29 Наурыз, 2019
Эльнара Байназарова: Ақпараттың растығына мән беруіміз қажет

«ЕуроОдақ - Қазақстан: медиа әріптестікті нығайту» атты II жыл сайынғы байқаудың пресс-конференция өтті. Жиын барысында айтылғандардан бөлек байқаудың жан-жақты маңыздылығын анықтап алу мақсатында конференция спикерлерінің бірі, ҚР Еуропалық Одақ Өкілдігінің баспасөз хатшысы Эльнара Байназаровамен сұқбаттасып көріп едік:


Ruh.kz: Аталмыш байқаудың екінші мәрте ұйымдастырылуы оның  маңыздылығын айқындап береді. Жалпы байқау туралы айтып өтсеңіз?



Эльнара Байназарова: Бұл дәстүрлі шара болмақ. Былтыр дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай осындай шараны елімізде тұңғыш рет ұйымдастырсақ та айтарлықтай жоғарғы деңгейде өтті. Байқау барысында Еуропалық Одақтың жиған тәжірибесі, білген, үйренген дүниесін тиімді меңгеру тәсілдерімен бөлісіп, өзімізге көптеген маңызды да керек ақпараттарды ала алдық. Еуропалық мекемелердің баспасөз қызметі қаншалықты дамығаны үңіліп қараған адамға бірден көрініп тұрады. Олар өте жылдам әрі сапалы жұмыс істейді.





Ruh.kz: Тәжірибе алмасамыз,- деп қалдыңыз. Нақты нені үйрендік? Нені үйренуіміз керек?



Эльнара Байназарова: Байқау барысында өтетін семинар, тренингтерде Еуропалық Одақ мекемелері қалай жұмыс жасайтынын көрсетеді. Еуропалық комиссяның аудио-физуалды техникалық сайты болады. Осы сайтта негізгі файлдық стоктар бар. Барлық ақпарат сонда. Біздің тілшілердің қандайда бір мақаласы аударылған ақпараттан аударылғаны көрініп қалады. Бұл ретте ағылшын тілінің жетік меңгерілмеуі ақсатып жатады. Қандай сайттардың фейк екені, алғашқы дереккөз қай сайт екенін білмей жатады. Ресейлік сайттардағы ақпараттарға сене беруге болмайды. Еуропалық Одақта Ресейлік дизинформациямен күресу үшін ашылған арнайы депортамент жұмыс істейді. Олар ақпараттың растығына үлкен назар аударады.  Айтылғандай, тренинг, семинарларда фейк порталдарды қалай ажыратуға болатыны жайлы  айтылады. Негізі, ақпараттың шынайылығы маңызды мәселе. Әлеуметтік желі арқылы тарайтын ақпараттардың шынайылығы немесе жалғандығын тексеру қажет. Көбінесе қоғамдағы келеңсіз жайттар осындай мәселелерден туындайды. Қоғам ақпаратты сауатты болса, тыныштық, ынтымақтастық орнайды. Біздің аталмыш байқауды ұйымдастыруымыздағы басты мақсатымызда осыған саяды. Сондықтан жастардың, жалпы қоғам өкілдерінің ақпаратты сауатты болуына журналистер қауымы қызмет етуі керек. Біздің ұйымдастырып отырған байқауымыз журналистердің тәжірибесіне тәжірибе, әдісіне әдіс қосса деген ой бар. Түрлі бағыттағы мастер класстардың негізгі міндеті осы болып табылады. 



Ruh.kz: Сол жаққа барып, осыншама ақпаратты біліп келген, тәжірибе алмасқан маман ретінде қазақ журналистеріне арнап сол семинар, тренингтерді өткізуді жоспарлайсыздар ма?



Эльнара Байназарова: Ол жоспарда бар. Осы жылы жаңалық күтіңіз. Алған әсерімізбен бөлісіп, формалды емес нұсқада кездесулер жасаймыз.



Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет!



 



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz