21 Маусым, 2018
Елордада киелі жерлерді насихаттайтын фильмдердің көрсетілімі басталды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы үш күндік мәдени күндері басталды.


Оңтүстік өлке күндері аясында бүгін елордадағы «Оқушылар» сарайында «Кино – руханияттың көзі» тақырыбымен Оңтүстікте түсірілген анимациялық және көркем фильмдер көрсетілімі өтуде.



Тарихи-танымдық, балалар мен жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелейтін «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» атты телехикая астаналық балғындардың назарына үш күн бойына ұсынылады.



Аталған фильмдер Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен өңірдегі «САҚ» киностудиясы түсірілген.



Көрсетілімнің ашылу салтанатында сөз алған ОҚО мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Темірхан Асылхан күнгей өлкедегі тарихи-киелі жерлерді балалар тілімен насихаттауға бағытталған анимациялық фильмге деген бетбұрыс ұрпақ тәрбиесіне де мол әсер етіп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің сүйікті кейіпкерлері, «Қалқанқұлақ» телесериалының басты рөлдерін сомдаған Олжас пен Бақберген де астаналық жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Астананың 20 жылдығымен құттықтады.



Айта кетсек, өткен жылы мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы аясында «Күш атасы — Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты 3 анимациялық фильм және «Көне жетігеннің сыры» 10 сериядан тұратын телехикая мен «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» аты деректі фильмдер түсіріліп, қоғам назарына ұсынылды. Аталған туындылар Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан, қалаларындағы 1 миллионнан астам мектеп оқушылары мен тұрғындарына «Кино-руханияттың жаңғыру көзі» бағыты аясында көрсетілсе, жергілікті телеарналарда да тұрақты түрде насихатталуда.



Сонымен қатар, өңіріміздің аудан, қалаларында да жергілікті әкімдіктердің қолдауымен туған жер қасиетін танытатын бірқатар анимациялық фильмдер жасалды.  Олардың ішінде Отырар ауданы әкімдігі тапсырысымен дайындалған «Отырар дастаны», «Көне құмыраның сыры» және Бәйдібек ауданы әкімдігінің қолдауымен түсірілген «Бәйдібек би» фильмдері бар.



Биылғы жылы "Рухани жаңғыру" аясында «Төле би» телесериалы  мен «Оқсыз», «Ордабасы», «Түркістан» анимациялық  фильмдері түсіріліп бітеді. Оларды да көгілдір экраннан жас буынға көрсету - жоспардағы мақсаттардың бірі. 



Ана тіліміздегі ертегілердің желісінде түсірілген анимациялық фильмдер мен көркем кинотуындылардың көптеп түсіріліп, қоғам назарына ұсынылуы - "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақала аясындағы көптеген игіліктердің бірі. Ал жасалған дүниелерді еліміздегі мектеп оқушыларына көрсету - ұлттық сананы жаңғырту мүддесінде іске асып жатқан тамаша бастама. 



Бүгінде шетелдік анимациялық туындылардың батырын тұлға санап өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасын рухани жаңғырту үшін және ұлттық болмысымызды айшықтау үшін дәл осындай бастамалар қажет-ақ. Ұлттық сананы жаңарту, ұлт болашағы деп есептелетін жас буынның бойына патриоттық сезім орнату секілді рухани мәселелерді жою жолында оңтүстік өңірдің мамандары жасаған мультфильмдер үлкен рөл ойнайды. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде іске асқан ұлттық құндылықтардың технологиялық тұрғыда насихатталуы.


ruh.kz
Asiarussia.ru