30 Қазан, 2020
Еріктілерге арналған медициналық курс

Қостанайдағы жоғары медицина колледжінің оқытушылары жергілікті волонтерлерге алғашқы медициналық көмек көрсетудің қыр-сырын үйрете бастады. 

Үш күндік курс барысында отыздан астам ерікті қан тоқтату, жараны байлау, сынған аяқ-қолды таңу, ауыз немесе мұрын қуысына дем жіберу, жүрек тұсына массаж жасау, апатқа түскен адамды тезірек емдеу мекемесіне жеткізу немесе жедел медициналық көмек шақыру дағдыларын меңгереді.

Қысқа мерзімдік медици­налық курстан өтіп жатқан «Регион-10» волонтер жасағы біраз жылдан бері із-түзсіз кет­кен­дерді іздестіру, құтқару шара­ларына белсенді атсалысып келеді. Жасақтың облыс аумағын­да бірнеше филиалы жұмыс іс­тейді. Нұр-Сұлтан, Қызылорда волонтерлерімен де тығыз байланыс орнатқан.

«Біздің жұмысымыз із-түз­сіз жоғалып кеткен адамдар­ды іздеуге, қиын жағдайға түс­кен жандарды құтқаруға ба­ғытталған. Жұмыс барысында әртүрлі тосын оқиғаларға тап бо­лып жатамыз. Кейбір сәттерде алғашқы медициналық көмет көрсетуге тура келеді. Адам қы­сылып жатқанда тосылып қа­луға болмайды, қас-қағым сәт қымбат. Мұндай кезде аз да бол­са медициналық білім керек. Ой­ласа келе, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, біз үшін медициналық сауа­т ашу курстарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды өтін­дік. Өтінішіміз бірден қолдау тауып, Қостанайдағы жоғары ме­дициналық колледжінде курс­тан өтуге мүмкіндік алдық», - дей­ді «Ре­гион-10» волонтерлер жа­са­ғы­ның нұсқаушысы Вла­димир Шауфлер.

Денсаулық сақтау басқар­ма­сының ұсынысын медици­налық колледж ұжымы да қол­дапты. Оқу орны волонтерлер үшін он екі сағаттық тәжірибелік курс ұйымдастырған. Пандемияға байланысты еріктілерді шағын топтарға бөліп оқыту жоспарланыпты. Колледж оқытушылары алғашқы күні ашық және жабық жарақаттарды таңуды, сондай-ақ өкпе-жүрек реанимациясының әдістерін үйретті. Оқытушылар алғашқы медициналық көмек көрсету барысында мұндай қара­пайым әдіс-тәсілдерді білудің маңызы зор дейді. 

egemen.kz