23 Наурыз, 2019
# Наурыз-2019:Бұлақтың көзін ашу рәсімі өтті

Біздің журналистер қазақ халқы үшін дәстүрлі, байырғы, дала мейрамы болған Әз-Наурыз тойы қарсаңында Астана қаласындағы №46 Самал санаториялық балабақшасына арнайы барып қайтты. Түсірілім барысында көптеген рәсімдер мен қызықты шаралардың куәсі болдық...


№46 санаториялық балабақшасы ауласының табалдырығынан аттай бере, “бұлақтың көзін ашу” рәсімі басталып кетті. Жиналған жұрт бұлақтың маңайындағы ағаш-тастарды алып тастап, айналаны тазартып, қай тұстан бұлақ ашылады екен деп жапа-тармағай іздей бастады. Аяқ-асты ақсақал бұлақтың көзін тапқан сәтте сарқыраған судың дыбысы құлаққа келді. Сонда айнала түгел табиғатпен жанасып кеткендей әсерде болды. Бұл дәстүр -  тазалықтың, жаңарудың, үкілген ақ үміттің нышаны іспеттес! Осы бір шақта қазақ дәстүрінің қайта жаңғаруының куәсі болғандарына қай-қайсысы болмасын айрықша риза еді.



Іс-шараға барша ата-аналар мен №46 санаториялық балабақшасының меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызы, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Астана қаласындағы филиалы Басқармасының төрайымы Назгүл Абдрахманқызы қатысты. Назгүл ханым өз кезегінде “Бұл наурыз тәрбиесінде - ұрпақ жалғастығы, ұлттық дәстүрмен таныстырып, бабалардың салт-дәстүрін сіңіру, олардың жасағандарын жаңғырту жатыр. Қазіргі рухани жаңғыру процесінде балабақшаларда ұлттық салт-дәстүрлерді пайдалана отырып, тәрбиелеудеміз. Бәрі де “жүгіріп келме, босағаны керме, табалдырықты баспа” деген ырым-тыйымнан басталады ғой. Балаларға тұсаукесер, шілдехана, бесіктің де қасиетін түсіндіріп, бойларына сіңіруге тырысып жүрміз.” деді.





Ал Балауса ханым наурыз мейрамына деген өзінің жеке көзқарасын білдірді: “Бізде балабақшамызда орыс топтары да, қазақ топтары да бар. Мен ылғи айтамын наурыз мерекесін тек қана ұлтымыздың жеке мерекесі деп қарауға болмайды. Біздің балабақшамыз денсаулық кластері бойынша балалардың денсаулығын сақтау және нығайтуға көп көңіл бөлеміз.



Себебі, бұл балабақша санаториялық. Адамның денсаулығына бірінші орында әсер ететін ол - табиғат. Жалпы, біз әуелі наурыз мерекесі неліктен мереке болып табылады деген сұраққа жауап беруіміз керек. Сонда көп ұлтты ата-аналардың, аудиториямның алдында айтамын: “Құрметті ата-аналар, бұл күн - бүкіл әлемдегі күн мен түннің теңесу күні. Күн де, түн де, бүкіл жер шары да бәріне бірдей. Сондықтан, бұл бүкіл адамзаттың мерекесі деп түсіндіремін. Ата-аналар менімен толық келісіп, қуанып жатады. Жалпы, бұрыннан келе жатқан кішкентай баланы тәрбиелеу барысында табиғатқа үйлестіру қағидасы деген болған. Баланың табиғатына, жас ерекшеліктеріне, күнделікті өзгеріп отырған сана-сезіміне қарай үйлескен тұрғыда тәрбие беруіміз керек. Енді былай алып қарасаңыз, осының бәрінің өзара байланысы қандай? Сонау ата-заманнан тойланып отырған, көптеген эникалық топтар тойлап жатқан наурыз мейрамының мән-мағынасы барлықтарыңызға да жақын ба екен,  наурыз мерекесі сіздердің де мерекелеріңіз бола ала ма деп сұраймын. Бір ауыздан бола алады дейді. Солай түсіндіре отырып, наурыз мейрамына шақырамын. Наурызды тойлау барысында тек қана әдемі ән-би ғана тыңдап қоймай, сондай-ақ міндетті түрде ырым, салт-дәстүрлермен де таныс болуларыңыз керек. Себебі, салт-дәстүрлерді баланың бойына сіңіре отыра, табиғатқа деген дұрыс қарым-қатынасқа тәрбиелейміз деймін.”



Рәсімге қатысушылардың дені - аталмыш балабақшаның өз қызметкерлері. Бірі ақ жаулықты әженің, ақсақалдың, ал қалғандары сал-серілердің рөлін нақышына келтіріп шебер сомдап берді. Мұнда баянның қосылуымен әуелеген ән де, би де, бата да бәрі-бәрі болды. Ашық аспан астында өткен бұл дәстүр көрінісінен соң апалар “Келіндеріміз осы әдемі бұлақтың суымен шай қойыпты, дастарқан басына барсақ!” деп баршамызды жайылған мол ақ дастарқанға, әрі қарай концертті тамашалауға шақырды. Қазақы нақышта сәнделіп, өрнектелген сахнада қызылды-жасылды төгілген салтанатты көйлектерін, оюлы шапандарын киген ұл-қыздар өнерлерін бірінен соң бірін ортаға салды. Қалалық байқаулардың жеңімпазы Айбар есімді жігіт хакім Абайдың, Мұқағали атасының өлеңдерін зор даусымен кезекпен-кезек қайта-қайта оқыды. Бесінші өлеңге келгенде бірақ әрең тоқтады. Мұндай дарынды, асқақ рухты балаларды көріп, еріксіз тәнті болдық.



Тағы бір назарымызды аударғаны – қуыршақ театрының қойылымы мен балабақша тәрбиешілерінің балаларға арнап ойлап тапқан ұлттық ойындарын ақылды тақта арқылы көрермендерге көрсеткендері. Аталмыш балабақша меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызының айтуы бойынша, ол қол астындағы әр қызметкерінің бойындағы беймәлім таланттарының ашылуына да кішігірім өзіндік септігін тигізіп жүрген көрінеді. Осы шарада да өмірінде ән айтпағандары ән айтып, аспапта, мәселен баянда ойнап көрмегендері де, шара барысында емін-еркін тартып жүрді. Біз аталмыш іс-шараның сценарийін басынан аяқ тамашаладық. Шығармашыл ұжымның бәрін жан-жақты, мұқият ұйымдастырғаны айқын аңғарылып тұрды. Әркімнің–ақ өз үлесі бары сезілді.



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,



Ruh.kz



 


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz