14 Қазан, 2019
«Еркін елдің ер қызы»

2019 жылдың 11 қазаны күні Нұр-Сұлтан қаласы №38 мектеп – лицейінде қарашаңырақтың құрылғанына 20 жыл толуы қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың бас ақыны, кемеңгер ойшылы, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Еркін елдің ер қызы» атты тақырыпта танымдық-тағылымдық мәні зор кездесу кеші өтті.

2019 жылдың 11 қазаны күні Нұр-Сұлтан қаласы №38 мектеп – лицейінде қарашаңырақтың құрылғанына 20 жыл толуы қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың бас ақыны, кемеңгер ойшылы, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Еркін елдің ер қызы» атты тақырыпта танымдық-тағылымдық мәні зор кездесу кеші өтті. Кештің қадірлі қонағы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қалалық, республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы, Абайтану ғылыми-танымдық орталығының директоры, Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы болды. Кездесу кешінің шымылдығын 8 «А» сынып оқушысы Аяулым Сағынтай Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен ашты. Оның өзінің себебі де бар еді. Алмахан Мұхаметқалиқызы Семей қаласы Жарбұлақ ауылында, Қабанбай батыр туған өлкеде өсіп-өнген. Жарбұлақтың тұла бойы тұнып тұрған тарих, қат-қат шежіре. Тіпті, Асан қайғы Жарбұлақ өлкесіне аяқ тірегенде тотияиындай толқыған Алакөлге, кербез тауға, кең далаға көзі тұнып «Тоқта» деген екен. «Жер-ақ екен шіркін, бірақ «ұрыс» иісі шығып тұр екен» — деп мұңайыпты.

WhatsApp Image 2019-10-14 at 17.22.35.jpeg 

 Кеш қонақтары ақынның балалық шағына саяхаттап, ақындық өнерге келу жолымен таныс болды. Асылы ақындық деген адамды таңдап жүріп қонатын бақ құсы секілді. В.В.Радлов өзінің бір сөзінде: «Аспанда қалықтай ұшқан поэзия, қазақтың кең даласын жанап өткен. Өйткені, қазақ баласының қайсы бірін алсаңыз да жан дүниесі толқып, бойларынан жыр төгіліп тұратын дарынды халық»,- деген екен. Ақынның «Жансая» (Семей, 1999 ж.), «Тылсым сыры» (2002 ж.), «Жыр-ғұмыр» (Семей: Тенгри, 2006 ж.) атты өлең жинақтары, сонымен қатар «Шәкәрім», «Қан мен тек», «Құрсақсыз ана» поэмалары ел арасында кеңінен танымал. Тыныштықбек Әбдікәкімов: «Алмахан Мұхаметқалиқызы – өмірдің небір құбылыстарынан мықты әдеби композиция құруға, философиялық тосын ой түюге шебер қаламгер» деп баға берген екен. Поэзиялық кеште ақынның өлеңін сүйіп оқитын оқушылар жырдан шашу шашты.

Өз кезегінде Алмахан Мұхаметқалиқызы өзінің «Ұлылыққа тағзым», «Қан мен тек» атты өлеңдерін оқып, жаны ақындық қасиетке, әдебиетке деген құмарлық пен сүйіспеншілікке толы екенін көрсетті. 

WhatsApp Image 2019-10-14 at 17.22.36.jpeg

Сонымен қатар ақын өзінің балалық шағының естелігімен бөлісіп, «түйсік пен сана» төңірегінде сөз қозғады. Ақынның әсіресе, экология тақырыбында жазылған «Құрсақсыз ана» поэмасының тың тақырыбы мен кең мазмұны көрермен жүрегіне айрықша әсер қалдырды. Қазақтың топырағын жайлаған зұлматтар мен апаттар, нәтижесіндегі талай тағдырдың тас-талқан болуы, жан түршігерлік оқиғалар, полигонның зардабы жайлы жазылған ақынның баяндауындағы поэма мазмұнын тыңдарман ықыласпен тыңдады.

Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға. Өз мақаласында «Көңілді түгел айтып болмайды екен, менің кеудем сендерге сандықпен тең» деген Абай сөзіне илансақ, ақынның көкірек көзін ашатын аса сәтті, дәмді өлеңдерін талдап, тереңдеген сайын арғы-бергі әлем әдебиетінен мол сусындаған сырына қаныға түсеміз» деген Алмахан Мұхаметқалиқызы. Абай әлемі, Абай айналасын тұтастай зерттеп, қалың оқырманға, дүйім жұртқа кеңінен насихаттап жүрген ел жанашырының бірі. Айта кету керек, ақын өзінің саналы ғұмырын Семей қаласындағы Абайдың қорық мұражайында 18 жылдай адал қызмет етуге арнаған. Сонымен қатар ақын Абайдың да балалық шағы жайлы қызықты да үлгі-өнеге боларлық тәлімді әңгімелерден сыр шертті. «Абай есімі тек әдебиетке ғана қатысты емес, Абай арқылы жаратылыстану, математика, химия, физика пәндерін де оқытуға болады» дейді ақын. Бұл кеште Абайды зерттеу – тұтастай адами болмысты тануға жетелейтінін түсінгендей болдық. Кеш барысында мектебіміздің қалалық, республикалық деңгейде жүлделі орынға ие боп жүрген оқушыларымыз Хакім Абайдың «Өлең –сөздің патшасы, сөз сарасы», «Ойға түстім, ой салдым», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңдері, «Отыз бірінші қарасөзі» оқылып дана Абайдың шығармашылығымен сусындатты. Сонымен қатар информатика пәні мұғалімі Қадырғазы Камалұлы Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің түпнұсқасын орындап көрермен ризашылығына бөленді. Атаулы кештің шымылдығы музыка пәнінің мұғалімі Ардақ Маратқызының орындауындағы «Қазақ қызы» әнімен жабылды. 

WhatsApp Image 2019-10-14 at 17.22.36 (1).jpeg

Мектеп-лицей директоры К.К. Әзимбай ақын, Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызымен кездесудің маңыздылығын жеткізсе, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің басшысы Нұрпейісов Үкібай Абдуманапұлы бұл кездесу кешінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәні зор іс-шара екендігін атап өтті.

 Күн мен түннің, қараңғы мен жарықтың қатар жүретіні сияқты кейде өмірдің де қуанышы мен қайғысының қатар жүретіні бар. Содан кейін де шығар, тіршілік бірде қат-қабат толқынымен тербеп биігіне шығарса, келесі сәтте тұңғиығына тартып, нар көтере алмастай ауыртпалығымен қабырғаңды қайыстырады. Жасыратыны жоқ, бұл әрқайсымыздың басымыздан өткен күндер. Дегенмен барға асып-таспай, қиындыққа да қайыспаған сынбаған ақын қыз, «еркін елдің ер қызы» ұрпағының амандығын тілеп, жақсы үмітпен күн кешіп келеді. Ақынның отбасына бар жақсылықты тілейміз.

Нұр-Сұлтан қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі