7 Мамыр, 2018
Елбасы қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Бүгін Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жауынгерлік парад өтті.


 



Атаулы шараны салтанатты түрде ашқан Елбасы барша қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.




«Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы Даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», - деп атап өтті Елбасы.




Сонымен қатар Елбасы Отан қорғаушы Әрбір сарбаздың ел-жұрт алдындағы міндеті мен қызметін ерекше атап өтті.




«Жауынгерлік ту – туған жерге адалдықтың, ерлік пен батырлықтың нышаны. Қасиетті байрақ рухы биік, ержүрек  сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қарулы Күштерімізде жігерлі жігіттермен қатар аяулы аруларымыз да әскери қызметті абыроймен атқарып жүр. Сондықтан бүгінгі мереке ер азаматтармен қатар сап түзеген қайсар қыздарымызға да ортақ. Мемлекет Отан қорғаушыларға әрқашан қамқорлық көрсетіп келеді. Өткен жылы әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысы 25 процентке артты. Әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді. Мұның бәрі Қарулы Күштер сарбаздарының ар-намысы мен айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери антқа адал болады деп сенемін!», – деді Елбасы.




 


ruh.kz
aqorda.kz