15 Сәуір, 2019
Елдің жаңғыруы тамырдан басталуы керек!

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні қандай? «Рухани жаңғыру» дегеніміз не? Академик Ғарифолла Есімнің жаңғыруға қатысты берген философиялық терең ойларын назарларыңызға ұсынамыз.  


   «Рухани жаңғыру» деген мәселе, ол жай сөз емес. Менің «Қазақ ренессансы» деген кітабымда айтқанымдай, Рухани жаңғыру – ренессанс деген мағыналы ұғым. Бұл жаңғыру, жаңару ұғымын Батыс жерінде пайдаланады.  Бірде Елбасымен кездескенімде «Ғарифолла, сен ренессанс деп айтып жүрсің ғой» деген еді. Мен түсіндірдім. Ренессанс деп жүрген себебім, біз Америка емеспіз, жаңа мемлекет құрған. Біздің тарихымыз бар. Қазақ хандары болған. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Сол хандықты құрған Керей мен Жәнібек, олар тарихтағы бергі хандар. Ал олардың ар жағында да кереметтей хандар болған. Түркі Қағанаты болған. Оның ар жағында ғұндар, сақтар болған. Қазіргі таңда Берел, Шілікті қорымдарында табылған алтын адамдар - Сақтар. Тарбағатайдың ежелгі билеушілерінің пантеоны Елеке сазда алтын адамның үстінен бес киллограмм алтын бұйымдар шықты. Себебі ол сақ ханзадасы болған. Сонда біздің тарихымыз арғы заманнан бастау алады. Біздің эрамызға дейін түсінігін, байқағаныңыздай, мен «арғы заман» деп айттым. Сол арғы заманның 6-7 ғасырында сақ әлемінің әйгілі ойшылы Анахарсис болған. Ойшыл туралы деректерді жинап, жазып жатырмыз.



Жаңғыру деген кезде, біз тамырдан жаңғырамыз. Ал тамырымыз тереңде, тамырыз 25 ғасырға кетеді. Жиырма бес ғасырдың тарихына қатысты жобамыз да бар. Мысалы,  Әбу Насыр әл-Фарабидан Абайға дейін он ғасыр бар. Олар біздің тамырлар. Қазақтар қандай болдық, түріміз қандай болды деген сұрақ туындайды. Сұрақтың жауабын толықтыру үшін жастарымыздың ішінен прототиптерді іздестірудемін. Әзірше үш қазақтың прототипін таптым. Бұл тамырымыздың генетикалық түрі. Сақ ойшылы Анахарсис дүниежүзінде философиялық мәселелерді алғаш көтерген ғалым. Сақ ғалымынан соң орны ерекше дарындардың  - Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Абай, Шәкәрім, М.Әуезов, Махамбет, Жамбыл деп кете береміз. Көрдіндер ме, біз жаңғырған кезде тамырдан жаңғыру керекпіз. Төменнен жоғарыға қарай. Яғни, орыс тілін біліп, орыс болып жаңғыру қате. Ағылшын тілін біліп, ағылшын болып жаңғыру қате. Болмаса, қытай, араб тілдерін үйреніп алып, біз олар сияқты жаңғырамыз деген де қате пікір. Ол қате ұғым. Олар біздің тамыр емес. Ең дұрысы, таза түрік болып жаңғыру. Айтып отырғанымдай, қазақ, түрік, түркі, ғұн, сақ болып баспалдақ кете береді. Біздің тамырларымыз осы. Әр дәуірдің ұлы ойшылдарының айтқан ойларын еңбегімізге кірістірудеміз. Зерттеудеміз. 



Біз тамырдан жаңғырған кезде, тап-таза болып, тамаша Қазақ елі болып, Қазақ мемлекеті болып әлемге өз түрімізбен,  өз сөзімізбен, өз мінезімізбен, өз ісімізбен, өзіміздің жаңаша ойымызбен, инновациялық ойлауымызбен таныламыз. Қазірдің өзінде жастардың арасында тамаша математиктер, тамаша физиктер, тамаша IT-мамандар, тамаша боксерлер, тамаша спортсмендер шығып, танылып жатыр. Тамаша саясаткерлер де өсіп келеді. Ата-бабамыздан қалған кең қазақтың ұлы даласы бойындағы байлықтың барлығын шығарып, халықтың игілігіне жұмсауымыз керек. Бұған сәйкес «Ақме коғам» ұғымын енгізіп отырмын. Бұл сөз гректің сөзі, жасы қырыққа толған азаматты «ақме жасқа келді» деген. Яғни, біздің қоғам Ақме болуы керек. Ол қоғамның үш өлшемі болуы керек. Іскерлік. Ізгілік. Игілік. Іскерлік адамнан. Ізгілік Құдайдан. Игілік биліктен. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білім» деген кітабында «Күнтолды» деген ұғым бар. Яғни, ол патша. Патша дегеніміз күннің қызметін атқарады. Егер күн тіршілікті қамтамасыз ететін болса, әділ болса, халыққа нұрын шашуы керек. Билік күн сияқты таза болуы керек.  Сонда азаматтар да таза болады. Қоғамда жемқорлықтың түбі жойылады. Қолында шамалы да болса билігі бар адамдар жемқорлықтан арылады. Олар жемқорлықтан тазармағанынша, біздің қоғам тазармайды. Сол кезде бізде Ақме қоғам болады. Көрдіңіз бе? Жаңғыру дегеніміз – Тазару. Бұлақтың суы сияқты үнемі қозғалыста болып, тазарып отыруымыз керек. Қоғамымыздың рухани жаңғыруы он жылда да, жиырма жылда да, жүз жылда да тоқтамауы керек. Өйткені әлемде болып жатқан өзгерістерді дұрыс қабылдау – жаңғыру. Ең бірінші жаңғыратын кімдер, ол жастар. Елдің жастарына жағдай жасау керек. Биыл Жастар жылы дейміз. Жастарға үш нәрсе керек. Білім. Кәсіп. Тұрғын үй. Осы үш мәселе шешілсе, жастар елімізге ие бола алады. Үлес салмағы үлкен жастардың күшін біз қабылдап алып, оларға жағдай жасауға біздің билік дайын болуы керек. Жаңғырудың түсінігі осы.



Жастарға білім беру мәселесіне келетін болсақ, жастарға білім беру жүйесі бізде қалыптасқан. Жүйе жоқ деп айтуға болмайды. Білім аламын деген жастарға жол ашық. Сол жолдар әр түрлі болады. Жай жолдар, бетон жолдар, асфальт жолдар. Міне, осы жолдар жастарға қолайлы ма? Қолайсыз. Жатақхана жетіспейді. Оқу-құралдары жетіспейді. Оқу үйрететін мұғалімдердің сапалық деңгейлері жетіспейді. Сапасы жоғары мамандар мектептерге бармайды, еңбекақы төмен. Сапалы білім беретін адамдар, сапалы білім беретін жерлерде болмаса, сонда білімнің сапасы қандай болмақ? Жағдайы жасалмаған мұғалімдер «бай» білім бере ала ма? Демек, мектептердегі мұғалімдердің еңбекақысын бірнеше мәрте көтеру керек. Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе осы. Мәселе шешілмейінше, сапалы білім беру мәселесі де шешілмес. Білім мен ғылымға бөлініп отырған қаражат әзірге төмен.  Қаражат мәселесі шешілмейінше, білім мен ғылымды қуып жүрген жастардың жағдайы да дұрысталмас. Ол үшін билікте отырған азаматтардың ұлдары мен қыздары отандық орта білім беру мекемелерінде білім алуы керек. Мысалы, облыс әкімінің балалары немесе немерелері сол облыстың мектептеріне, жоғары оқу орындарына барып білім алуы керек. Міндетті түрде! Сол кезде ғана шенеуніктер елдегі білім беру жағдайын ішінен көріп, туындаған мәселелерді шешер еді. Мен бұл мәселені көтеріп жүргеніме 15-20 жыл болды. Біз халықтан биік болмауымыз керек. Шет елге білім алуға тек білім сапасын өте жоғары деңгейде  алған, әртүрлі сараптаулардан өткен адамдар барсын. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен сенім артамын. Ол кісі әлемдік деңгейдегі оқу-білім жүйелерін жақсы таныған өте сауатты адам. Сол себепті білім беру саласына көп көңіл бөледі деген сенімдемін.  Білім саласындағы сапа мектептен басталады. Мектептерде білім беретін мамандарды біз қалай және қайда дайындап жатырмыз? Педогогикалық оқу орындарында білімді алу престижді болуы керек. Мұғалімдердің қызметі престижді болуы керек. Мұғалімдерге жағдай жасау керек және балаларға білім беретін болашақ ұстаздардың қатары сапалы болу керек. Жаңғырудың астында сапа болуы керек. Сапа болмаса, ұлттық идея болмайды. Сапа болса, жаңғыру да болады, алға қозғалу да болады. Бұның барлығы мектеп табалдырығынан басталады.



P.S. Халықтың жаңғыруы тамырдан басталуы керек, жаңғырудың астында сапа болу керек. Ал сапалы ұрпақты тәрбиелеу үшін сапалы білім қажет, және сол сапалы білімді беретін ұстаздарға жағдай жан-жақты жасалуы керек. Елдің өткенін ұмытпай, болашағы үшін алаңдайтын академик Ғарифолла ағай өзінің көкейінде жүрген дүниелердің бір бөлігін ғана ашып берді. Жалпы, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есіммен болған кездесу рухани, әрі мотивациялық болды.



Сұхбаттасқан Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, Ruh.kz



 


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz