5 Сәуір, 2019
Ер Тоқпанбет

Қазақтың далалық ауызша тарихында көп айтылған батырлардың өнегесі мен тағылымы қай заманда құнды әрі маңызды. Дүние көшінен өткен тарихи тұлғаларымыз туралы оқимын деген адамға мәлімет көп.


Ілияс Жансүгірұлы «Күй» поэмасында: «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы, Матайда Кенже, Тұңғат Сақайдағы», - деп жазады. Тұңғат - Ер Тоқпанбеттің әкесі. Тұңғат аузына дуа қонған, айтқаны дәріп, батасы теріс кетпеген сара, түс жорығыш, көріпкел, сәуегей болыпты.  Жорыған түсі нақты келген дәуперім екен. Көзі мен тілі мірдің оғындай, жақтырмағанын шалыпты. «Қазақнама» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Тұңғат – батыр, жауынгер болған», - деп жазады. «Тұңғат бабаға дуа қонған киелі, қасиетті кісі. Әруағына тіл тигізбеңдер! Тұңғаттың айтқаны мірдің оғындай дәл келетін, өзі көріпкел», - деп ескертіп отыратын бұрынырақ өткен білгір аталар. «Ататек» өлең-шежіресінде Толғанбай ақын: «Тұңғатқа қасиетті тіл тигізбе, тірі боп жер бетінде жүрсең аман», - дейді. «Ақын Сара» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Тұңғат баба сөзді тұңғиық тереңнен тартып сөйлегенінен елінде Асанқайғы атанып кеткен», - деп жазады.



 Тұңғаттың кіндігінен өмірге сегіз ұл жаралыпты. Алтауы бәйбішеден, екеуі кіші  әйелінен екен. Бәйбішесінен  туған төрт ұлы жоңғар жойқынында  жастай қаза болып, олардан ұрпақ қалмапты. Қалған төрт нәсілі Аманбай,  Аталық, Тоқпанбет, Тастемір ұрпақты болып, өніп-өсіп ел болды.





Ер Тоқпанбет ұрпағы, ҚР ҰҚК ардагері Ақшамбек Барысбекұлы



 Тұңғаттың төрт ұлы да ерлігімен елге танылыпты. «Әке балаға сыншы» демекші, Тұңғат дуа өз батасын ұлдарының ішінен еректеп Тоқпанбетке беріпті. Әкесінің дуасы, сәуегейлігі, ақылы, қайтпас қайсырлығы, батылдығы інісі Тастемір екеуіне бірдей дарыпты. Екеуі жұптарын жазбай, тату өсіпті.



 «Ақтабан шұбырынды, Алқақөл сұлама» тұсында Тоқпанбет Матай Бөрібай батырмен бірге ел-жұртын амалдап Алтайдан Жетісуға, Жетісудан Бетпақдалаға, одан Сыр, Арқаға көшіріпті. Бөгенбай батыр мен Абылай хан қосынына барып қосылыпты.



 Қазақ қолдарымен бірлесіп Ер Тоқпанбет 1724 жылы Түркістанды жау қолынан азат етуге қатысады. 1725 жылы Отырар, Сайрам, Түркістан аймағын жау қолынан азат етуде ерен ерліктерімен танылыпты. Қаратаудағы Теректі алқабында, Боралдайдың саласында, Садыр-Қамалбұлақ деген шағын өзенде қалмақтардың қалың қолын қазақтың біріккен қолымен талқандапты. Жаудың қашқандарын Үлкентұз тауына қуып тығып, жойыпты. Ер Тоқпанбет 1726 жылғы Ордабасыдағы алқалы жиынға қатысқан ел тірегі.



  Ер Тоқпанбет қалмақ-жоңғарлармен соғыста көрсеткен жеңісті ерліктері үшін есімі бүткіл Кенже елінің ұранына айналыпты. Ер Тоқпанбет 1728 жылы Шұбаркөл, Бұланты өзені бойында қазақ қолының алғашқы жоңғарларға қарсы тойтарыс беру соғысы «Қалмақ қырғанға», одан 1730 жылғы тамыз айының аяғында өткен Алакөл маңындағы «Аңырақай» соғысына қатысқан жампоз. 1732 жылы жеті мың қолдан тұратын жоңғар әскері Орта жүзге шабуыл жасайды. «Қысқа күнде қырық шапқан» қалмаққа зор тойтарыс беріледі. Ер Тоқпанбет бел жазбай, бұл шайқастан сырттап қалмаған. Жоңғарлар 1739 жылы 10 мың қолмен және 1742 жылы 20 мың қолмен Орта жүз жерін қайта ойрандайды. Зеңбіректен оқ атып қазақ қолын талқандайды. Соған қарамастан жоңғарға тойтарыс беріледі. Осы тойтарыс соғыстарда Бөрібай батыр мен Ер Тоқпанбет ерен ерлік, ұйымдастыру қабылетімен еректеніп, елді Бетпақтың даласына жасырып, аман алып қалу қамын жасапты.



 1745 жылы жоңғарлар үлкен қолмен Орта жүзді тағы шабады. Бірақ, бұл жолы зеңбіректері болмапты. Осы соғыста беделді қазақ батырлары мен ел билеушілері түгел бас қосып, жоңғарға екпінді қарсылық көрсетеді. Көп күндерге жалғасқан жекпе-жек ұрысы болады. Ер Тоқпанбет Матай елі атынан, Бөрібай батырдан кейін, осы шайқаста үш рет қатарынан жекпе-жек ұрыс майданына шығып, үш рет жауын жеңеді. Сол үшін Ер Тоқпанбет Абылай ханнан «үш тоғыз өсімтал бол» деген бата алады. Оғанға дейін Ер Тоқпанбеттің арғы атасының ұрпағы бір-бірден болып, өспей келіпті. Абылай ханның батасынан кейін аталар ұрпақтары «өсімтал» болып өседі.



 Шежіреші-ғалым филология ғылымының докторы Темірхан Сақаұлы Тебегенов: «Ер Тоқпанбет – қазақтың алып батырларының бірегейі», - деп бағалапты. Орталық мұрағатта: «Ер Тоқпанбет 1742 жылы Кіші жүз және Башқұрт жасақтарын басқарып, шекараны қорғап, Жайықтың төменгі ағысындағы мекендерді дұшпандардан тазартқан», - деген дерек кезігеді. Себебі, Гоктың 1742 жылғы, Вельяминов-Зерновтың 1748 жылғы жазба еңбектерінде: «Найман-Матайлар да сол кезде Сары-Арқаны жайлап, бір шеті Кіші жүзге - Орынбор маңындағы Елек өзені бойына дейін қоныстанған», - делінеді. Бас штабы Әбенті көлінің бойында орнығыпты. 1742 жылы, 18 шілдеде Әбілқайыр хан Қарасақал басқарған отрядқа шамасы келмей, ақ патшадан жазалаушы мың жендет жіберуін өтініп хат жазыпты. 1740 жылы Оралдың арғы жағындағы Әбілқайырдың қол астынан Башқұрттың бүлікшісі атанған Қарасақал қашып кетеді. Әбілқайыр ханнан ыққан Қарасақал Ер Тоқпанбетке барып паналайды. 1740 жылы 10 шілдеде сенатқа жазған хатында Орынбор комиссиясының басшысы князь В.А.Урусов: «Қарасақал өзінің досы Ақкүзеумен және бір топ жақтастарымен Ұлқиян-Бастау деп аталатын өзеннің жанындағы тауға қамалған. Қарасақал жараланып, қазақ қолына тұтқынға түскен. Орта жүзге танымал адам старшина Бөгенбай батыр осы мәселенің хабарымен келді. Бөгенбай батырды марапаттап, қазақ билеушілерінен Қарасақалды Орынборға, полковник Л.Я.Останковқа әкеліп тапсырулары керек екендігі туралы грамотамен еліне қайтардық», - деп хабарлапты. «Қарасақал Ұлы жүз үйсін Төле биге жіберілді» деп, 1740 жылы 21 тамызда жауап беріліпті. Орыстар Қарасақал басына 500 рубль бәйге жариялапты. Қарасақалды қазақ басшылары қалмаққа қарсы пайдаланбаққа Сына (Шона) деп атапты. Қарасақал «Сынамын» деп алдап, орыс пен жоңғардың естерін алады. Қазақтар бас сауғалап келген бауырлас Қарасақалды ұстап бергісі келмейді. Башқұрт Азынабай Қарақозыұлы 1742 жылы, 16 қарашада тыңшы болып қазаққа келіп, Қарасақалды қазақтар қайтармайтынына орыстардың көзін жеткізіпті.



 Кіші жүз Әбілқайыр хан Қарасақалды Галден Церенге ұстап бермек болғанынан Ер Тоқпанбет қорғап паналатады. «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, «Лауха» ғылыми зерттеу орталығы 2011 жылы шығарған «Қаз дауысты Қазыбек би» кітапшасында: «Ресей отаршылдығына қарсы Башқұрт көтерілісін бастаған атақты Қарасақал батыр Қазақ даласына қашып келген. Қарасақалды паналатуды шешкен атақты Қазыбек би болатын», - делінеді. Ер Тоқпанбет Қазыбек бидің тапсырмасын бұлжытпай орындаған. Орта жүздің бас қолбасшысы тархан Жәнібек пен Ер Тоқпанбет арасында достық қарым-қатынастар орнаған. Тархан Жәнібек қалмақ нәсілді әйелінен туған екінші ұлының есімін Тоқпанбет деп атапты.



 Бас сардарбек Қанжығалы Бөгенбай батыр Ер Тоқпанбетті 10 мың қол, яғни бір түмен, басқаруға тағайындапты. Он мың әскери құрылымды басқарған батырға ту беріліпті. Ер Тоқпанбеттің басында жамбыкөз алтыны, бөрі басы мен ай бейнесі бернеленген ақ туын Қожамұратұлы Балтабай ақсақал 1930 нәубат жылға дейін сақтап келіп, жамбы көзін өзі алып жерге көміп, ал тудың матасын ағайын-туыс ырымдап, кішкенеден паршалап, бөліп алыпты. Ер Тоқпанбеттің ұстанған қылышы туралы ел аузында:



                                «Күмістен нақыстаған алтынменен,



                                 Қылыштың жарқылдайды балдақшасы», - деген сөз қалыпты. Басына киген дулығасының төбесі «туған айдай» болған делінеді. Бөгенбай батыр бас болып, қазақ қолы 1753 жылы күзде жоңғардың Сайын-Бөлек пен Үнемкей-Жырғал ауылдарын шабады. Дэрбет пен Хойт ауылдарын тоздырып жібереді. Бұл шабуылда Ер Тоқпанбет мыңдығы жеңісті ерліктер көрсетіпті.



 Жоңғар билеушісі Лама Доржы 1754 жылы 10 мың қолмен қазақ еліне шабуыл жасайды. Абылай хан басқарған қазақ қолы қарсы шығып, жеңіліске ұшырап, 300-дей сарбаздарынан айырылады. Осы соғыста Ер Тоқпанбеттің өзі жауға жұмсаған туған інісі Тастемір батыр мерт болады. Абылай хан қарымта қайтару негізінде 1755 жылы жазда екі бағытта жоңғарларды шабады. Ер Тоқпанбет бес қаруын асынып, інісі үшін кек алуға шығады. Абылай хан басқарған қазақ қолы Лама Дабашының қыруар әскерін Талқы асуынан асырып, Қорғас пен Құлжаға дейін тықсырады.





 



Жазушы Жемісбек Толымбеков пен батыр бабаның ұрпағы Ақшамбек ата



 Қазақ жасағы қанатын кең жайып шығысқа қарай бет ала бастайды. Ертіс өзенімен Баянауыл таулары аралығындағы қолайлы жер «Серіктас» деп аталатын бекініске қазақ жерлерінен шегінген жоңғар әскерлерінің қалдықтары жиналады. Бөгенбай сардарбегі бастаған жасақтың ішінде Ер Тоқпанбет, Бөрібай батыр, Баян батыр, Малайсары батыр, Жауғаштың ұлы Шоқпар батыр болады. Олар барлау жұмыстарын да атқарады. Қаптағай Бөрібай батыр мен Басентиін Малайсары батыр осы соғыста мерт болады. Серіктас соғысы 1756 жылы өткені белгілі. Орыс шежірешісі Н.Г.Путинцев Омбыдан 1891 жылы шыққан «Хронологический перечень из историй Сибирского казачьего войска» кітабында: «Қазақтар жоңғарларды Ертіске жеткізбей, аямай қырды. Өз еріктерімен берілгендерін құлдық пен күңдікке әкетті», - деп жазады. Серіктаста Жоңғардың ең соңғы жойқын күші талқандалған. Бұдан кейін күш ала алмаған жоңғарлар Қытай жемсауына жұтылып кеткені тарихтан белгілі.




 1754 жылғы Қапал-Арасан маңындағы қазақ-қалмақ соғысы қазақтар жеңісімен аяқталады. Жоңғар-қалмақтар қазақ жеңісін мойындайды. Бітім сұрайды. Аякөз өзенінің Балқашқа құяр тұсы Лайсуда көк қасқа айғыр, қара бас қошқар сойылып, қолдарын қанға малып, кешу сұрасып, екі жақ шартқа отырады. Мамыр - береке, көңілден қайғы-қасірет кетіп, шаттық келді дегенді білдіреді. Осы бітімнен кейін қазақ елі Зайсан мен Тарбағатайдан аса орнығады. Матай елінің Шыңғыс тауына орналасуы осы жылдан бастау алады. Ер Тоқпанбет Лай судағы «Қанды жап» келісімінің алдында, қолбасшы, сардарбек Бөгенбай батырдың басқаруымен жоңғарды Тарбағатай, Итарқадағы Қоймаңырақ, Қозымаңырақтан қуған батырлармен бірге болады. Бұқар жырау: «Асу салған тас бұзып,



Тарбағатай белінен.



Қол қондырған қос тігіп,



Бөрілі деген жерінен.



Қалмақты шапқан шулатып,



Ақшәулінің өрінен.



Қоныс қылған Найманға,



Бәрін қуып жерінен.



Қаракерей Қабанбай,



Қанжығалы Бөгенбай.



Қаз дауысты Қазыбек,



Қу дауысты Құттыбай,



Шақшақұлы Жәнібек.



Есенгелді ер Қызай,



Қаптағайда Бөрібай,



Кенжеде Ер Тоқпанбет,



Тентек Матай Қалыбай.



Ормандай көп орта жүз,



Болған тұғыр анық-ай», - депті.



 Ер Тоқпанбет 1756-1757 жылдары Шығыс Түркістан жеріне аяқ басқан Қытай әскерімен болған шайқаста да соғысқан. Себебі, Шығыс Түркістан жеріндегі Уәйіс хан мазарында Ер Тоқпанбеттің үшінші атасы Сақай жерленген. Сақай бабаның зираты әлі сонда жатыр. Абылай хан басқарған қазақ қолы Жетісуда Қалмақ-Толағай тауының етегінде, одан Аягөз бойында Цинь әскерлеріне ауыр соққылар берген.




 Ақмолданов Сатыбалды: «Әкем көп айтушы еді. «Тоқпанбет» деп батырдың тікелей есімін тірі кезінде ешкім атамаған. Шөңкедей киелі қасиеті болып, Тоқпанбетті «Шөңкей» деген лақап есіммен атаған. «Қолағаш» лақап есімі ұрпақтары мен әйелдердің атағаны», - деген деректі 2012 жылы айтқан еді.  «Матай Шөңкей» батыр жайында тарихта айтылғаны бар. Шөңкенің  киесі - арланнан сырттан, құстан сұңқар шыққан сияқты екен. Адам баласының да жаратылысынан Шөңкедей өзгеше, оқшау, киелі, дара ерекшеліктері мен мұндалап көзге түсетіні тарихи шындық. Мұның бір саласын ғылым тілінде ‹гипноздық қасиет› деп атайды. Ер Тоқпанбеттің тумысынан сондай киелі, әулиелік қасиеті болғандығы ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Батыр бабамыздың кие-қасиетіне әлі күнге дейін біліп, естігендер мен ұрпақтары сыйынып жүреді. Себебі, Ер Тоқпанбет қайтыс болар алдында: «Кімде кім қатты қиналғанында есімімді аузына алса, соны рухым қолдайды», - деген өсиетін қалдырыпты.



 Тарихшы Құрбанғали Халиди (1843-1913 ж.ж.) «Тауарих хамса» деген кітабында: «Абылай заманында батыр, сардар болғандар: Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөңкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр», - деп хас батырлардың есімі мен шыққан тектерін меруерттей тізіп, маржандай сүзіп, қастерлеп-қадірлеп атай келе: «Қазақтар шабуылға шығатын екінші жазда торғауыттардан неше мың адам аттанып, өткен жорықтың есесін қайтару мақсатымен Шыңғыс тауына келген. Қазақтар аттанып Қоңыршәулі тауына келгенде, батысқа өткен қалмақтардың іздерін байқады. Қазақтар: «Келген қалмақтар тыныш жатпас, бір жақты ету керек», - деп кеңесті. Қалмақтардың қайда екенін анықтау үшін Матай-Шөңкей батыр Далақу деген жүйрік атына мініп, жан-жақты барлап, «осы тауда болар» деп шамалап жүргенінде, оны қалмақтар көріп қалып, не қылып жүрген «бейсауат адам» деп жабыла қуады. Шөңкей батыр жүйрік атымен жеткізбей қашып, тосқауылда тұрған өз жасақ әскері жатқан жерге тура бастап әкеледі. Тосқауылда тұрған өзінің жасақ әскері әр жерден қалмақтарға тиіп, ұбап-шұбап келе жатқан қалмақ әскерін бас-аяғын жидырмай, қырып салады. Қырылған қалмақтардың жалпы саны үш мыңдай, бағзылар бес мыңдай дейді. Қазақтың бес жүз қолынан бір төре мен тоғыз адамы ғана шығын болған екен», - деп жазады. Қалмақ-қазақ соғысында қалмақтар мұндай дәрежеде жеңіліп, масқара болып абыройдан айырылып көрмепті. Досбер Саурық ұлының «Есенкелді» атты дастанында:



                     «Ту тігіп, тұлпар мініп, әскер бастап,



                      Атақты әр рудан ер жиналды.



                      Алтыбай, Ер Еспенбет, Ақтанберді,



                     Қол бастап, батыр деген атпен келді.



                     Матайдың бір батыры Шөңкей деген,



                    Жәнібек қалың Керей жақтан келді», - деп айтады («Абылай хан», Алматы, Жазушы, 1993 ж, 294-бет). Ер Тоқпанбетті «Шөңкей» деп тұстастары мен заманы бір болғандар атаса керек. Тарихта Ер Тоқпанбет – Шөңкей немесе Қолағаш лақап есімдерімен аталып қалған. Жоңғармен соғыс біткен соң, Қандыжап келісімінен кейін, үш Матай елі Ер Тоқпанбет, Елғонды би бастағандар Шыңғыс тауының өлкесін иеленіп қоныстаныпты.



 Ер Тоқпанбет 1705 жылы туып, 1801 жылы 96 жасында, қыста қайтыс болыпты. Өмірден өтерінде Қоңырбай ұл баласына Ер Тоқпанбет: «Ұзақ жаса!» - деген батасын беріпті. Ер Тоқпанбет өзін ажал аларын сәуегейлік сезімімен алдын-ала сезіпті. «Менің мәйітімді «аманаттап» уақытша жерлеңдер! Немерем Құлтай батыр жорықтан аман оралса? Сол шешеді тұрағымды!» - деп Ер Тоқпанбет артыңдағыларға ақтық тілегін жеткізіпті.



 Мәйітін елі Шыңғыс тауының етегіне «аманат» уақытша қойып, немересі Құлтай батыр жорықтан оралған соң, Түркістандағы Ахмед Ясауи мазарынан қозы жаурын алтынға жер сатып алып, мәйітті түйенің терісімен қаптап, 19 күн жол жүріп, Орта жүздің орталығы, әулие орынға апарып жерлепті.



 «Ататек» өлең шежіре шығармасында Мырзағұлұлы Толғанбай ақын:



                            «Хан Абылай бата алған Бөгенбайдан,



                             Ер Тоқпанбет бата алған Абылайдан.



                             Абылай хан, ер Тоқпанбет Сұлтанда екен,



                             Жаратқан орын берген жақсы жайдан.



                             Ер Тоқпанбет бата берген Айтқожаға,



                             Басына бақыт қонбай ер оза ма?!



                             Айтқожа бата берген Бабекеге,



                             Нәсілі әулиеден шын тазаға.



                             Бабеке бата берген Мұжық биге,



                             Әруаққа қасиетті тілмен тиме.



                             Мұжық би бата берген Шоңды биге,



                             Тірлікте жігіт түсер неше күйге.



                             Шоңды би бата берген Телібайға,



                             Телібай үлгі болған «үш Матайға».



                             Орта жүз, ой-Найманнан Төлек атай,



                             Матай, Кенже болғанда елім Сақай.



                             Ұраным сыйынатын «Ер Тоқпанбет»,



                             Ұрпағы Құлтай батыр болған сондай», - деп дәйекті жырлапты. «Батамен ел көгерер» демекші, Ер Тоқпанбеттің батасы жеті ұрпағына дарыпты.





 



Жазушы, өлкетанушы Жемісбек Толымбековтың батыр баба туралы кітабы



 Ер Тоқпанбет туралы тамтұмдап 1995 жылдан бастап, әлі ізденіп келемін. Білгенімді баспасөз арқылы шығарып, ғылыми негіздеп дәлелдеп те жүрмін. Мәдениет министрлігі мен комитеті Ер Тоқпанбет туралы еңбегімді қабыл көрді. Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген батырлар тізіміне Ер Тоқпанбет (Қолағаш баба) Тұңғатұлы (1705-1801 ж.ж.) деп енгізілді. Әзірет Сұлтан» мемлекетті тарихи-мәдени қорық-мұражайына Ер Тоқпанбет туралы кітап етіп шығаруға жіберген материалды бір беделді аға өзінің астыртын жолдары арқылы алдыртып алғаннан, «Лауха» ғылыми-зерттеу орталығы, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы шығарып жатқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалар кітаптар топтамасына енгізілмей, кітап болып шықпай қалды. Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасы  Ахмет Ясауи кесенесіндегі бас қақпадағы қара түсті стелла мәрмәр тастағы жазуда Ер Тоқпанбеттің әкесінің есімі Тұңғаттың орнына «Таңғұт» деп жаздырыпты. Жөндесе болар еді. Бір-ақ плита тасты ауыстыру қажет. Әзірге ескерілмей-ақ тұр. «Төлегетай Матай, шежіресі Сақай», «Қолағаш» атаулы кітаптарында немесе баспа бетіне шыққан  Ер Тоқпанбет туралы еңбегімді еш сөздерін өзгертпестен бір туыс аға көшіртіп жазғызып, әулеттік кітабына сілтемесіз енгізіпті. Атын атап, түстемей-ақ қойдым. Ар-ожданы білсін. Әдеби кеңесші, сол кітапқа үлес қосқан жазушы да біле тұра білмегенсіпті. Ер Тоқпанбет ерлігі дәріптелгені құп. Бірақ жанама иемдену жолдарынсыз дәріптелсе дұрыс болар еді.



 



                                                                                 Жемісбек Толымбеков


Жемісбек Дулатбекұлының жеке қоры