16 Сәуір, 2019
Елордада тұңғыш рет «Абай әлемі» фестивалі өтті

Отанымыздың төрінде тұңғыш рет қазақтың бас ақыны, ұлт руханиятының асыл қазынасы Абай хәкімнің шығармаларына арналған қалалық байқау болып өтті. Шараның Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайы ұйымдастырды. Қай заманда болсын Абай мұрасы, оның шығармалары – ұрпақты адамгершілікке, елшілдікке, имандылыққа тәрбиелейтін аса зор әі қуатты өнер саласы.  


Ормандай орыс үшін Пушкин мен Толстой, француздар үшін Гюго, ағылшындар үшін Шекспир мен Байрон қандай дәрежеде ұлық әрі қастерлі есім болса, қазақтар үшін, қаймана жұрт үшін Абай Құнанбайұлының да есімі айрықша еді. Бүгінгі қазақ «Рухани жаңғыру» жолында жүрсе, сөзсіз Абай мұрасынан тәлім алып, ғибрат іздеуі керек. Ұлт жанашыры, белгілі әдебиет зерттеушісі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, қалалық Оқушылар сарайының директоры, білікті педагог Ербол Іргебай мырзаның идеясымен тұңғыш рет елордада «Абай әлемі» фестивалі өзінің жұмысын бастады. Енді жыл сайын Абай ғақлиясының дәнегін, даналығын тарататын, ізгілікке тәрбиелейтін рухани мәні зор, ауқымы кең шара жүзеге асырыла бермекші. Бастысы сең қозғалып, игі іс жүзеге асты.



 





Абай әлемі – қашанда тағылымды, сырлы әрі терең. Абай – қазақ елі үшін орасан зор тұлға. Халқымыздың рухани мұраты, өмірлік биік мектебіне айналған асыл тұлға! Сонымен, фестиваль «Абайдың қарасөздері», «Абайдың әндері» және «Абай шығармаларына арнап салынған бейнелеу өнері» номинациялары аясында ұйымдастырылды. Шараға жүз астам оқушы қатысты.





«Абайдың қарасөздері» номинациясы негізінде алпыстан астам қатысушының арасынан оқ бойы озық тұрып, ерекшеленген өрендер жеңіс тұғырынан көрінді. Бас жүлдені № 77 мектеп оқушысы Мақаш Ақерке, жүлделі І орынды №40 мектептің оқушысы Орынбасар Нұрислам, ІІ орын    № 57 мектеп оқушысы  Қуанышева Әсем мен № 74 мектеп оқушысы Құрбан Әбубәкірге бұйырды. Ал, ІІІ орынды Закария Бақыт, Ермахан Әйгерім, Рахметолла Жұлдыз өзара бөлісті. Абайдың даналық сөзін жаттап, мәнерлеп оқыған қатысушылардың білігі мен дайындығына ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ербол Іргебай, абайтанушы-ғалым, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаштың Ақ жолы» сыйлығының лауреаты Заңғар Кәрімхан және балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай қазылық етті.





 Байқауға қаламыздағы барлық орта білім беретін мектептердің алғыр да, қағілез, зерек оқушылары қатысып, бақ сынады. Алдағы жылдары қатысушылар санының артып, Абай мұрасына ынтызар оқушылардың тобы көбейер деп сенеміз. Абай әлеміне ынтығып, қызығып келер жас ұрпақ көп болса, еліміз рухани дамып, өсетін еді.





Елдос Тоқтарбай,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz