19 Маусым, 2018
«Ерлік» мұражайы өз жұмысын бастады

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында елімізде көптеген іргелі істер атқарылуда. Осы ретте Оңтүстік өңірде атқарылып жатқан игі істерді ауыз толтырып айтсақ болады. Соның бірі кеше ғана Шымкент қаласындағы «Ерлік» мұражайының қосымша ғимаратының ашылуы десек артық айтқандық емес.



 


Мұражайдың қосымша ғимаратының ашылу салтанатына  жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды. Аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы жұртшылықты жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Шара барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған өңір ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері «Жеңіс» саябағындағы Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Рақымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырға тағзым етті. 



Өз сөзінде аймақ басшысы, батырларымыздың, ата-әжелеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері мен жеңістерін, тылдағы еңбектерін, ауған соғысы ардагерлерінің ержүректілігін насихаттайтын бұл музейдің маңызы жоғары екенінен тоқтала келіп, жастарды отаншылдыққа тәрибелеуде бұл орталықтың да қосар үлесі мол болатынына да тоқталып өтті.



Сонымен қатар, Жансейіт Қансейітұлы «Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының  ұсынылуы заман талабына сай маңызды шешім болды. Бүгінгі шара - ерлікті дәріптеуге, жастардың бойына отаншылдық сезімді сіңіруге бағытталған», - деп атап өтті.



Мұражай туралы жалпы мағлұмат бере кететін болсақ, «Ерлік» музейі 2012 жылы желтоқсан айында ашылып, 2013 жылы 19-шілдеде ОҚО тарихи-өлкетану музейінің «Ерлік» филиалы ретінде рәсімделген болатын. Ал, ғимараттың аумағы бұрын 209,6 шаршы метр болса, облыс әкімдігінің қолдауымен қосымша құрылыс жүргізіліп, 285 шаршы метрге жаңа ғимарат салынды. 



Осындай игі істің арқасында салынған жаңадан ашылған екі қабатты ғимаратта екі экспозициялық зал, 50 орындық мәжіліс залы, экспонаттарды сақтайтын және қызметкерлер жұмыс істейтін бөлмелер бар.



Болашақта мұражайда соғыс ардагерлерінің ерліктерін дәріптеумен қатар, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер және өзге де тарихи-танымдық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланып отыр.



Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбшұлы Назарбаевтың өткен жылы жариялаған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Қасиетті Қазақстан" кіші бағытының және өзге бағыттардың көлемінде елдегі мұражайлардың жұмысы жанданып, облыстар мен аудандарда түрлі көрмелер ұйымдастырылуда.Мұражайларда жүзеге асырылып жатқан түрлі тақырыптағы көрмелердің мақсаты - құнды экспонаттарды халық алдына шығару, әр дәуірдің керметтерін көрсету арқылы ұлттық сананы жаңғырту. 


ruh.kz
Kazakh-tv.kz