18 Қыркүйек, 2018
Елордада «Astana-Art Show 2018» халықаралық көрмесі өтуде

 «Өнерлі өрге жүзеді» дейді дана қазақ халқы. Бүгінде заманауи технологиялар алға басып, бәсекеге қабілеттілік артқан заманда өнер әлеміне деген сұраныс та артуда. Себебі, тың идеялар мен бірегей ойлар шығармашылықпен тығыз байланыста болады. Әлем тек бір бағытта ғана дами алмайды. Осы орайда адамның рухани дүниесі мен сана-сезімі өнер әлемінен қанығып, тыныштық табады.


Сонымен қатар, мемлекеттің әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті дамыған ел болуы үшін бар сала жан-жақты қамтылуы тиіс. Бұл ретте білім беру, денсаулық сақтау және экономикамен қатар, мәдениет саласына да баса назар аударылады. Қазіргі таңда республикамыз бойынша түрлі мәдениет ошақтарында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.



Ағымдағы жылғы 15-қыркүйек пен 28-қазан аралығында Елордамыз Астана қаласының TSE Art Destination галереясында тұңғыш рет «Astana-Art Show 2018» халықаралық көрмесі өтеді. Аталмыш көрме аясында қырыққа жуық отандық және шетелдік суретшілер өздерінің  мүсіндері, арт-объектілері, суреттері мен бейнелері арқылы әлемге деген көзқарасын бейнелейді.



Осы шараның ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РММ, Рухани Жаңғыру Басқару Кеңсесі, Artios Art Advisory. Заманауи Қазақстанның бейнелеу өнері халықаралық биенналесінің негізгі шарасы болып табылатын Astana Art Show үш көрмеден тұрады. Осыған орай  Astana Art Show көрмесінің тәлімгерлері - Дина Байтасова, Асель Ахметжанова.



«Astana Art Show» көрмесінің ашылуына қатысты Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында көрменің тәлімгері Дина Байтасова бірінші көрменің тақырыбы «Metamorphosis» деп  айтып өтті. Бұл жобада суретшілер өздерінің ішкі жан-дүниесін, сезімін, әлемде орын алып жатқан елеулі мәселелерге деген көз қарастарын зерттеп, талдайды.



Бірінші көрмеде жиырмадан астам қатысушылар өз жұмыстарын көрсетті. Олардың кейбіреуі ірі халықаралық көрмелерде жарияланған, ал өзгелері осы шоу үшін арнайы әзірленген.



– Көрмеге қатысушылардың арасында белгілі жапондық фотограф, «Я, Обломов» атты танымал автосуреттер топтамасының авторы Икуру Куваджима бар. Сондай-ақ, Лондонда шеберлігін таныту арқылы үлкен табысқа қол жеткізе білген қазақстандық Аза Шаденова өзінің туындыларын елордалық өнер сүйгіштерге паш етеді. Ал жас суретші Әділ Аубекеров астаналықтар мен Елорда қонақтарын ғимараттардың біріндегі жаңа арт-объектімен қуантады. Суреттер мен көрсетілімдерді TSE Art Destination галереясында және оның айналасынан тамашалауға болады, - дейді Дина Байтасова.



Сонымен қатар, көрменің тәлімгері 22-қыркүйектен бастап, «Қайта жүктеу. Кеңістікті оңтайландыру» атты екінші көрмені тамашалауға болатындығын жеткізді. Аталмыш көрме аясында елордалықтардың назарына Орталық Азия мен Қазақстаннан 16 жас суретшінің туындысы ұсынылады. «Қайта жүктеу. Кеңістікті оңтайландыру» көрмесінің тәлімгері - Айгүл Ибраева болса, «The Ghost Expedition» көрмесінің тәлімгері - Анвар Мүсірепов.



«The Ghost Expedition» үшінші көрмені ұйымдастырушылар Еуропалық одақ болып табылады. Еуропа мен Қазақстанның бір топ суретшілері осы жоба аясында Маңғыстау облысының қасиетті орындарын шығармашылық зерттеулерінің қорытындыларын көрсетеді.



Сонымен қатар, Astana Art Show көрмесі аясында белгілі суретшілердің бұқаралық лекциялары, шеберлік сағаттары мен кураторлық саяхаттар өткізіледі. Және іс-шараның қонақтары үшін жағымды тосын сыйлар дайындалуда.



«Astana-Art Show 2018» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне әлемдік деңгейдегі музыкант Benjamin Skepper арнайы қонақ ретінде қатысып, өзінің перфомансын ұсынды.



Бүгінде Benjamin Skepper заманауи технологиялар мен ғылыми инновацияларға шығармашылық леп беру арқылы жаңа музыка туындыларын жарыққа шығаратын музыкант болып табылады.



Мақала авторы: Ruh.kz


Ruh.kz
www.inform.kz