9 Шілде, 2020
COVID-19: Жылқы еті мен саумалдың пайдасы

Ет – тағамдық құндылығы бай азықтың бірегейі. Оның құрамы тіршілік иелеріне аса қажетті, пайдалы заттарға толы. Бір сөзбен айтқанда, ағзаңызды В1, В2, В6, РР, В12 дәрумендері мен фосфор, темір, калий, натрий, күкірт, мырыш, мыс секілді элементтерге толықтырғыңыз келсе, дереу ет өнімдерін тұтынуды қолға алыңыз. Бүгінгі тақырыпты жылқы етінің пайдасына арнадық.

dd2e314bf27e15b05885ea70b73ccec4.jpeg

Жесең ет, ішсең сусын, мінсең көлік...

Жылқы – төрт түлік малдың ішіндегі ең естісі. Ерекшелігін тізе берсең, ілмекке іліне береді. Біріншіден, бие кез келген шөпті жей бермейді, таза асты қорек етеді. Екіншіден, айғыр бөтен жылқыларды үйіріне жолатпайды. Үшіншіден, жылқылар иесінің көңіл-күйін бірден сезеді. Егесі өзіне ұнаса, шынайы беріледі. Одан бөлек, оның есту, көру, иіс-дәм сезу мүшелері өзге жануарлардан әлдеқайда артық. Тіпті артқы жағын да толық көре алады. Өйткені көру аумағы 360 градусқа барады. Жер сілкінісін алдын ала болжай алатын жануарлардың қатарында да жылқы бар. Бәрінен бұрын жылқының етінен әзірленген ыстық сорпаның адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Бие сүтінің емдік қасиетін қазір әлем медицинасы мойындаған. Қалалық жерлердегі дәріханаларда жылқы сүтінің дәрілік түрі де сатылады. Батыс елдердің медицинасы бие сүті мен қымызды дәріханаларда сатуды 1980 жылдардан қолға алған.

2.jpg

Жылқы еті мен сүтінің пайдасы қандай?

Жылқы етінің құрамында 20-30% ақуыз, сегіз түрлі микроэлемент және жеті түрлі дәрумен бар. Сиыр мен қой етіне қарағанда жылқы етінен дайындалған ас оңай қорытылады. Қараша мен желтоқсан айлары нағыз соғым соятын уақыт болғандықтан сол кезде мүмкіндігі келген әр қазақ шаңырағы қысқы азыққа жылқы сояды. Неге күн салқындаған сәтте сойылады десеңіз, жылқы еті ыстық болады. Көшпенді қазақ қараша үйден үйге көшіп-қонып жүргенде, аязды уақытта жылқы етінен әзірленген құнарлы сорпа мен еттен қуат алатын болған. Тағы бір артықшылығы – жылқының семіз етін қанша жесең де, майы жүрекке тимейді. Салқын тигенде, сорпасы суықты тартып әкетеді. Бүйрек ауырғанда қақталған жылқы етін пісіріп, сүт қосып ішсеңіз, сауықтырады. Жасушаларды жаңартып, ретке келтіріп отырады және бойға энергия беретін қасиетке ие. Сонымен қатар жылқы еті жүрек пен қан тамыр ауруларына ем. Оған қоса, қан қысымының жоғарылауын тежеп, инфаркттің алдын алады. Жылқы майы адамның жілік майын жақсартып, сүйек пен буын ауруларынан сақтайды. Қасиетті малдың жүрегін жесеңіз, ми қызметін қалыпқа келтіріп, есте сақтау қабілетіңіз жақсара түспек. Ал, қазақ халқының ежелден құрметті, сыйлы қонағының табағына ғана салатын жылқының жал-жаясын қазіргі мамандар әсіресе спортшылардың денсаулығына көбірек пайдалы екендігін айтады.

altai_mare_milk_farm.jpg

Қолда бағылған жылқы етінің құрамында орташа пайыздық есеппен алғанда 50-70% су және 5-30% май болады. Әсіресе, жылқының бауыр еті темір, фосфор, амин қышқылдарына және де А1, В2, В12 дәрумендеріне бай келген. Бәрінен бұрын жылқы еті ақуызға өте толы. Онда 15-20% ақуыз бар. Егер ағзаңызға ақуыз жетіспесе, дереу көңіл-күйіңізге әсер ететіні даусыз. Иммунитетіңіз түсіп, әлсіреуіңіз күшейеді. Тамақ жеуге тәбетіңізді азайтып, түрлі инфекциялық ауруларға душар етуі мүмкін. Ақуыз тапшылығы улану мен депрессиялық жағдайларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Семіру кеселі, атеросклероз, қан тасуы, жүрек, бауыр, асқазан, буын сүйектерінің сырқырауы, несеп жолдары секілді ауруларға шалдыққан адамға жылқы етінің пайдасы зор. Тағы бір дәлелденген факт: жылқы еті белсіздіктен сақтайды. Адамның сүйегі сынып, дұрыс салынбай, қайтадан қалпына келтіру керек болған кезде жылқының майымен сырқаттың сүйегін жұмсарту қазақтың халық емшілігінде ертеден бар. Себебі, жылқының қазысы бірнеше күн таңып қойса кісі сүйегін жұмсартып жібереді. Сондықтан жазы ыстық, қысы жылы өңір адамдарының жылқы майын тартынып жегені жөн. Сонымен қатар, мамандар тұжырымына қарағанда жылқы етін үнемі жеген адамдар организмінде қартаю процесі өте кеш басталады.

Жылқы етінде сүт, аконит, лимон, янтарь іспетті бірнеше органикалық қышқылдар көп болады. Бұл дегеніміз жылқы етін тұтынған адамның ағзасындағы қышқылдарда заттар алмасуы шапшаңдап, ас қорыту жүйесі жақсарады, ішектегі ыдырау процесі төмендейді деген сөз. Сондай-ақ жылқы етін диеталық терапия кезінде де қолдана аласыз.

Жоғарыда жеті қазынаның бірі – жылқы малының пайдалы жағының тек бір бөлшегі ғана айтылды. Жылқының қақталған етінен сорпа қайнатып ішудің пайдасы бір бөлек, оның саумалының пайдасы бір бөлек. Саумал – көптеген ауруға шипа. Оның құрамында ақуыз, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар мен С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Қысқасы саумалда 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар. Саумал өкпе, асқазан, бауыр ауруларының алдын алады, қан құрамын реттейді. Бастысы – иммунитетті көтеріп, күш-қуат береді. Саумал туралы тағы бір факт: қатерлі ісіктің алдын алады, тіпті жеңіл, енді басталған түрлерінен айықтырады.

DKqHC-JW0AEoLVs.jpg

Саумал мен жаңа сауған бие сүтін қалай ішеді?

Жаңа сауған бие сүтін ашыту үшін қымыз араластырған сусынды қазақ халқы ежелден «саумал» дейді. Ал, саумалдың шипалық қасиетінің күштілігін медицина да көп жылдар бұрын дәлелденген.

Сондай-ақ, жаңа сауған бие сүтінің емдік қасиеті өз алдына бір бөлек. Бие сүті сауғаннан соң 2 сағатқа дейін күшін жоймайды. Бірақ дәрігерлер кеңесіне қарағанда, сауғаннан кейінгі 15 минуттың ішінде ішкеннің пайдасы көбірек. Биені 1 сағатқа жуық уақыт аралығымен күніне он ретке дейін сауады. Әр сауғанда биелердің сүттілігіне қарай 0,3 литрден 1 литрге сүт сауылады. Егер күніне 0,5 литр бие сүтін немесе саумал ішсеңіз, «С» дәруменінің ағзаға қажетті тәуліктік мөлшерін аласыз. Мамандар саумалды тоқтамай ішуге де кеңес бермейді. Демалып, араға уақыт салып ішкен дұрыс. Мысалы, 10 күн ішіп, 10 күн үзіліс жасаған жөн.

eda-myasnye-blyuda-zelen-rostbif-1128674-1300x675.jpg

Жылқы еті мен саумал – пандемия уақытында адам ағзасына қажетті табиғи дәрі.

Коронавирустың бірден-бір жауы – иммунитеттің күштілігі. Тәжді тажалға ең керегі – адам ағзаның әлсізденуі. Мамандар дәл осы уақытта «С» дәрумені бар тағамдарды көбірек тұтуға кеңес береді. Жылқы етінен әзірленген сорпа иммунитетті нығайтудың тапсырмас жолы. Биенің жаңа сауған сүті мен саумалы болса, «С» дәруменімен байытылған. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын!

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден