3 Шілде, 2019
ДЕМОКРАТТЫ ҰСТАЗБЕН КЕЗДЕСУ

Демократты ұстаз дегеніміз кім? Ұстаздың бұл түрі сіздің жолыңызда кездесті ме? 


Адамзаттың пайымдауынша, музыка біздің өміріміздегі ерекше құдыретке ие күш. Музыканың күшімен адамның жаны тыныштықтың алқабында рақат тауып, өзінің өмір жолына шабыт алады. Өте көне аңыздардың бірін есімізге түсіретін болсақ: «Ерте заманда аспан Құдайларының қасында өмір сүрген Музыка өте сұлу, әрі нәзік жанды болған-ды. Оның сұлулығын әлемдегі ешбір жан сөзбен жеткізе алмаған. Музыкаға ғашық болып, құсалықтан дүниеден озған бейбақтар көп болған. Күндердің бір күнінде Музыка өзі секілді бір келбетті бозбалаға ғашық болып, өзінің аспандағы мекенін тастап, оның жары болуға келіседі. Сұлудың бұл әрекетін білген аспан Құдайлары ғашықтардың артынан дауыл желді жібереді. Құдайлардың бұйрығын орындау үшін қатты жел Музыканың бар болмысын жойып, оны жер шарының ауасымен араластырып жібереді. Алайда, Музыканың өзі жойылғанымен оның жаны әлі күнге дейін ғашық. Ол ғашықтықтан күледі, қиналады, шабаттанады. Музыка бар адамзаттың жүрегінде мекендеп қалды. Оның көңілді, нәзік және мұңға толы, әрі кеудеге сыймай кететін ұлы әуендері қашанда үлкен құрметке ие болатыны анық.

Өзінің өмір жолын музыка әлеміне арнаған жандарды қаншалықты жақын білесіз? Иә, олардың барлығы да көгілдір экрандарда, әлеуметтік желі парақшаларында және де түрлі концерттер мен салтанатты жиындарда бой көрсетіп жүреді. Өнер әлемінің адамдары бізге жақын, бірақ сол мезетте алыс та болып көрінеді. Майталмандардың жанын жақсы ұғыну үшін, олардың жеткен жетістіктерінің артында қандай еңбек тұрғанын білу үшін, шәкірттерімен жақын таныс болу керек сияқты.

Батыржан Смаков - Классикалық өнер сахнасында өзінің салып келе жатқан жолы бар ерекше музыкант. Ол қазақ опера өнеріндегі жалғыз контртенор. Батыржанның өмір жолы қиындыққа толы. Бірақ кездескен өмірлік кедергілерге қарамастан жас талант өзінің өмірін классиқалық өнерге арнады. Италияда алған білімін жеке қарабасының пайдасы үшін емес, еліміздің дамуы жолына салды. Ол Италияның көне қаласы Римминиде білім алып, сол жерде бірнеше жыл тәжрибесін шыңдады. Опера өнерінің елінде қалу мүмкіндігі үлкен болғанымен, Батыржан елге оралу ойын қашанда өз жүрегінен айырмаған. 2016 жылы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Айман Мұсаходжаеваның шақыртуымен бас қаламыздың бас өнер ордасына қызмет атқаруға келген жас ұстаз «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы жеңімпаздары қатарынан да табылды. Жалпы Батыржан туралы ауыз толтырып айтуға болатын дүниелер өте көп. Сол үшін елорда күні қарсаңында біз «Шабыт» университетіне аяқ басып, ұстаз Батыржанның әріптестерімен және шәкірттерімен тілдескен едік.

4 (8).jpg

Рауана Сауханова, концертмейстер:

«Қазақ ұлттық университетінде ұстаз әрі концертмейстер болып қызмет атқарып жүргеніме екі жылдан астам уақыт болды. Батыржанмен жұмыс бабы бойынша таныстым. «Фортопиано» кафедрасының жетекшісі Баян Мұқұшева маған хор класына концертмейстер боласын деген еді. Хордың жетекшісі Батыржан болды. Біздің алғашқы таныстығымыз осылай басталды. Ол өте ақкөңіл адам. Жанжақты адам. Жалғыз өзі бірнеше іс-шараның басы қасында бір мезетте жүре алады. Концертерді, гастролдерді және ұстаздықты қатар алып жүре алады, сондай-ақ мойнына алған қызметінің ешқайсысына қиянат жасамайды. Батыржан өзінің уақыт тапшылығынан кейде маған концертте ойналатын әуендердің ноталарын дер кезінде беруге ұмытып кетеді. Ондай жағдайлар да болған (күлді). Есімі сондай оқиғалардың бірі түсіп отыр. Өткен жылы Орталық концерт залында «Глория» атты концерт берген болатынбыз. Композицияның он екінші номерінде фортопияноның бөлек ойнау такты бар. Осы сәтті мен инструментте ойнап болдым, менің ойнауымнан соң хор маған бірден ілесіп кету керек еді. Бірақ, хор маған ілеспей жатыр, мен композицияны ойнап болдым. Хорға қараймын, қосылмай жатыр. Барлық жағдай бірнеше секундтың аясында болып жатыр. Шешім қабылдадым – ойнаған әуенімді фортопианода екінші мәрте тағы ойнап шықтым. Импровизация (күлді). Содан соң ғана хор маған ілесіп кетті. Сондай қызық жағдай болған. Бірақ, ол кезде де Батыржанға ренжу мүмкін емес. Жалпы оның мейірімділігі мен қоршаған ортасына деген қатынасы кез келген ашуды жеңе алады. Ол өз ісінің хас шебері».

Жақсы ұстаздың, шәкірті озық демекші, Батыржан Смаковтың шәкірттерінің озық ойлары мен өнерге деген көзқарастарын білейік.

2 (7).jpg

Дариға Мұсаева, «Шабыт» өнер университетінің студенті:

«Академиялық вокал» мамандығы бойынша ілім жинап жүрмін. Батыржан Амангелдіұлы елге Италиядан оралған кезде өзінің жеке концертін берген еді. Сол кештің қонағы ретінде мен де өнер көрсеттім. Барлық қатысушылар Батыржан Аменгелдіұлының дауысын естіп, таң қалған еді. Себебі, біздің елде контртенор дауысты әнші жоқ болатын. Сол бағыт бойынша Италиядан білім алып келген алғашқы қазақ. Концерт аяқталған соң мен бірден Батыржан Смаковқа беттедім. Ол кісі өзінің жарқын мінезімен мені баурап алды. Батыржан Амангелдіұлымен танысқан бойда, онымен ортақ партияда ән шырқағым келетінімді айттым. Айтқаным шын ниеттен болған-ау, тілегім қабыл болып, тура бір жылдан соң біз «Астана опера» театрында бірге ән шырқадық. Ортақ жұмыстар жалғасын осы кештен бастады. Себебі менің дауысым төмен, ал оның дауысы жоғары. Біздің дауыстарымызға келетін ортақ бағдарламалар көп. Айта кететін жайт, еліміздің Өзбекстан Республикасындағы жылына орай күз мезгілінде өзімнің жеке концертімді Ташкент қаласында беремін. Осы концертіме ағайымды кеш қонағы болуға шақырдым. Мақсатым, өзбек ағайынды біздің елдің ерекше контртенор дауысымен таныстыру. Кеште «Юлий Цезарь Египетте» операсының үзіндісін ағайыммен дуэтте орындаймын. Батыржан Амангелдіұлының басқа ұстаздардан ерекшелігі, ол шәкірттің көзқарасымен, ойымен әр кез санасып отырады. Яғни, ортаға ойлар, ұсыныстар салуды ұсынып отырады. Бұның өзі алға ұмтылатын шәкіртке үлкен демеу. Оның ұстаз ретінде тағы да бір ерекшелігі, қанша жерден концерттерден, ұйымдастырушылық жұмыстардан басын көтермей жатса да, шәкірттеріне өткізетін сабақтарының ешқайсысын қалдырып көрмеген адам. Батыржан Амангелдіұлының өз ісіне беріктігі оның көп бастауларынан көрініс табуда. Мысалы, университеттің хор ұжымы тарихта алғаш рет шет ел сахналарында өнерін көрсетті. Талантты, талабы бар шәкірттерді қолдаудан, жол көрсетуден шаршамайтын ұстаз деп түйіндесем де болады».

5 (6).jpg

Ақния Қанжарбекқызы, «Шабыт» өнер университетінің студенті:

«Батыржан Амангелдіұлының менің ұстазым болғанына мақтанамын. Оның сабақ беру әдісі басқа мұғалімдерге қарағанда өзгеше. Ол өне бойында жиналған барлық өнерін, білімін біздерге, шәкірттеріне беруді қашан да құп көреді. Оның шәкірті атанғаныма бір жыл болды, алайда сол бір жыл тура үш жыл алатын білім жолына пара-пар. Батыржан Амангелдіұлы алғаш сабағын өткізуге келгенде, мен ылғи да соңғы қатарда отырушы едім. Сабаққа белсенділігім де аса көп болмайтын. Өзімнің табиғатым сондай (күлді). Уақыт өте студенттерді жұптарға бөліп, белгілі бір ұстаздарға бекітетін кез келді. Біздің жұбымыздың ұстазы Батыржан ағай болды. Мен өнерге деген қабілетімді ағайымның қолдауымен аштым десем де болады. Себебі, оның шәкіртке деген жауапкершілігі мен өнерге деген сүйіспеншілігі кез-келген ұстаздың бойынан табыла бермейді. Оның бастамасымен мен біраз конкурстарға қатысып, бойымдағы тұйықтықтан арыла бастадым. Өнер додаларына дайындалу барысында ол маған жеңілмеуді үйретті. Ұстазым өте ақкөңіл адам. Оған тек бақыт пен шаттық тілеймін!»

3 (8).jpg

Индира Қуанышқызы, «Шабыт» өнер университетінің студенті:

«Батыржан Амангелдіұлын хор жетекшісі ретінде танимын. Алғашқы хормен дайындық жұмыстарынан бастап-ақ оның кәсібилігін таныдық. Ол ерекше ұстаз-психолог. Бір мысал келтірейін: музыка колледжін бітірген соң мен белгілі бір күйзелістен өттім десем де болады. Колледж түлегінің дипломын алып, өнер жолын одан әрі бағындырғым келмейтіндей көрінді. Өнерден алшақтап, өзімді басқа салалардан тапқым келді. Өнерден кетемін деген нық шешіммен ағайыма келіп, өзімнің басымда болып жатқан арпалысулармен бөлістім. Батыржан Амангелдіұлы менің шешімімді бірден қабылдап, қолдау көрсетті. «Әр өнер адамында шарықтау және құлдырау кезеңдері болады. Ол заңдылық. Сол кезде теріс шешім қабылдамау үшін «үзіліс» алу керек» - деп мені шығарып салды. Алайда өнер жолына қайтып келетініме күмән келтірмеді және де оқу ордасы мені күтетінін тағы айтты. Расында да солай болды. Тура алты ай уақыт өткен соң мен «қайтып келдім» (күлді)».

Шәкіртсіз ұстаз тұл деп айтылған сөздердің мағынасын кез-келген ұстаз түсінеді. Себебі ұстаздың атқарып жүрген еңбегінің алтын жемісі – талантты шәкірт.

Батыржан Смаков, ұстаз:

«Өнер жолын таңдаған әр адамның өзінше ерекшеліктері мен таланттары бар. Алайда оларды біріктіретін бір ғана нәрсе – өнерге деген үлкен махаббат! Ұстаздар қауымының ең басты міндеті алдына келген шәкірттерінің шығармашылық потенциалын барынша ашып көрсету, осы жолда жүріп өтетін өзіндік ізін қалыптастыруда жәрдем беру. Әр ұстаздың өз методикасы бар. Мысалы, ұстаздар қауымы үш топқа бөлінеді. Бірінші топ – авторитарлы. Екінші топ – либералды, ал үшіншілері – демократты. «Сіз қайсысына өзіңізді жатқызасыз?» деп сұрарсыз. Мен өзімді демократты ұстаздар қатарынан көремін. Себебі мен ілім-білімді студентті қорқыту арқылы бере алмаймын немесе оның оқудағы қиыншылықтарына немқұрайлы да қарай алмаймын. Әрбір шәкірт гауһар тас сияқты. Егер оның халық алдында жарқырауы үшін бар ынтаңды салып еңбектенсен, оның күндей сәулесі ұзақ, өте ұзақ уақыт бойы өз қасиетін жоғалтпайды. Тағы да ескеретін нәрсе, жақсы ұстаз өзінің барлық шәкірттерін бірдей жақсы көруі керек. Олардың барлығына да бірдей білім беріп және бірдей талап қою керек деп санаймын. Сонда ғана өзгерістер мен жаңа трендтер аяқ асты өзгеріп, дүниеге келіп отырған заманда олар өздерінің бойларынан шығармашылық шырағын жоғалтып алмайды. Шәкірттеріме шығармашылыққа адалдықты тілеймін. Себебі, адамзаттың барлығы да күнделікті өмірде алдымен тұтынушы. Біз барлығымыз да өмірден бір нәрсені алу үшін келдік. Ал шығармашылыққа, өнерге бір табан жақын болған кез-келген адам руханилыққа жақын болады. Рухани әлемнің сұлулығын қалыптастыратын дүниелерді жасаудың өзі бір ғажап нәрсе!»

P.S. Батыржан мырзамен кездесуге келген сәтте ол Франция елінің елшісімен кездесуден келген еді. Өзі еңбек демалысында жүрсе де, қызметін, өнерге адалдығын жоғары қоятын Бауыржан мырза бізді таң қалдырды. Несімен? Таныстығымыздың бірінші сәтінен бастап, оның өмірінің алдыңғы шебінде өнер тұрғанын байқадық. Ол өзінің жетістіктерімен мақтанбады, бұның барлығы да заңдылық деп санады. Өзінің шәкірттері үшін бар жақсыны, эксклюзивтіні тауып беруге даяр екенін көрсетті. Әр жұмысының артында қажырлы еңбек, адал жүрек тұрғанын аңғардық. Ұстаздың шеберлігін шәкірттеріне қарап баға бер. Батыржан Смаковтың шәкірттері өз елінің патриоттары, жас астананың жарық жұлдыздары екендігіне сұқбат барысында тағы да көзімізді жеткіздік. Елдің дамуына өзінің зор үлесін қосып жүрген жас ұстаздар қатарында Батыржан Смаковтың да барын жарық, жанға жылу сыйлайтын кездесуден соң түсіндік һәм түйдік.

                                                                                                                                        

 

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz