26 Маусым, 2018
Депутат «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талдап берді

Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері көптеген мәселелер шешімін тауып, ел дамуына оң өзгерістер енуде. Қазақстанның білім саласына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың өзі қаншама. Әсіресе "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" бағыты аясында түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударылып жатқан көлемді әрі салмақты оқулықтардың шоқтығы биік.  Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл айтып берді.


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан бастау алған Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында жарық көрген кітаптарды оқып отырып, ойға қалдым: «Шіркін, осындай кітаптар бұдан 30-40 жылдай бұрын бізде болғанда, Қазақстан қазір-ақ дамыған елдер қатарына қосылуға таяп қалар ма еді?!»



Ал осы әлемдік бестселлерлер сол кездің өзінде болды ғой. Бірақ қазақ тіліне тәржімаланбақ түгіл, ол заманда «ұлт­аралық қарым-қатынас тіліне» аудартуға да ұлықсат етілмеді. Себебі кеңестік тоталитарлық режимге салынған сүрлеуден сыртқа аттап баспайтын, бастамашылық пен жасампаздықтан жұрдай, тек жоғарыдан түсірілген нұсқауларды атқаратын біркелкі тобыр ғана керек болды.



Демек, Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» ұлттық бағыты шын мәнінде, тәуелсіз сананы қалыптастыруға, азат ойлы жасампаз ұрпақтың жаңа формациясын түзуге бағытталғанын байқаймыз. Осы оқулықтардың арқасында қазақ тілді жастардың дүниетанымдық көкжиегі кеңейіп сала берді, алтынға бергісіз бағалы білімдерге қолы жетті.



Бұл ретте назар аударарлығы сол, дамыған елдердің ең үздік кітаптарын мемлекеттік тілге тікелей аудару ісін мемлекеттің қолдағаны құптарлық іс. Өйткені 150 миллион өкілі бар деп саналатын орыс тілінің өзіне жаһандық мегабестселлерлер кейде жарты ғасырға кешігіп тәржімаланады екен. Мысалға, көлемділерін айтпағанның өзінде, пышақтың қырындай ғана жұқа, бірақ әлемдік абсолютті бестселлер, дүниежүзінде әрбір 25 секунд сайын 1 данасы сатылатын балалар кітабы – Эрик Карлдың «Өте ашқарақ құрт» («Очень голодная гусеница») танымдық туындысы ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында жарық көрген, бірақ орыс тіліне осыдан тек он жылдай бұрын ғана аударылды.



Осы орайда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында шығарылған алғашқы кітаптарды таныстыру рәсімінде Елбасы қазақ тілді жастардың түпнұсқалық қайнардан сусындауының маңыздылығын атап өткені еске түседі:



– Бұл аудармадан жасалған аударма емес. Адамзат санасы тудырған ең таңдаулы туындылар түпнұсқа күйінен алынып отыр. Біз өз тарихымызда тұңғыш рет шет тілдерден тікелей қазақ тіліне жаппай аударудамыз. Мұндай заман қашан болған?! Біз, әрине, әлем тілдерінен орыс тіліне тәржімаланғандарды қазақшалап, көп нәрсеге қол жеткіздік. Оны жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ әр тілге аударған сайын түпнұсқасынан біраз өзгешелігі бәрібір қалыптасады. Ал осы жоба аясындағы туындылар жастарға гуманитарлық ғалымдар қазынасы арқылы бүкіл әлемнің есігін ашып береді. Бұл ғажайып білім қорын тек игеріп қана қоймай, іс жүзінде кәдеге жаратуымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.



Оның үстіне түпнұсқадан емес, үшінші, тіпті, төртінші тілден аударғанның зияны да бар. Сансыз сапырудан өткен, тұма тұнығынан айырылған ондай дүниелердің сапасы жоғалып, пайдалануға жарамсыз жағдайға жетуі де ықтимал.



Сонымен бірге, қазіргі заманда ақпараттың жұртшылығымызға жаттың сүзгісінен өтпей, дәлме-дәл қалпында жетуі де құнды екені дау тудыра қоймас. Осы орайда мысалға, әлем елдерінің атаулары қазақ тілінде қате берілгеніне назар аударып жүрмін. Айталық, United States of America деген түпнұсқалық атау орысша «Объединённые государства Америки», ал қазақша «Америка біріккен мемлекеттері» болуға тиіс-тін. Өйткені «united» – «объединённый» деген сөз. Ал «соединённый» ағылшынша «joined» не «connected» болады. Алайда кеңес кезінде орыс тілінен аудара салған тәржімалаушылар қателігінен «Америка Құрама Штаттары» деп бекітіліп кетті. Салыстыру үшін айтайын, бауырлас Түркия түпнұсқадан тікелей аударып, «Amerika Birleşik Devletleri» (қысқаша ABD, Америка бірлескен мемлекеттері) деп дұрыс атайды. Басқаны айтпағанда, «State» (мемлекет) ағылшын тілінде «штат» болып оқылмайды, «стейт» болады ғой. Жалпы, «Рухани жаңғыру» атты ұлы бетбұрыс аясында кеңес кезінде кеткен біраз кемшілік түзелері сөзсіз.



«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» Елбасы айтқандай, болашақта мың, жүз мың кітапқа ұласып, жоғарғы оқу орындарының, мектептердің кітапханаларына шырай береді деп сенемін. Әйтпесе, қазіргі кезде кітапханаларда, әсіресе, ауылдарда құнды кітаптардың тапшылығы байқалады. Оның үстіне президенттік жоба аясында аударылған әрбір кітапты оқу процесіне кіріктіру мәселесі күн тәртібіне еніп отыр. Оқу бағдарламаларының заманауи әдебиеттен алшақ жатқаны, қатынасы жоқтығы жасырын емес.



Барлық дамыған елдерде мәселен, мектептерде классикалық және заманауи әдебиет бағдарламасы қолданылады. Бір ғажабы сол, ол бағдарламаларда білім беру министрлігі ұсынған үздік кітаптардың тізімі жыл сайын өзгеріп тұрады. Бұл ретте мемлекет мектеп кітапханаларына тек оқулықтарды ғана емес, қазіргі заманғы жаңа әрі озық туындыларды сатып алуға қаржы бөледі. Сонымен бірге, білім ордаларының кітапханалары өткен жылда батыстық беделді әдеби сыйлықтарды иеленген лауреат-кітаптармен толығып отыруға міндеттелген. Мұндай жүйе жас ұрпақтың бойында әдебиетке деген іңкәрлікті туғызып, қызығушылығын қоздырып қана қоймай, сонымен қатар кітап нарығының буырқана дамуына да септігін тигізеді.



Бір қынжылтатыны сол, кеңестен қалған тәжірибе бойынша қазақстандық мектептер де, көптеген жоғарғы оқу орындары да кітап әлеміндегі жаңалықтарды қадағалауды өзіне міндет санамайды. Кесірінен, оқу бағдарламалары да шынайы өмірден әлі күнге алыста жүр. Олар әбден бой үйреткен «әдістемелік» арнадан шыққысы да келмейді.



Мектептер мен университеттер кітапханаларын жаһандық өзекті әдебиетпен толтыру функциясын өз мойнына алуға баспагерлердің әзірге қауқары да, қаржысы да жетпейді.



Сондықтан, президенттік жоба ғасырдай уақыт бойы қалыптасқан, түйіні шиеленіскен бұл олқылықтың орнын толтыруға ықпал етпек.



Ойды қорыта келе, тағы бір жайтқа назар аударғымыз келеді. Дамыған елдерде мектептер мен колледж-университеттердің кітапханаларына танымал тұлғалар, әншілер, актерлер, спортшылар келіп, өздеріне ұнаған жаңа үздік туындылардан үзінді оқып, майын тамыза әңгімелеп, жас ұрпақ арасында кітап оқуды насихаттайтын жақсы үлгі бар. Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты шеңберінде шыққан кітаптарды жас ұрпақ пен былайғы жұртшылыққа түсіндіру мақсатында дәл осындай ерікті-волонтерлық қозғалыс дамыса игі. Сонда теңіздей терең, ғарыштай көлемді туындылардың тұңғиығында тұнып жатқан маржан білім, ұтымды идеялар халықтың жүрегіне жетеді.


ruh.kz
Egemen.kz