8 Тамыз 2019 Ruh.kz 691

Энергетиктен суретшіге дейінгі жол

 | RUH.kz Фото: Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz

«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

Елестетіп көріңізші, он жыл бойы таңнан кешке дейін жұмысын зауытта өткізген электрик-энергетик маманы өз өмірін бір мезетте өнер жолына арнады. Қалай болады екен? Зауыттың қара түтіні мен қолға қыл қалам ұстап әлемнің сұлулығын бейнелеу – екеуі екі түрлі құбылыс қой. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ екен. Бұл сөздерімізге дәлел ретінде сіздерді Нұртазин Азаматпен таныстырғымыз келіп тұр.

Ruh.kz: Азамат, қайырлы күн! Біздің оқырмандар үшін өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

Азамат Нұртазин: Қайырлы күн! Әрине. Өзім Павлодар облысының орталығы Павлодар қаласының тумасымын. Бейнелеу өнерін мектеп табалдырығынан бастап жаныма жақын тарттым. Бала кезден сурет салуды өз хоббиіме айналдырдым. Алайда, бұл құштарлығым өмірімнің біраз уақытында тек қана жан қалауы болып қала берді. Күйбең тіршіліктің салдары да шығар, мектеп бітірген соң бейнелеу өнерін негізгі мамандығым ретінде таңдамадым. Жоғары оқу орнын элеткроэнергетика мамандығымен тәмәмдап, Павлодар қаласының зауыттарының біріне қызметке орналастым. Зауытқа және электрик мансабыма өмірімнің тура он жылын арнадым. Осы уақыт аралығында өзімді сурет салу өнерінің абстракция бағытында таба білдім. Зауыт жұмысшысы бола тұра сурет салуды жанымнан тастамадым. Қазір есіме түсіп отыр, сол кездері менің қызметтестерім мен достарым «өнерлі энергетикті» феномен ретінде көретін (күлді). Олар таң қалатын: «Нақты ғылым – энергетиканы тәмәмдаған маманның жаны сурет салуды қалайша қалап тұрады?» – деп. Әкемнен дарыған қабілет тұла бойымда тыныш жата алмаған шығар (күлді). Оның үстіне Павлодар қаласының көптеген суретшілерімен жиі байланыста болдым. Туындыларымды дүниеге алып келерде міндетті түрде кәсіби мамандармен ақылдасып отырдым. Міне, жылдар бойы сурет өнерін бағалайтын адамдармен бір толқында болуымның арқасында болар, 2018 жылы зауытты тастап, өнер жолына кәсіби түрде бет бұрдым. Жоғары оқу орнына оқуға түстім. Қазір өнердің заманауи бағытын ұстанамын. Өзім туралы қызықты да қысқаша ақпарат осындай болады.

Ruh.kz: Қазіргі заманауи өнерді қалай түсінесіз?

Азамат Нұртазин: Менің жеке ойыма келетін болсақ, бізді қоршаған дүниелердің барлығын пайдаланып түрлі өнер туындыларын жасауға болады. Мысалы, металды алып қарайықшы. Ұстаса суық, адамға шабыт бермейтін зат сияқты. Бірақ заман суретшілері бұл металдан әлемді таң қалдыра алатындай туынды жасай алады. Әйнек немесе шыны. Табиғатынан нәзік болып келетін затты қолданып тамаша инсталяцияны неге дүниеге алып келмеске? Болмаса зауыттың құбырлары мен энергетика саласындағы молекулаларды қазақы нақышпен сабақтастыра отырып сурет салу. Адамның ойында және табиғатта бір-бірімен үйлесе бермейтін дүниелерді үйлестіріп, олардың арасында өзара гармонияны таба білуді заманауи өнер деп білемін.

Ruh.kz: Сіздің туындыларыңызға тоқталып өтейікші.

Азамат Нұртазин: «Әлем біздің жүрегімізде» картинасын зауыттың қарапайым жұмысшысы болған кездері - 2013 жылы жазып бітірген едім. Бұл туындым арқылы өзімнің қоршаған ортаға деген сезімімді, қуанышымды білдіргім келген еді. Негізі картинаны салу жұмысы барысында оған эксперимент ретінде қараған болатынмын. Картинаны салар алдында бір жылдай уақыт аралығында қазақтың петроглифтерін және ұлттық ою-өрнектерді арнайы зерттедім. Атомдар мен молекулаларды, физика элементтері мен Ұмай ана образын және ұлттық ою-өрнектерді өзара ұштастырғанда қандай қортынды шығады? Бұл сұрақтың жауабы ретінде «Әлем біздің жүрегімізде» дүниеге келді. Картинаның ортасында орналасқан Ұмай ана адамзаттың жүрегі образында, ал трансформаторлар мен реакторлар күйбең тішіліктің образымен пара-пар келеді. Эксперимент ретінде сала бастаған суретім толық аяқталған туындыға алып келді. «Әлем біздің жүрегімізде» менің мақтанышым!

5.jpg

«Арман. Сенім. Шабыт.» композициясына да тоқтала кеткім келіп отыр. Бұл туындыны өткен жылы қыс мезгілінде салған едім. Павлодар қаласында туған жерімнің ең көрікті жері – Баянауылға арналған көрме аясында дүниеге келген композиция. Осы уақытқа дейін кенеп пен май техникасын көп пайдалана бермейтін едім. Арман, сенім,  шабытқа абстракцияны асыра пайдаланғым келген еді. Баянауылдың тастарын арнайы техниканың көмегімен мың есе ұлғайтып, тастың түрлі түстерін зерттеп, қарадым. Көзім көріп, жүрегім сезген тіршілікті шеберлігім ақ параққа түсірді. Шабыт – қызыл түсті көргенде әр адам энергияны сезінеді. Арман – қою көк түсті күнделікті тіршілік болса, сары түс арманға жетелейтін жол. Сенім – тұнық теңіз секілді. Қызыл, күрең, қанық сары түстер адам жанына жылулық, сенімділік ұялатады.

0Z9A9854.jpg

Ruh.kz: Шабытыңызға шабыт тілейміз!

P.S. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткен келесі сөздері әр қазақстандыққа қатысты: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос­қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға­ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз». Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері суретші Азамат та өз таланты мен еңбекқорлығын қазақтың заманауи өнеріне түбегейлі арнау үшін өз өмірін өзгерте білді. Сіздің ішкі дүниеңіз бен сыртқы әлеміңіз қарама-қайшылықта өмір сүріп жатса, мүмкін ойланатын кез келген шығар? Қазақ қоғамына «кірпіш» болып қалану үшін өзгерістер қажет шығар? Электрик-суретші Азаматтың жауаптары сізге ой салды деген үміттеміз.

 



Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ

Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

18 Тамыз, 2019

Ақбоз ат (венгр халық ертегісі)

18 Тамыз, 2019

Абайсыз рухани жаңғыру мүмкін емес!

17 Тамыз, 2019

Бесік жыры

16 Тамыз, 2019

Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады!