30 Маусым, 2018
Елордада «Көшпенділер әлемі» атты этнофестивалі өтуде

Үстіміздегі жылдың 30-маусым күні елордадағы этноауылда "Көшпенділер əлемі" халықаралық көшпенділер мәдениетінің фестивалі басталды. Айта кету керек, аталған фестиваль алда келе жатқан Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр.


Фестиваль Венгрия, Болгария, Түркия, Украина, Ресей (Башқұртстан, Якутия), Қырғызстан мен Қазақстан өкілдерінің және "Қазақстан Барысы", "Көкпар", "Аударыспақ", "Жамбы ату" секілді ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Чемпионатына қатысушылардың салтанатты шеруімен басталды. Шеруге барлық қатысушылар мен көрермендер, жанкүйерлер, ұлттық нақыштағы фестивальдің қолдаушылары дәстүрлі киімдерімізді киіп, Астана төрінің сәнін келтіре түспек.



"Алда келе жатқан елордамыздың 20-жылдық мерейтойы құтты болсын. Биыл мереке аясында көптеген ірі - ірі мәдени - экономикалық, спорт шаралары өтеді. Бүгін басталған "Көшпенділер əлемі" осы 20-жылдық мереке қарсаңында жəне "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған ерекше салтанаты бар, мəн-мағынасы өте терең шаралардың бірі болады деп ойлаймыз", - деді Астана қаласы əкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.



Екі күнге жалғасатын этнофестивальдің алғашқы күнінде Қазақстан, Венгрия, Болгария, Башқұртстан мен Түркия командалары күні бойы өнер көрсетеді. Ұлттық спорттың бірнеше түрінен бәйгеге түстетін құрамалар өзара түрлі жүлделерді сарапқа салмақ. Ұлттық спорт түрлерінен өтетн бәйгелердің ішіне көкпар, аударыспақ секілді ат спорты түрлері де енген. Содан кейін қатысушылардың мергендігін сынайтын «Жамбы ату» сайысы бар.



Фестиваль ұйымдастырылған аумақ 7 ауылға бөлінген. Мұнда жаужүрек сарбаздар, садақшы мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар, музыканттар жəне қолөнер шеберлері өнер көрсетіп жатыр. Олар сан түрлі қойылымдар қойып, ұлттық ойындар ойнап, ас əзірлеп, көрермендерді тәнті етуде.



Құрамалар спорттан, ұлттық ойындардан өз өнерлерін көрсетіп болғаннан кейін осы ауылдарға бөлінеді. Кәдімгі қайнаған ауыл тіршілігі. Буы бұрқырап, балбырай піскен жас жылқының еті, тұзға қызара піскен қыстан сақталған сүр ет, майы сыртына шығып тұрған қазы, одан кейін саба-саба қымыз, міне, қазақтың әдеттегі күні осындай болған. Өткен тарихпен байланыс жасау үшін осындай этнофестивальдерді көптеп ұйымдастырып тұру керек. Және бұл міндет мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да нықтап көрсетілген. Мақалада бүгінгі ұрпақтың алдында өткен тарихты, ұлттық құндылықтарды, ұлттық болмысымызды дәріптеуіміз керек делінген.



Сондай-ақ, фестиваль аясында "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ мен "QazaqGeography" РҚБ арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл да бүгінгі күннің қуанышты жаңалығы. Осындай үлкен ұжымдар ынтымақтастық туралы келісімге келіп жатса, «Рухани жаңғырудың» жүзеге асқаны осы емес пе?


ruh.kz
Theworldnews.net