26 Наурыз, 2020
Ерхан Бақбергенұлы: «Өткен дүние деп көбісіне қызықпаймыз»

«Волонтерлік» латын тілінен аударғанда – «еріктілік» деген мағынаға ие. Олардың еңбегі ақысыз. Көбіне тәжірибе жинап, білімдерін арттыру үшін және көмек қолын созу мақсатында жұмыс істейтін топ. Олар түрлі жұмыстармен айналыса алады: өсімдіктерді көгалдандыру; қамқорсыз қалған балаларға, баспанасыз адамдарға, жастарға, студенттерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға және қарттарға көмектесу; қорықтарға, жануарлар мен өсімдіктерге көмектесу; қаланы, ауланы абаттандыру; салауатты өмір салтын насихаттау; қайырымдылық концерттерін ұйымдастыру және т.б. Бүгінгі таңда елімізде 300-ге жуық ұйым волонтерлікпен айналысып келеді. Статистикаға сүйенсек еріктілер қозғалысында 50 мыңнан астам азамат бар. 

Еріктілер жылы қарсаңында Ruh.kz порталы осы салада қызмет етіп жүрген маманнан арнайы сұқбат алды. Спикеріміз жас ерікті, Қызылорда облысы «Жалағаш аудандық Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ерхан Бақбергенұлы.

photo5467495481388150073.jpg

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе?! «Еріктілік» деген ұғымды қалай түсінесіз?

Ерхан Бақбергенұлы: Сәлеметсіз бе?! Жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «еріктілік» деген ұғымға кеңінен түсіндірме берген еді. «Еріктілік» – біреудің тапсырмасымен емес, өз еркімен қандай да бір пайдалы іс атқару. Халқымызда ежелден сақталған «асар» атты дәстүр бар. Президентіміз ерікті деген сөздің астары осы, асарға сай келетінін айтып, бір мағына білдіреді деп түсіндірді. «Асар» дәстүрінде де адамдар ерікті түрде бір-біріне көмек көрсетеді. Ол мұқтаж адам немесе бір әлеуметтік көмекті қажет ететін адамдар қатарынан болуы мүмкін.

photo5467495481388150074.jpg

Ruh.kz: Жұмыстарыңыз жайында айтсаңыз. Ауыз толтырып айтарлық қандай іс бітіре алдыңыздар, «Еріктілер жылында» қандай жоспарларыңыз бар?

Ерхан Бақбергенұлы: 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Мекемеде барлығы 7 адам. Аудандардың ішінде алғаш болып коворкинг орталығын аштық. Аудан әкімі жыл сайын іс-шаралар жоспарын бекітеді. Сол жоспарда кент орталығындағы барлық республикаға бағынышты мекемелер «Еріктілер жылындағы» тиісті жұмыстарды атқарып, Жастар ресурстық орталығына қорытынды ақпарат жолдайды. Біз оның барлығын талдап, жыл соңына дейін қорытындысын шығарамыз. Жыл басында «Еріктілер жылын» жариялаған жоспарда 7 бағыт көрсетілген. Солардың арасынан ауданымызға сәйкес келетін жұмыстарды белгілеп, жоспарымызға бекітіп қойдық. Қазіргі күні соның аясында жұмыс істеп келеміз. Былтыр Жастар ресурстық орталығы жанынан «Жалынды жас» еріктілер мектебін құрдық. «Жалынды жас» еріктілер мектебінің құрамында жоғары сынып оқушылары, студенттер, қызмет істейтін жас мамандар және жас кәсіпкерлер де бар. Олар мүшелік ете отырып, ауданымызда атқарылатын жұмыстарға өз тарапынан ұсыныстарын айтып, қолдау көрсетеді.

photo5467495481388150069.jpg

Оқушылар коворкинг орталығына келіп, қажетті музыкалық аппаратураларда, ойын түрлерін (домбыра, гитара, теннис, шахмат, тоғызқұмалақ) ойнайды. 1-2 сағат болсын уақыттарын тиімді өткізіп, кітап оқып кетеді. Компьютер бөлмесі де бар. Одан қажетті ақпаратын алып, рефераты болса, жазып, шығарып, көшірме өткізеді. Ондай белсенді оқушылар тобы басқа мектептерде де бар. Одан бөлек былтыр орталық алаңда караокеден ән айтуды ұйымдастырдық. Кешкі уақытта студенттер келіп, ән айтады. Сөйтіп бос уақытын қызықты өткізеді. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табады.

photo5467495481388150070.jpg

Ruh.kz: Еріктілерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

Ерхан Бақбергенұлы: Жыл басында Жалағаш аудандық ішкі саясат бөлімі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Еріктілер жылын атап өту үшін еріктілермен жұмыс жүргізу жөніндегі әлеуметтік тапсырыс жариялады. Оны Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Қазіргі таңда жеңімпаз әлеуметтік тапсырысты орындау бойынша жұмыстар атқаруда: еріктілер жылын атап өту бойынша еріктілерді қалыптастыру; еріктілер тобын құру; еріктілерге арнайы формалар әзірлеу; еріктілер арасында түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастыру. Бұл іс жүзеге асырылуы үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Одан бөлек Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жалынды жас» еріктілер мектебімен бірге түрлі бағытта жұмыс жүргіземіз. Жыл басынан бері қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеміз. Айта кететін жайт: еріктілікпен айналысатын студенттердің шәкіртақысына қосымша 30% қаражат қосылатынын мемлекет басшысы айтып өтті. Дәл сол сияқты біз де өз тарапымыздан еріктілікпен айналысып жүрген жастарымызға түрлі марапаттар беріп, қолдаулар көрсетеміз. Облыс бойынша Қызылордада еріктілерді тіркеудің арнайы сайты ашылды. Онда адамдар ерікті ретінде тіркеле алады. Айтып кететін тағы бір пайдалы мәлімет: еріктілікпен айналысу еңбек өтіліне қосылады.

photo5467495481388150072.jpg

Ruh.kz: ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр жастарының арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?

Ерхан Бақбергенұлы: ХХ ғасырда туылғанмен, ХХІ ғасырдың жастары санатындамыз. Бұл сұраққа жауап беру үшін өткен ғасырдың біз білетін жастарының бірі, Қызылорда облысының тумасы, жас кезінде жастардың көшбасшысы болған, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушыларының бірі Ғани Мұратбаевты ерекше атап өткім келеді. Бар-жоғы 22 жыл өмір сүрген Ғани Мұратбаев небәрі 17 жасында «Коммунистік Жастар» ұйымына мүше болып қабылданған. Бір Ғани Мұратбаевтың өзі ақпараттық технология дамымай тұрған заманда да адам баласы үлкен жұмыстар атқара алатынын анық көрсетеді. Ғылым мен техника дамыған жаһандану дәуірінде XXI ғасыр жастарының әрқайсысына жеке мүмкіндік қарастырылған. Мемлекет оқытқан білімнен бөлек, өзін-өзі жетілдіру үшін барлық жағдай жасалған. «Ізденген жетер мұратқа», - деп өзін айрықша қабілеттерімен көрсетіп жүрген жастар ХХІ ғасырда да кем емес. Дегенмен әр ғасырдың, әр заманның өзіндік ерекшеліктері бар.

photo5467495481388150067.jpg

Ruh.kz: Өткен ғасыр жастарының халыққа көрсеткен қандай көмек-қолдауларын айтар едіңіз?

Ерхан Бақбергенұлы: Ондай өте көп. Мысалы пионерлер, пионерлер ұйымының жетекшілері комсомол ұйымының ұйымдастыруымен әртүрлі жерлерде қой бағу, күріш егу секілді қоғамға пайдалы іспен шұғылданған. Тіпті әйел адамдарының өзі комбайн жүргізіп, ел болашағы үшін көмек көрсеткен. Ол азаматтарды бөле-жаруға мүлдем болмайды.

photo5467495481388150068.jpg

Ruh.kz: Қазіргі жастардың біреуге көмек қолын созу турасында ойы қалай?

Ерхан Бақбергенұлы: Бір мысал айтайын. Аудандағы Т. Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде жас маман бар. Есімі – Айсана Намураддин. Өзі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ерікті түрде біздің жұмыстарымызға атсалысады. Осыған дейін «Жас Отан» Жастар қанатының «English for Jastar» жобасы аясында жастарға ағылшын тілінен тегін курстар өткізді. Қазіргі таңда сыныбындағы оқушылардың барлығын ерікті түрде түрлі қайырымдылық шараларына, қарт кісілердің үйлеріне көмектесуге апарып, класымен экскурсиялар ұйымдастырады. Сондай-ақ мешіттің тазалық жұмыстарына көмектесіп, балаларды имандылыққа баулу мақсатында мешіттегі дәрістерге қатыстырады. Оқушыларын үлкен кісілердің үйіне апарып, әңгімелерін тыңдатады, қолғабыс етуді үйретеді. Біздің ұйымдастырып жүрген жайдарман ойындарына да класының атынан команда жинайды. Барлық толассыз өткізіліп жатқан шараларға белсенді қатысады. Шамамен 10 жылдан соң, сол оқушылар ерекше ұрпақ болып өседі деп сенемін. Себебі олар өте ұйымшыл. Кейін өзге де сыныптар соларға қарап, бой түзейді.

photo5467495481388150071.jpg

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінесіз?

Ерхан Бақбергенұлы: ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей жарлығымен елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғанына, міне, үшінші жыл. Бағдарламаның мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды халық арасында дәріптеу, салт-дәстүрімізді насихаттау, тарихымызды түгендеу, бұған дейін ашылмаған дүниелерді зерттеп, дамыту. «Рухани жаңғыруды» дер кезіне қабылданған бағдарлама деп есейтеймін. Көп жағдайда «жаңа, заманауи» деген ұғымға басым бағыт береміз. Керісінше, өткен дүние деп көбісіне қызықпаймыз. «Кезінде болған, жасалған, ата-бабамыз қолданған» дейміз де, әрі қарай зерттемейміз, білуге асықпаймыз. «Өзінің тарихын, өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр болады», - дейді.

Ата-бабамыз өмір сүрген дәуірдің тарихын, салт-дәстүрді, жасаған ерліктерін білу – ортақ борышымыз. Аталған бағдарламаны елдегі жас ұрпақтың бойын бір серпілтіп, олардың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға үлкен септігін тигізетін бағдарлама деп айтуға толық негіз бар. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында да жастар арасында түрлі экскурсиялар жүргізіп келеміз. Аудан көлеміндегі тарихи-мәдени орындарға, ескерткіштерге апарып, тарихын зерттеп, көпті көрген қазыналы қариялармен кездестіріп, олардың ғибратты әңгімелерін тыңдатып, ақыл-кеңестерін алып, түрлі шаралар ұйымдастырып жүрміз. Бұл жұмыстар тоқтамайды, қайта жалғаса береді. Дегенменде әр адамның жүрегінің түбінде ұлтына, тіліне деген құрметі жоғары болуы керек.

Түсіңде де, өңіңде де көз алдыңда көк байрағың желбіреп тұрғаны керемет сезім?! Сол сезімді әрі қарай күшейту үшін аталған мақаланы бір оқып шығудың пайдасы зор. Оқуға қызығушылығы жоқ, оқыса да тереңнен түсіне алмайтын жастарымыз жоқ емес. Бірақ бұл насихаттау жұмысын тоқтатамыз дегенді білдірмейді. Ауданда тарихи-өлкетану музейі жұмыс істейді. Онда 40 000-нан астам экспонат бар. Экспонаттың барлығы Жалағаш ауданы аумағынан табылған тарихи құнды жәдігерлер. Оларға қарап тұрып-ақ өткенімізді, ата-бабаларымыз қандай өмір сүргенін, қандай қиын кезеңдерден өткенін байқаймыз. Музей байырғы заманды бейнелейтін дүниелерге толы. Қараған сәтте ет жүрегің елжірей түседі. Құдды бір фильм көргендей күй кешесің.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Аружан Мырзатай
Ruh.kz