31 Шілде, 2019
ЕРКІН НҰРАЗХАН: МҰРЫН СОЗУ – ШАРЖ ЕМЕС!

Вандализм мен шын өнерінің арасын айыра алмай жүрміз бе?

«Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы бетінде «Шарж» деген бөлім болды. Қызық-ақ. Күнде көріп жүрген алдыңғы буын өкілдерінің жаңа кейпі көрсетілетін еді. Суреттердің астыңғы жағында Е.Н. деген белгі тұратын. Бұл Еркін Нұразхан еді. Өзінің қолтаңбасы бар, қиялы мен көзқарасы бар ерек суретші еді. Кей-кей жерлерде Еркін Ыбырайымұлын «Карикатура королі» деп те атайтын. «Әдебиет акулаларын» сынап салып жүрген «карикатура королін» қолға түсіріп, әңгімесін тыңдап, сұқбат құрып едік. Мархабат!

Ruh.kz: Қош көрдік! Бұл өнерге қашан және қалай келдіңіз?

Еркін Нұразхан: Адамның кез келген дүниеге деген қабілеті бала күнінен белгілі болады ғой. Мектепте жүргенде сурет сала бастадым. Бейнелеу өнері үйірмелеріне қатысып жүрдім. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылындағы Ленин атындағы орта мектепте оқыдым. Сол мектепте дарында балалар көп болды. Ядренцева деген мұғалім жүргізген үйірмеге ең жас суретші болып бардым. Жылдар сырғып, алдымыздағы суретшілер мектепті тәмәмдап кеткен соң, сол үйірмеде алдыңғы қатарлы суретші болып қалдым. Содан соң апайымыз да кетіп қалды. Бірақ, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі – Базархан Галиев деген мектеп директорымыз жыл сайын әр түрлі сурет салу байқауларын ұйымдастырып тұрды. Ұстаздарымыздың осындай қолдауының арқасында сурет салып, талабымды ұштап жүрдім.

Десе де, мектеп қабырғасында жүргенде әдебиетке жақын болдым. Мектеп кітапханасындағы, ауыл кітапханасындағы кітаптардың бірталайын оқып жарыстық. Қанипа Бітібаева апайымыз (кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған әйгілі ұстаз) қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ол кісінің тақырып түсіндіргені, шығарма талдағаны бір басқа еді. Менің әдебиетке деген қызығушылығымды айтарлықтай деңгейде өсірген де осы кісі. Сурет пен әдебиетті осылайша қатар ұстап жүрдім. Мектеп бітірген соң қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсемін деп ойладым. Мектеп бітірер жылы сүйікті Қанипа апайымыз жылдық қорытынды бағасына төрт қойыпты. Бірақ, соңында «Жұмағазы Игісінов пен Еркін Нұразханов екеуіне бес қоюға болар еді» деп айтты. Елу төрт баладан бес алған ешкім болмады. Қандай оқу орнына барса да, бұл екеуі оқуға түсеріне мен күмәнданбаймын» деп сенімін білдірді. 40 бет жазған шығарманың «стилі ұнамады» деп, төрт қойып жібергені үшін мұғаліміме өкпелеп қалғаным ба, ақыры әдебиетке деген сүйіспеншілігімді жалғастыра қоймадым. Содан әскерге кеттім. Үш-төрт жыл өткен соң ғана оқуға түстім.

Ruh.kz: Суреттеріңізде менмұндалап тұратын сарказм сол кездегі шығармаңызда да болған шығар?

Еркін Нұразхан: Қанипа апайым менің алпыс жылдығыма мақала жазды. Сол мақаласында «Еркіннің мысқылы бар еді» деп жазыпты. Сол мысқыл кей-кейде ұстаздарыма да, айналамдағыларға да ұнамай қалатын. Сынып жетекшім, физика пәнінің мұғалімі Оқасов Совет ағайымыз да мысқылшыл адам. Екеуіміз кезек-кезек оқушыларды мысқылмен шағып отыратынбыз. Тәрбие сағатында ортаға салынатын оқушыларды күлкімен емдеп, жөнге салатынбыз. Ол кісінің көзі тірі. Кездескен сайын сол кездерді еске алып тұрамыз.

Ruh.kz: Әдебиетпен сусындап өскеніңізді білеміз. Қазір кімдерді оқисыз?

Еркін Нұразхан: Мектеп қабырғасынан классиктердің шығармаларын оқыдық. Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов, М. Әуезов, Х. Есенжанов, Ә. Нұршайықов, Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтановтарды жата-жастана жүріп оқитын едік. Содан соң сыншыларды оқи бастадым, олардың кітаптарын көп жинадым. З. Серікқалиев, Т. Ахтановтың «Керуені», Ғ. Мүсіреповтың «Сын кітабы», Қ. Нұрмаханов, З. Қабдоловтардың сынын оқыдым.

Ruh.kz: Қандай сурет салғанды ұнатасыз?

Еркін Нұразхан: Әдебиеттің айналасында жүрген жігіттермен жақын араласып, дос болып кеттік. Жазушылар одағындағы жігіттермен көзқарасымыз бірдей болып, пікіріміз бір жерден шығып, рухани қоржыным толыға берді. Осы қоржындағы дүние шығармашылығыңда көрініп тұрады.

Мықты суретші болу аздық етеді. Карикатураға келгенде, шаржды салғанда әртіс болсын, режиссер болсын, саяси қайраткер болсын оған кең ұғымда қарай білуің керек. Өйте алмадың ба, шаржың дұрыс шықпайды.

Бізде шала қазақ суретшілер бар (Владимир Қадырбаев, Ибрагим Көбеков). Дарынды жігіттер. Бірақ, қазақ интеллигенциясын танымайды, саяси элитаны білмейді. Шаржда адамның портреті ғана емес, ішкі жандүниесі де көрініп тұруы керек. Ал араласпаған, танымайтын адамның ішінде не барын қайдан білерсің?! Осы білмеуден, танымаудан шала шарждар шығады.

Мұрын созу мен құлақ үлкейту – шарж емес! Ол сыншыға да, суретін салған адамға да оң әсерін етпейді. Ал, жан-жақты толысқан шарж қаншалықты қатты болса да, суретін салған адамды да ренжітпейді, сыншыға да түсінікті болады. 

Еркін Нұразхан.png

Ruh.kz: Сын демекші, сурет өнерін сынау күн санап қиындап барады. Сюрреализм, футуризм, орфизм, дивизионизм, Art house, постмодернизм т.б. стильдер шынымен стиль ме?

Еркін Нұразхан: 10 жылдай Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің директорының орынбасары болып жұмыс істедім. Сонда бірнеше көрмелер ұйымдастырдық. Сырттан да шақырттық, өзіміздің суретшілерді де қатыстырдық.

Адам сауатты болуы керек. Кез келген өнердің әліппесін дұрыс меңгеру керек. Содан соң қай стильді таңдаймын десең де өз ырқыңда. Әншілер атағы дардай музыка мектептері мен жоғарғы оқу орындарын тәмәмдайды. Сынақтарын тапсырады. Домбырада ойнайсың ба, қобыз тартасың ба, гитарада әуелетесің бе – бәрібір. Сынақ бәріне ортақ. Сынақ – классикалық музыкадан. Көз майын тауысып нота жаттап, он жылдай оқып барып қана кәсіпқой музыкант болады. Осыдан өткен әнші не күйші осал бола ма? Бастапқы білімі (фундамент – ред.) дұрыс қаланса, осындай стильдер пайда болар ма еді? Өнер – ғылым. Оған сауат керек. Бейнелеу өнері де солай. Бейнелеу өнерінің реалистік мектебін өтпей, суретші болу мүмкін емес.

Кейін келе жаңағы «измдер» мен нешетүрлі ағымдарға барып көрсін. Бұл – әуесқойлық, дарақылық. Неше түрлі бояуды кенептің бетіне жабыстырып, «мен солай көріп тұрмын» деп ақталу дұрыс емес. Ішкен сыраларының бөтелкесінің қақпағын жабыстырып қойып, сонысын өнер дейді. Бұл өнер емес. Бұл дилетанттық деңгей.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Анатолий Луначарский деген үлкен сыншы: «Ағымдағы суретшілер уақытпен бірге ұмытылып кетті де, реалистік мектепті көрген және сол мектепке қызмет еткен Репин, Суриков сынды суретшілердің есімі де, өнері де ұрпақ жадында. Әлі бағалы, әлі құнды» дейді. Замандас сыншылары уақытша суретшілерді қанша мақтағанымен, қанша жарнамалағанымен уақыт жасандылықты жойып жібереді. Бұл әлі бар.

Ruh.kz: Мына суретті қараңызшы.

Ұлы жібек жолы.png 

Еркін Нұразхан: Бұл не карикатура емес, не эклектика емес. Түйені – еркектер дейді, ағашты – әйел дейді де, «Ұлы Жібек Жолы» деген ат қояды. Мұны өзі дәлелдей ала ма екен?

Ана бір жылдары Никас Сафронов деген мәскеулік суретшінің көрмесі болды. Сөзі мен мәдениеті дұрыс адам екен. Ол да портреттерінде біреуіне құстың басын, біреуіне иттің басын салыпты. Карикатурада мұндай жанр бар. Бірақ, портретте немесе тірі бейнелеуде бұл ерсі көрінеді. Крыловтың мысалындағы жан-жануар секілді, ұнамсыз кейіпкерді бейнелегісі келген шығар.

Крыловтың мысалын оқып отырған замандастары аққудың, бақаның, шаянның, бұқа мен есектің кейіптеуінен өздерін таниды екен. Бұл да сол замандастарын салды ма екен?! Бірақ, шеберлігі бар. Эксперимент ретінде салынған дүние болса керек.

Буриятияның суретшісі келіп, көрмесін ұйымдастырды. Сонда Мадоннаның орнына бурят қыздың бейнесін салыпты. Сюрреализм – сюрреалист Сальвадор Дали Пикассосының замандасы. Екеуі де – реалистік шығарманың шыңына жеткен шеберлер. Олар өнерде өзіндік философиялық күрделі ойларын үлкен шеберлікпен жеткізген суретшілер. Ал, шеберлік болмаса, өз бояуың мен өз көрерменің болмаса бұның құны көк тиын. Ойы керемет суреттер бар. Шеберлігі жетіспейді. Сонысымен құртып алады. Ойды жеткізе алмай жатады. Бұл мен айтқан мектептің жоқтығы.

Кейінгі кездері көрмелерден суретті емес, өзін-өзі бояған тірі адамды көретін болдық қой. Оның бәрі уақытша дүниелер. Елдің назарын аудару үшін жасалатын қадам. Публикаға ойнау.

Ruh.kz: Сурет салып жатқанда көрерменді не кейіпкерді ескересіз бе?

Еркін Нұразхан: Адамды толық танымай жатып шарж салмаймын. Кей-кейде қолың не қаламың өзіңе бағынбай кетеді. Бағынбай кетеді де, тұтас бір суретті бір өзі алып шығады. Көрерменді де, кейіпкерді де әрине ескересің. Істеп отырған жұмысыңның алдында адал болуың керек. Шығармаңның алдында адал болуың керек. Өнерге қиянат жасамау керек. Мұқатып жіберейін, көкетіп көрейін, сүмірейтіп салайын деп кіріскен шаруаның берекесі болмайды да, жасандылығы көрініп тұрады. Публикаға ойнап жүрген әртістердің бейнесі арқылы ішкі жан дүниесін шығарсаң, соны бейнелесең, өзіңе-өзің ырза болып қаласың. Қиянат жасап жіберсең – кінәлісің. Қоғамға ұнамайтын, халқыңа қиянат жасап жатқан адамдар туралы пікір айтуға, ол пікірді қолымнан келетін шарж жанрында айтуға неге жасқанамын?!

Ruh.kz: Мистикаға сенесіз бе?

Еркін Нұразхан: Өмірдің кейбір кездейсоқ жағдайлары ойландырады. Репин салған адамдардың көбісі қайтыс болып кетеді екен. Бұл – мистика секілді. Кім білсін?!

Қырғыннан аман келген Қасым Қайсенов ақсақал: «Біреуге ренжісем, оның жағдайы жаман болады», – деп отыратын. Ондай да жағдайлар болады.

Ruh.kz: Тыныштық па, у-шу ма?

Еркін Нұразхан: Бұл сұрақтың жауабы адамның жас шамасына байланысты өзгеріп отырады. Жас кезіңде абыр-дабырдың ортасында жүрген ұнайды. Ол керек те. Араласу керек. Танысу керек. Шығармашылық ортада жүруің керек. Ал, жасың алпысты арқалаған соң жаның тыныштықты қалай бастайды. Өмірдегі көргенің бар, бастап қойған дүниелерің бар соларды ойлау керек, бастау керек, аяқтау керек, салу керек. Бірыңғай тыныштық, не бірыңғай у-шудың ортасында жүрудің өзі мүмкін емес. Бәрі орын-орнымен, алма-кезек жүріп жатады. Бәрін сатып алуға болады. Уақыттан басқа. Сондықтан бәрі өз уақытымен. Оралхан Бөкей айтқандлай: «Күнтізбенің бір бетін жыртқан сайын қолым дірілдейді». 

Ruh.kz: Тоқырау сізге таныс па?

Еркін Нұразхан: Таныс. Жаңа шығармалар бере алмайтын, жаңа жол таба алмай қалып, өзіңді-өзің қайталай беретін кезеңдер болады. Жаңа дүние ойлап табу керек болады. Оны іске асыру керек болады. Оған шығармашылық ізденіс керек. Тыныштық керек. Оқу керек. Көру керек.

Ruh.kz: Бейнелеу өнері мен эстетика үйлеспейтін ұғымдар ма?

Еркін Нұразхан: Эстетика дегеніміз – мәдениет қой. Өнер мәдениеті мен жалпы адамзаттық мәдениет бір болуы керек. Интелектісі жоғары, мәдениеті күшті адамнан жақсы интелектуалды, эстетикалық туындылар туады. Эстетика туындылар – қоғамды жақсылыққа сүйрейтін шығармалар. Өзін ғана жақсы көріп, өз ойын ғана сыйлайтын адам эстетикалық дүние шығара алмайды. Ол өз шеңберінен аса алмай жатқанда адамзат игілігі туралы сөз болуы мүмкін емес.

Өткен бір жылы Санк-Петербургтың бір суретшісі Алматыда көрме жасап, бір кескіндемелік, үш-төрт графикалық суретін музейге сатып алыңдар деп қалдырып кетіпті. Соны бір өнертанушы музей қорына алдыруға белсене  кірісті. Кескіндемелік (живопись) жұмысына қарасақ түсініксіз - айқыш-ұйқыш бояулар жағындысы... Мен шыдамай «бұл жұмысты қолмен жазған ба, әлде аяқпен жаққан ба?», – деп едім, маған ренжіді. Айтатын уәжі ол суретшінің Ресейде рейтингісі жоғары көрінеді. Егер біз оның жұмысын сатып алмасақ, заманауи өнерден біздің түсінігіміз жоқ деген пікір қалыптасады деп шыр-пыр болды. Ақыры музей сол жұмысты қомақты қаржыға сатып алды. Мен сосын ол суретшінің рейтингісін көрейін деп интернеттен таныссам: оның мамандығы дизайнер, жиі-жиі  шағын көрмелер ұйымдастырған екен. Ол туралы жарнамалар жасалып, көптеген мақалалар жазылса керек. Міне рейтиниг жасаудың жолы осында жатқан сияқты. Осындай абсурдтар болады.

Ruh.kz: Өзге суретшілердің көрмелеріне арнайы барып, қатысасыз ба?

Еркін Нұразхан: Қызмет бабымен болмаса, арнайы барып, ешкімнің көрмесіне қатысқан жоқпын. Десе де, Даши Намдаков деген саха суретшісінің көрмесінде болдым. Оның суреттері ұлттық, түркілік рухы ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде.

18 жыл сурет салмай кетіп, кейін қайта оралған Нұрлан Бажиров деген қазақ азаматы бар. Оның да суреттері ерек. Қарағандының тумасы. Аттың құлағынан бастап, қолын алмай түгел салып шыға алатындай шеберлікке ие.

Екеуі де қарапайым. Екеуі де керемет дарын иелері. Ералы Оспанов бар, Талғат Тілеужанов бар, Досбол Қасымов бар.

Ruh.kz: Топ бес суретші?

Еркін Нұразхан: Нұрлан Бажиров, Талғат Тілеужанов, Даши Намдаков, Жұмақын Қайранбаев, Манат Қаспақов.

Ruh.kz: Топ бес картина?

Еркін Нұразхан: Әбілхан Қастеевтің «Қапшағай көрінісі», Орал Таңсықбаевтың «Тау әні», Талғат Тілеужановтың «Шың басындасы», Қанафия Телжановтың «Көкпары», «Атамекені»...

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАМАУ ЖАЗҒАН ЖЫР ҚАНДАЙ?!

АСТАНА АРУЫ: «АРМАНДАҢЫЗДАР»! 

ШӘКЕРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ: «МӘНДІ СӨЗ»

ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ

 

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Ашық дерек көздерден