27 Қыркүйек, 2018
Егер жағымсыз жағдай орын алса...

Кез-келген ұжымда, кез-келген ортада өсу мен даму, қызмет аясын кеңейту сынды үдерістер әрдайым жүріп отырады. Сол үдерісті қадағалайтын, әрине, басшы. Басшылық қызметті атқарып отырған тұлға ұжымның барлық қызметіне жауап беретіні айдан анық-. Ал егер жоғарыда айтқан үдерістен бөлек, ұжым ісіне қатысты келеңсіздік орын алса, не істемек керек? Ендеше, әрі қарай оқыңыз.


Осы тақырып төңірегінде қалам тербеген жазармандардың саны өте аз. Көпшілік жазушылар компания ісін алға жылжытудың жолдары туралы, қаржыны үнемдеу, қызметкерлермен кері байланыс орнату сынды мәселелерді төңіректейді.



Өзіміз таңдап алған тақырыпты тарқатар алдында «Құдайдан кейінгі бірінші» атты Мұрат Тұрғыновтың еңбегіне сүйенгенді жөн көрдік. Мұрат Тұрғынов осы тақырыпқа сәйкес келетін атақты «Партизандық сату. Тұтынушыны бәсекелестен тартып алу жолдары» атты еңбектің де авторы екенін еске сала кетелік.



Кітаптарда әлеуметтік желіде немесе халық арасында тарап жатқан жағымсыз пікірлерге қарсы, сол секілді келеңсіздіктердің алдын алу үшін қандай шаралар қолдану қажеттігі туралы айтылады.



«Менің «Партизандық сату. Тұтынушыны бәсекелестен қалай тартып алу керек» атты кітабым жарыққа шыққанда «Бұл не кітап?», «Неге бұлай аталады?» деген секілді сұрақтар қарша борады. Біршама уақыт өткеннен кейін біраз адам шығармамды оқып, түрлі оқырмандық пікірлер келді. Олардың арасында мақтау да, сын-пікірлер де болды», - дейді автор.



Әрбір ұжымда әлеуметтік желілерден немесе түрлі ақпарат көздерінен келетін сын-пікірлер, арыз-шағымдар көптеп кездеседі. Олармен күресу ұжымдағы арнайы қызметкердің, оған қоса барлық ұжым мүшелерінің, тікелей басшының міндетіне кіреді. Осы тақырыпқа сай Мұрат Тұрғыновтың әлгінде айтқан еңбегінде келтірген мысалын сіздерге ұсынуды жөн көріп отырмыз.



Ол өзінің ұжымына қарасты әлеуметтік желіде айтылған сын-пікірлер туралы, онымен қалай күресіп, өз пайдасына қарай пайдаланғаны туралы айтады.



Автор өзіне «Сыншы» деп айдар таққан бір адамның баспа сайтына, әлеуметтік желіден жалған парақшамен пікір таратып, соңына түсіп алғаны туралы баяндайды.



Мұндай кезде сын-пікір бағытталған тұлға не істеу қажет?



Алдымен, пікір білдірген адамға тікелей хабарласып, ол таққан кінә туралы толық баяндап, егер сыншы айтқан дүние рас болса, келеңсіздіктің қысқа уақыт аралығында ретке келтірілетіні туралы ескерту қажет. Ең дұрысы – сыншымен бетпе-бет кездесіп (егер ол қоғамдық пікірді өзгерте алатын адам болса), барлық жағдайды талқылаған дұрыс.



Біз сөз етіп отырған автор өзінің кітабында өз басынан өткен дәл осындай келеңсіздік туралы баяндайды.



Мұрат Тұрғынов жаңа кітабын жариялар алдында әлеуметтік желідегі бір жалған парақша арқылы бір адам жағымсыз пікірлер тарата бастайды. Ол баспаның ресми сайтында және басқа да парақшаларда бұл дүниенің ауқымын кеңейте бастайды. Бұл туралы жоғарыда да айтып өттік. Әрі қарай жағдайдың қалай өрбігенін білгіңіз келе ме? Ендеше, әрі қарай парақтай түсіңіз.



Мұрат Тұрғынов пен баспахана басшысы бұл жағдайға алаңдай бастады. Сол уақытта баспа басшысы авторға «Сыншымен» кездесу туралы ұсыныс жасайды. Басында автор бұл ұсыныстан бас тартқанымен, аз уақыттан кейін қабылдауға мәжбүр болады.



Содан кейін Мұрат Тұрғынов «Сыншымен» кездесіп, оған өзінің ұсынысын жасайды да, көздеген межесіне жетеді. «Сыншыға» келесі кітабына алғысөз жазуға ұсыныс білдіреді.



Бұл мысалдан қандай түйін шығаруға болады?



Алдымен, келеңсіздік орын алғанда барлығының байыбына барып әрекет еткен жөн. Алдымен, салқынқандылық, сабырлылық сынды қасиеттерді бойға сіңірген абзал.



Егер, сіз өзіңіздің тарапыңызға айтылған сын-пікірлерді қабылдай алмай, күштеп немесе өзге де бір жолдармен тоқтатар болсаңыз, қоғамдық пікірді түзете алмауыңыз мүмкін.



Ең дұрыс жол – қоғамдық пікірді басқарып, сіздің өніміңізге көзқарасты өзгертіп жүрген адаммен келісіп, өзі бүлдірген нәрсені өзі түзетуге мәжбүрлеу керек.



Бұл дүние басшылардың барлығының басында кездесетін жағдай. Егер сіз келеңсіздіктен шығатын түрлі жолдарды білмесеңіз, онда қоғамдық пікір, жалпы тұтынушылардың көзқарасын өзгертіп алуыңыз мүмкін.



Сондықтан, өз тарапыңызға жинаған абыройыңыздан аяқ асты айырылғыңыз келмесе, келеңсіздікпен күресі жолдарын жадыңызға тоқығаныңыз абзал.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
Islam.ru