19 Маусым, 2019
БРОНДАҒЫ БІР КҮН

Тәртіп сақшыларының бір күні қалай өтеді? Айтыла бермейтін ерліктері туралы не білеміз?

«Ақ» деген түс бар. «Қара» деген де түс бар. Тура осындай ниет пен іс те бар. Екеуінің қосындысы «ала» екенін естен шығарып алмаңыз. Қоғам кейін келе осы сөзді қолданбай жүр. Тіптен қолданбай-ақ қойды. Не ақ дейді, не қара дейді. Екеуінің ортасын ұстауды мүлде ойламайды да.

Кейінгі жағдайды алып көрелік. Көпшілік (оның ішіне ас үйдің саясаткерлері, елбасының бір кітабын оқымаған «зиялы топ» һәм жеке басының сәтсіздіктері үшін жат біреуді кінәлі деп қабылдағанды ұнататындар, т.б. кіреді) елдің тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларын, әрқайсысы өз ісімен айналысып жүрген мемлекеттік қызметкерлерді, «негізі былай ғой» деп пікірін білдіріп, билікті жақтағандарды «халық жауы» деп «қара тізімге» енгізіп қойды. Дұрыс айттың ба, саралап сөйледің бе, көрген-білгеніңмен бөлістің бе бәрібір. «Олар жаман» дегенді айтпаған екенсің, сен де сол «қара тізімнен» табылғайсың. Анығында ше? Жоқ, анығында емес, басқа қырынан қарап көрсек ше?

Тәртіп сақшылары немен айналысады? Жұмыстары қалай және қашан басталады? Олар нені қалайды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп қалалық патрульдық полиция қызметкерлерінің жанында бір күн жүріп көрдік. Жұмыстарының басы-қасында болып, немен не үшін айналысатындарына зер салдық. Сақшылардың қандай жағдайда қандай шаралар қолданатынын, осындай тынышы аз қызметке қалай келгені туралы толығырақ тарқатайық. Нұр-Сұлтан қаласы патрульді полиция полкі командирінің орынбасарының қызметін атқарушы, полиция майоры Байсаматов Дәулет Альбекұлымен күн басында аз-кем әңгіме өрбітіп алған едік. 

Дәурен Альбекұлы.jpg

Ruh.kz: Қайырлы таң! Бірден іске көшелік. Бір күніңіз қалай өтеді?

Дәулет Альбекұлы: 6:30 да жұмысқа келемін. Сапқа тізіліп тұрған тәртіп сақшыларын жұмыс жоспарымен таныстырып, қаруларын алған қызметкерлерді қаланың әр жеріндегі орындарға жібереміз. Жігіттер таңғы сағат сегізден кешкі сағат сегізге дейін өздеріне тапсырылған аймақтардың тыныштығын күзетеді. Күндізгі жұмыс уақыты осындай.

Ruh.kz: Сегізден сегізге дейін қызметкерлер немен айналысады?

Дәулет Альбекұлы: Қоғамның тыныштығын күзетеді. Адам көп жиналатын орталықтарда, саябақтарды ірілі-ұсақты заң бұзушылықтардың болмауын қадағалап, болған жағдайда тиісті шаралар қолдануды өз міндеттеріне алады. Қоғамдық тыныштық болсын, ұрлық болсын, жол-көлік оқиғасы болсын, бәрі-бәрі біздің жігіттердің жіті назарында.

Ruh.kz: Жұмыстарыңыз қаншалықты қиын деп ойлайсыз?

Дәулет Альбекұлы: Қиын деуге болмайды. Себебі полиция қызметіне жайдан-жай ешкім келмейді. Бұл қызметке 18 жасымнан дайындалдым. Осы қызметке ие болу үшін кім болмасын барлық дайындықтан, шеберлік сабақтарынан өтеді. Жарамдылығын, дайын екенін көрсету үшін арнайы тапсырмаларды орындайды. Осының бәрінен өтіп келген азамат үшін «қиындық» деген жат сөз. Меніңше, жігіттердің бойында елордамыздың патрульді полициясы болғандары үшін мақтаныш сезімі басымдау.

Ruh.kz: Отбасыңызда сізден басқа полиция қызметкерлері бар ма? Ұлдарыңыз сіздің ізіңізді басамыз десе қарсы болмайсыз ба?

Дәулет Альбекұлы: Жоқ. Отбасымда осы жолды таңдаған мен ғана. Ал ұлдарыма қатысты айтар болсам, мен қолдар ем. Бірақ, аналары қолдамайтыны анық. Өйткені мен үйде сирек боламын. Таңертең ерте кетіп, кешке тым кеш қайтамын. Олар мені демалыс күні ғана көреді. Сондықтан мен қолдаған жағдайда да жолдасым бұған қарсы болары анық (күліп).

Ruh.kz: Ғайыптан тайып, 25-сағат пайда болса, оны қайда жұмсар едіңіз?

Дәулет Альбекұлы: Не кітап оқимын, не спортқа арнаймын. Кейде осындай өзің үшін пайдалы дүниелерге уақыт таппай жатамыз.

Ruh.kz: Заңды қандай жастағы адамдар көп бұзады? Жастар ма, ересектер ме?

Дәулет Альбекұлы: 18 бен 30 жас аралығындағы адамдар мен 30 дан асқандар арасында салыстырар болсақ біріншісі көп бұзады. Бұл жастықтың салдары. Қызу қандылық, ойланбай қадам жасау жастыққа ғана тән. Одан әрі ақыл тоқтатып, отбасын құрған соң жаңағы қасиеттері бірте-бірте бәсеңдей береді.

Ruh.kz: Бір кездері атты патруль болып еді. Қазір алып тастады. Атты патрульдің пайдасы мен кемшің тұстарын айта өтсеңіз?

Дәулет Альбекұлы: Біздің бөлім аумағында аттарға арналған орын болған. Аулада аттардың шығар есігін де көре аласыз. Атты патрульмен жұмыс істеп көрдік. Қаладағы кей аудандардың, кейбір көшелердің жолын көріп те жүрген боларсыз?! Түзу жолға арналған көліктермен ойдым-ойдым жерлерге бару, әсіресе, жедел жету керек болған жағдайда қиындап қалады. Осындай жағдайларда атты потруль таптырмайтын күш. Ол оталмай қалып, әуреге салмайды, оның жанармайы бітіп қалмайды. 

Ержан Маратұлы.jpg

ЕЛЕНБЕГЕН ЕҢБЕК

Патрульді полиция полкінің инспекторы, аға лейтенант Алтынбеков Ержан Мұратұлы 2009 жылдан бері ішкі істер қызметінде абыройлы еңбек етіп келеді. Бала жастан қызыққан мамандығына адалдығын іспен дәлелдеп-ақ жүр. Осындай еңбектер мен жанашырлық неге айтылмайды, неге жаппай таралмайды? Көрмейміз бе, көргіміз келмей ме?

«Бейбітшілік 1 мекенжайына тез жету керек» деген пәрмен келеді. Белгілі бір себептермен пәтерін өртемекші болған адамды бұғаттау керек. Аталған пәрменді орындау үшін бар-жоғы 3 минутта көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері үй тұрғындарын далаға шығарады. Өрт басталған жағдайда жарақат алып қалмасы үшін жасалатын алдын алу шарасы бұл. Есіктерін қағып, біртіндеп қауіпсіздік шараларын қолданып келе жатқан тәртіп сақшыларына төртінші қабаттың сол жағындағы пәтер есік ашпай қояды. Қауіптенгендей 5-6 минутта көпқабатты үйді түтін торлайды. Тәртіп сақшылары жұмыстарын тоқтатпай біршама уақыттан соң аталған пәтердегі (кейін анықталғандай) мүгедек ақсақалды көтеріп, сыртқа шығарып, өміріне төңген қауіптен құтқарып қалады. Тұрғындарға төніп тұрған қауіп сейілген соң өрт қойған азаматты ұстау шаралары ұйымдастырылып, абыроймен аяқталады. Өрт сөндіріледі. Заң бұзушы бұғатталады. Тұрғындар дін аман үйлеріне оралады.

P.S.: Елорданың қауіпсіздігін міндетіне балайтын жігіттер күніне осындай шаралардың төрт-бесеуін абыроймен атқарып шығады. Өмірін қауіпке орайтын себебі – қызметіне деген адалдығы ғана. Сол күні жанарын жуған жасты сүрткілеген қолдарын жайып тұрып, тәртіп сақшыларына амандық тілеген тұрғындар осы жігіттердің құрығанда аты-жөнін біле ме екен?! 

0Z9A6371.jpg

ТЫНЫШ БОЛСЫН ТҰНЫҚ КҮН!

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жол патрульді полиция қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Ахметов Аслан Ибрагимұлы таңғы сағат сегізден бастап өзіне тиісті аймақтың тәртібін күзетіп жүр. Сауда орталықтарының бірнешеуі орналасқан аймақтың құрамында мешіт те бар. Демек, адам көп жиналатын, көлік көп жүретін жер. Сол аймақтағы үлкенді-кішілі ұрлық істері, заңсыз саудамен айналысатындарды тыйу жұмыстары, көлік жүргізушілері арасындағы дау-дамайдың шешімі Аслан Ибрагимұлының мойынында.

Жаз уақыты болған соң заңсыз сауда әдеттегіден едеуір есе көбейіп, велосипедтердің, көліктердің, тіпті ұсақ заттардың да ұрлықтары туралы шағымдар үсті-үсті түсіп жатады. Көшеде сенделген үйсіздер базар арлап жүрген адамдардың мазасын алмау үшін, күдікті болып көрінген адамдардың құжатын тексеріп, басқа да түрлі заң бұзушылықтардың алдын алу үшін бірнеше полиция қызметкері тынымсыз еңбек етіп келеді.

Күдікті азаматтардың құжатын тексеру кезінде несиесін өтемей жүргендер, алиментін төлемей жүргендердің бірнешеуі анықталып, бөлімшелерге апарылып, заң бойынша жауапқа тартылады. Сондықтан тәртіп сақшылары құжатыңызды сұраса оған кейудің қажеті жоқ. Заң бұзушы болмасаңыз заң сақшыларынан қорықпағайсыз... 

0Z9A6543.jpg

САЯБАҚ САҚШЫЛАРЫ

Заңсыз сауданың һәм азаматтардың тыныштығын бұзатын ұсақ заң бұзушылар жаз мезгілінде саябақтарды «паналайтыны» да бар. Көрікті қаламыздың көрікті жерінің бірі ботаникалық саябақтағы тәртіпті Нұр-Сұлтан қаласын потрульді полиция қызметкері Дулат Ахметқалиұлы қадағалап жүреді.

Айта кетерлік жайт: «ЕХРО-2017» көрмесі ұйымдастырылған жылы қаламызда саябақтар мен тар көшелерде жүруге ыңғайлы электромобильдер пайда болған еді. Екі жарым сағат қуатталатын бұл шағын көлік төрт жарым сағат бойы жүре алады. Жылдамдығы – 25 км/сағ. Аталмыш шағын көліктердің көмегімен саябақтардың арғы шеті мен бергі шетіне жету уақыты едеуір қысқарып, тәртіп сақшыларының қызметі едеуір жылдамдады. Бұл оқыс оқиға орнына тез жету, заң бұзушыларға жедел ескерту жасау үшін жасалған тамаша қозғалыс құралы.

Осындай көліктердің бірі Дулат Ахметқалиұлының да еншісінде. Көлік туралы, жүргізілген һәм жүргізілетін жұмыстар туралы біршама мағлұмат біліп, қызметтің маңыздылығын түсініп қайтқан сыңайлымыз. 

0Z9A6601.jpg

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ, ЖАРАЙ МА?!

«Жарқанаттың ұясын аламыз» деген хабарландыруларды көрген шығарсыз? Жарқанат ұя салмайтын құс екенін ескерсек бұндай жарнаманың көздегені не? Тарқатып көрелік:

Жарқанат қыста ұйықтайды. Ұя іздеушілер үңгірлерге барып, жарықтарымен, дабырлаған дауыстарымен құстарды оятып жібереді. Оянған жарқанат қайта ұйықтай алмайды да, қатып өледі.

Жарқанаттың бір жылда азық ретінде пайдаланатын құрттары мен шегірткелерін есептегенде, бір жарқанат бір алқаптың амандығы екені анықталады. Жарқанат жоқ. Алқаптағы егінді аман алып қалу үшін шегірткелер мен құртты жоятын дәрі шашу керек. Ал сол дәріні өндіретін не сататын адам анау басында «жарқанаттың ұясын алам» демегеніне бәстесесіз бе?

Тура осылай тәртіп сақшылары мен полиция қызметкерлері бір аптаға жоқ болып кетсе ше? Өмірді елестете аласыз ба? Тоналған дүкен, соғылған көлік, соққыға жығылған адамдар (бетін аулақ қылсын). «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз бар. Жанымызда жүрген жақсылардың сіз бен біздің тыныш өміріміз үшін үнсіз етіп жүрген еңбегін бағалайық. Сөзбен емес, іспен бағалайық! Саналы түрле саралап, ақты ақ, қараны қара, аланы ала деген жөн.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР:  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘСКЕРИ КҮШІ

                                          ҰЛТ БЕСІГІ – ҰЛЫТАУ


Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz