18 Қазан, 2017
Ең үздік ауыл – Шыңғожа

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өңірімізде 15 шілде мен 30 қыркүйек аралығында «Үздік шағын қала», «Үздік аудан» және «Үздік ауыл» аталымдары бойынша облыстық байқау ұйымдастырылды.  


Бұл мақсатта аймақта арнайы көшпелі комиссия құрылыпты. Комиссия мүшелері үздік атағына үміткер 15 ауыл мен кенттен, 2 шағын қала және 15 ауданнан инфрақұрылымы дамыған, барынша көгалдандырылған, абаттандырылған елдімекендер таңдап алынды. «Байқаудың бас­тапқы кезеңінде өтінімдер жиналып, үміткерлердің тізімі жа­салды.



Бұдан соң 14 тамыздан 8 қыркүйекке дейін конкурстық комиссия мүшелері таңдалып алын­ған елді мекендерді аралап көрді», дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бас­шысының орынбасары Ринат Болатқан. Елді мекендер ғимарат­тар­дың, көше шамдарының, асфальт жабындысының, қоршау­лардың, архитектуралық кел­бетінің, балалар алаңдарының, тұрмыстық қалдық алаңша­ларының, жеке үйлердің жағ­дайы және тағы басқа да өл­шемдер бойынша ба­ғалан­ды.



Құрамына облыстық бас­қар­малардың, «Нұр Отан» партия­сы филиалының өкілдері және қоғамдық кеңестің мүше­лері енген комиссияға облыс әкі­мінің орынбасары Серік Ақта­нов жетекшілік жасады. Сонымен, «Үздік шағын қала» аталымында 1-орынды Аягөз, екін­ші орынды Ше­монайха шаһары иеленсе, «Үздік аудан» аталымында 1-орынды Зайсан, 2 және 3-орындарды тиісінше Үр­жар мен Катонқарағай аудан­да­ры қанжығаларына байлады.



Аягөз ауданындағы Шыңғожа ауылы «Үздік ауыл» деп таныл­са, Шемонайха ауданының Камышенка және Тарбағатай ауданының Ақжар ауылдары 2,3-орындарға табан тіреді. Ал­дағы уақытта байқау жеңім­паздарына абаттандыру мақса­тында гранттар табысталатын болады.



Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»



Шығыс Қазақстан облысы



 


https://egemen.kz/