7 Тамыз 2019 Ruh.kz 823

Елге еріктілер керек пе?

 | RUH.kz Фото: Джамиля Мурзабекова
Жол білетін, жөн білетін жастар – тұтас ұлттың ертеңі.

Жастар – қоғамның айнасы екені даусыз. Өскелең ұрпақтың жанарындағы жалынды көріп, бойындағы құлшыныс пен талпынысты көріп болашақтың анық та айқын боларына көз жеткізгендей боласыз. Өмірге құштар, елін сүйетін, рухы берік, тарихтан хабары бар, көркем әдебиеттен сусындап өскен, жол білетін, жөн білетін жастар – тұтас ұлттың ертеңі. «Астана жастары» КММ еріктілер қозғалысының жас өкілдерімен кездесіп, еріктілікке қатысты жаңалықтар төңірегінде, еріктілік төңірегінде сұқбаттасып қайттық. Мархабат!

Слам Наурыз. 2016 жылдан бері еріктілікпен айналысып келеді.

Утепбергенова Ләззат. «Білім–Инновация» лицейінің 10 сынып оқушысы. Еріктілер қатарына бір жыл бұрын қабылданған.

Өсер Адина. №59 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы. Еріктілікпен екінші жыл айналысып келеді. 

Ruh.kz: Ерікті деген кім? Мақсаты қандай?

Наурыз: Бос уақытында қоғамға пайдалы істермен айналысатын адам.

Ләззат: Тәуелсіз мемлекетте өмір сүретін өзіндік құндылықтары бар, өзі шешім қабылдай алатын, өз ырқымен мұқтаж адамға көмек қолын созатын адам. Бір іс-шара жоспарланған соң, ол шаранының ұйымдастыру жұмыстарымен кім айналысатыны белгілі болады. Біз де өз ортамыздан кімнің қандай іс-шараға барып, көмектесетінін анықтаймыз. Солай жұмыс жасап келеміз.

Ruh.kz: «Астана жастары» КММ еріктілер қозғалысының құрамынан қалай табылдыңыздар? Не түрткі болды?

Адина: Мен бұл қозғалыс туралы құрбымнан естіп, білдім. Өмірді сүйетін жастар жиналып, ортақ мүдде үшін жұмылатын қозғалыстың құрамында болғым келді. Орталыққа келіп, анкета толтырып, жетекшілермен танысып, осындағы жастармен жақсы араласып, еріктілікті бастап кеттім.

Ләззат: Еріктілікпен негізінен жастар айналысады. Ал қазір жастардың басым бөлігінің белсенді екені байқалады. Демек, белсенді жастар топ болып жиналып, ізгі істерге, игіліктерге жұмылады. Бұл белгілі бір деңгейдегі дамығандығымызды көрсетеді. Мен де Адина секілді құрбыларым арқылы осындай жастар қозғалысы бар екенін естіп, олардың немен айналысатынын естіп, еріктілердің құрамында болуды қаладым. Мақсатым – дәл өзімдей белсенді жастармен танысу, ортамды кеңейту, тәжірибе жинау.

Наурыз: Мен де қозғалыс туралы 8 сыныпта сыныптастарымнан естідім. Шараларға қатысып, көмектесіп, уақытты пайдалы жұмсау мені қызықтырды. Тоғызыншы сыныпта осы қозғалыстың құрамына тіркелдім. Достарымды шақырдым. 

Астана жастары.jpg

Ruh.kz: Таңғы тоғыздан, кешкі жетіге дейін осы орталықта отырмасаңыздар да, өмірдің белгілі бір бөлігін осы іске арнайсыздар. Еріктілердің 50 сағаттық жұмысы оқу ақысы ретінде 50 мың теңгеге бағаланғанын ескерсек, жаз мезгілінде тұрақты емес жұмысқа орналасып, әлдеқайда көп ақша табу тиімді деп ойламайсыздар ма?

Наурыз: Біз бұл жерге таныс табу үшін, ортамызды кеңейту үшін, жаңа дос табу үшін келдік. Кез-келген дүние секілді бұл істің де жақсы һәм жаман жақтары бар.

Ләззат: Бұл әркімнің өзіне ғана байланысты дүние. Еріктілердің қатарында болу – жұмыс істемеу деген сөз емес. Жұмыс істеп, ақша табуға да, еріктілікпен айналысып, жақсылық жасауға да болады. Тек, уақытыңды дұрыс пайдалансаң болғаны. Бірақ мен еріктіліктің көңілді күндерін сағынып, қызықты сағаттарын көбірек көргім келіп, жұмысымнан саналы түрде бас тарттым. Еріктілік маған талпыныс береді. Өзіңе деген ішкі сезімің де еслеп арта түсетіндей...

Адина: Ләззат дұрыс айтады. Мен екі айдан артық уақыт жұмыс істеп келемін. Жұмыстан кейінгі уақытымды, демалыс уақытымды осында арнаймын. Демек бір іс екіншісіне кедергі емес.

Ruh.kz: Наурыз, өзіңе сұрақ. Еріктіліктің жаман және жақсы жақтары қандай?

Наурыз: Таныс табу, іс-шарадан алған сертификаттардың келешектегі пайдасы, жауапкершілікті сезінуің, сол жауапкершілікті қалыптастыруға тырысуың – жақсылық.

Кей шаралардың ұйымдастырушылары бізге өздерінің жұмыскері ретінде қарайды. Сөйлеу әдебін бұзы, дауыс көтеріп жатады. Бұл –жағымсыз.

Ләззат: Ұйымдастырушылардың салғырттығынан кейде далада қалатын кездер болады. Іс-шараның өтетін орны алыста болған соң, қатынау қиын болып жатады. Жаман жақтары деп осыны айтсақ болады.

Ruh.kz: Қандай жобаларға қатыстыңыздар?

Наурыз: Самбодан әлем чемпионатына қатыстым. EXPO-2017 халықаралық көрмесінің ұйымдастыру жұмыстарын жүргіздік.

Ләззат: Қазақстанда алғаш рет өткізілген World Cup ойындарына қатыстым.

Адина: Елімізде болған көптеген Open Air концерттеріне қатыстым. Қатысқан ең үлкен шарам – хоккейден әлем чемпионаты.

Ruh.kz: Еріктіліктің қандай кедергілері бар?

Наурыз: Уақыттың тапшылығы ғана кедергі шығар?..

Адина: Аяқ асты жоспарланатын мектепшілік шаралар.

Ruh.kz: Қазір сіздердің алдарыңызда бір ғана міндет тұр. Ол – оқу. Күннің жартысын оқуға арнасаңыздар, жартысын жұмысқа арнасаңыздар еріктілікке уақытты қайдан табасыздар?

Ләззат: Бұл мақсатың мен ниетіңе ғана байланысты. Егер шынымен қатысқың келсе, шынымен жақсылық жасағың келсе оған қашан да уақыт табылады. Ал, мүлде уақыт жетпей жатса, кедергі келтіріп жатса, онда ол істі бастамаған да абзал.

Ruh.kz: Еріктілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы не білесіздер?

Наурыз: Гранттардың бөлінетінін білемін. Кімнің не істегені, немен айналысқанын бақылап отырып, өзін барынша жақсы жағынан көрсеткен адамға әкімнің гранты тағайындалады.

Ләззат: Ақшалай сыйлықтардың барын білемін. 

Меруерт.jpg

Назарбаев университетінің бірінші курс студенті, Меруерт Қамысбаева:

Еріктілер қатарындағы студенттерге оқу ақысын төлеуде көрсетілетін жеңілдіктерге қарсымын. Себебі: сол жеңлдіктерді алу үшін, еріктілер қатарына жазылып қоятын, бірақ ешқандай шараға көмек қолын созбайтын, жиындарға қатыспайтын, көзге көрінбейтін жастар да табылады. Бұл жеңілдіктердің жақсы да, жаман да жақтары бар. Тек осындай жақтары ескеріліп, жеңілдіктерді алған адамдар жіті бақылауда болса екен деймін.

Ruh.kz: Сұқбаттарыңызға рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!..


Сұлтан Мұстафин

Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

18 Тамыз, 2019

Ақбоз ат (венгр халық ертегісі)

18 Тамыз, 2019

Абайсыз рухани жаңғыру мүмкін емес!

17 Тамыз, 2019

Бесік жыры

16 Тамыз, 2019

Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады!