14 Қыркүйек, 2020
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қанша теңге грант бере алады?

Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылының тұрғыны Иван Воликов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыру шеңберінде грант алып, жаңа жабдықтар сатып алып, өз ісін кеңейтті. 

Ағымдағы жылдың 8 айында Солтүстік Қазақстан облысында бағдарлама шеңберінде 1,7 мыңнан астам адам бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алды.

Бағдарламаға қатысқанға дейін Иван Воликов аяқкиім жөндеумен айналысқан. Оның айтуынша, бұл қызмет маусымдық – тұрақты табыс тек күзгі және қысқы кезеңдерде ғана болады.

«Әйелім екеуміздің 6 баламыз бар, сондықтан отбасын барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін тұрақты табыс қажет. Менде аяқкиім жөндеуге тапсырыс аз болған кезде, жеткілікті қаражат сақталуы үшін қосымша кілттер жасау идеясы пайда болды. Маған көпбалалы әке ретінде бизнесті дамытуға грант алуға болатыны айтылды», – деді ол.

Бағдарламаны іске асыру шеңберінде қазақстандықтарға жаңа бизнес-идеяларды дамытуға 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар және 8 мың АЕК-ке дейін жеңілдікті шарттармен микрокредиттер бөлінеді. Иван Воликов 505 мың теңге көлемінде грант алды.

«Бұл ақша жақсы бастаманы ұсынды және бастапқы капитал маған идеяны жүзеге асыруға серпін болды. Алынған қаражатқа мен кілттер жасайтын екі станок, сондай-ақ аяқкиімге арналған бланкілерді тігуге арналған бағаналы тігін машинасын сатып алдым. Мен әрі қарай дамығым келеді, сондықтан қазір аяқкиім тігуді үйреніп жатырмын», – деп кәсіпкер өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті.

СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше ағымдағы жылдың басынан бері өңірде бағдарламаға 15,8 мыңнан астам адам қатысты.

«Тұрақты жұмыс орындарына 6 259 адам жұмысқа орналастырылды. Уақытша жұмыс орындарына 5 023 адам, оның ішінде 465-і әлеуметтік жұмыс орындарына, оқу орындары түлектерінің 639-ы жастар практикасына және 3 919-ы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында1 764 грант пен микрокредит берілді», – деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов.

Бұған дейін хабарланғандай, жалпы республика бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 379 мың адам қатысып, түрлі қолдау алды. Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша бос жұмыс орындарына 130 мың адам жұмысқа орналасты, мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 156 мың адам жұмысқа орналастырылды. 5 800 жеңілдікті кредит және 17 200 қайтарымсыз грант берілді, 34,5 мың азамат кәсіпкерлік негіздеріне қысқа мерзімді оқытудан өтеді.

Ruh.kz