19 Қараша, 2020
Елордада Донорлар форумы өтеді

26 қарашада Қазақстанның IX Азаматтық форумы мен азаматтық қоғам апталығы шеңберінде онлайн форматта Донорлар форумы өтеді, - деп хабарлайды Ruh.kz ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасай отырып. 


Донорлар форумы – Қазақстанның ірі меценаттарын, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік көшбасшыларын, сондай-ақ өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын халықаралық донорлық ұйымдар өкілдерін біріктіретін сарапшылардың диалог алаңы.

Донорлар форумының миссиясы – елде донорлық және қайырымдылық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы орта құруға жәрдемдесу, азаматтық қоғамның әлеуетін дамыту.

Форум шеңберінде донорлық қызметтің қазақстандық тәжірибесін, отандық және халықаралық компаниялардың әлеуметтік саясатының үздік тәжірибелерін талқылау бойынша сессиялар, сондай-ақ филантропия мен халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау өткізіледі. Сонымен қатар, Донорлар форумы барысында грант беруші ұйымдардың ақпараттық сессиясын өткізу және ҮЕҰ-дардың гранттық конкурстар мен рәсімдерге қатысуына қатысты консультациялар беру жоспарланған.

Донорлар форумының ұйымдастырушысы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы болып табылады.

Форум қорытындысы бойынша Қазақстанның IX Азаматтық форумының қарар жобасына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленеді. 

Ruh.kz