайында халық арасында әртүрлі аңыз әңгімелер тараған. Шырақшының айтуынша, бір аңыз әңгімеге сүйенсек, кесенеге келушілердің бәрі бірдей дұға ете алмайды. Қара ниетті адамдардың көзіне жылан көрініп, үркітіп, ішке кіруіне тосқауыл болады. Сакралды аймақтарға жиі барамын деп айта алмаймын. Бірақ мүмкіндік туып жатқан жағдайда балаларыммен баруға тырысамын.

Ruh.kz: Уақытыңыздың тапшылығына қарамастан келіп, бізбен сұқбат құрғаныңызға тағы да көп-көп рақмет айтамыз! Алдағы уақытта қызметіңізде табысты болыңыз!

Ләйлә Сұлтанқызы: Иә, Сізге де рақмет!

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден