25 Ақпан, 2019
ЕРЛІК ПЕН ӨРЛІК КІТАБЫ

Соңғы жылдары дүйім жұртымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық көзқарасы мен дүниетанымын кеңейтуге, өзін-өзі жетілдіруге, ұлтты тану үшін эволюциялық жолда дамуға кірісті. Мемлекеттік маңызы зор бағдарлама ең алдымен халқымыздың ұлттық гені мен кодын, тамырын танып, білуге һәм ғасырдан ғасырға жалғасып, бабадан балаға мұра болып қалған асыл мирас, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, дәріптеуге қызмет ете бастады. 


Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, егемен мемлекет болған күннен бастап қазақ қаламгерлері ұлттық идеологияны ұлықтауға, социалистік кері көзқараспен жазылған Отан тарихын азаттық, бостандық шеңберінде жазуға, ұзақ уақыт советтік жүйенің солақай саясатының зардабын тартқан жабық мәселе, ақтаңдақтар тақырыбын қозғауға, оларды шынайы әрі нанымды жазуға, көркем әдеби шығармаға айнадыруға зор құлшыныспен кірісіп ақ кетті. Міне, осы санатқа жататын қаламгердің бірегейі – Арасанбай Естенов. Арасанбай Естенов ақын, жазушы, сазгер, баспагер ретінде әдеби ортаға, оқырман қауымға өте жақсы таныс әмбебап қаламгер. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Президентінің стипендиясын иеленген. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.



«Біздің батыр бабалар». Кітап авторы – көрнекті балалар жазушысы, ақын Арасанбай Естенов. 2012 жылы шыққан бұл кітап жас өрен оқырман алдында қазақ тарихы әліппесінің қызметін атқарар үлкен жауапкершілік, зор міндет арқалаған туынды. Мәселен, кітап мектепке дейінгі даярлық тобының тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларының танымдық көзқарасын арттыруға, Отансүйгіштік, ұлтшылдық қасиеттерін қалыптастыруға, төл тарихымызды тануға, аласапыран кезеңдерде ұланғайыр осы – Ұлы дала елінің әрбір атырабын қорғап, ұлт азаттығы жолында шаһид кеткен даңқты тұлғаларымыздың өмір жолы мен ерліктерін білуге, оларды әрдайым құрметтеп, өнегелі өмірінен тәлім алуға үйрететін, жас ұрпаққа рухани уыз тәрбие беретін бағыт-бағдары анық, мақсаты биік, мемлекеттік сипаты бөлек әдеби дүние. Асылы, бұл кітапты мектеп бағдарламасындағы оқулықтарға  қосымша оқу құралы есебінде пайдалануға тұрарлық әдеби-танымдық хрестоматиялық еңбек деп қабылдауға болады. Кітаптың мазмұны да, құрылымы да ерекше. Баланың танымына, ойлау, қабылдау қасиеттеріне сай аса зор талғаммен жазылған. Автор баланың тілін, жан дүниесін, мінез-құлқын жете түсінген соң, осындай маңызы зор жобаны қолға алған.



        «Біздің батыр бабалар» кітабының алғашқы бөлімі «Батырлар шежіресі» деп аталып, қазақтың даңқты хан-сұлтандары, баһадүр батырларының ерліктері мен өнегелі істерін дәріптеуге арналған. Оқу құралы мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге арналғандықтан әліпбиді үйретуді мақсат етеді. Осыған байланысты ұлтымыздың ұлы қайраткерлерінің есімдері әліпби бойынша ретімен орналасқан. Сонымен қатар, оқушы әр бөлімде әліпби бойынша жаңа сөздерді үйретеді.



 



                                                   Абылай өлеңі



 



Автор бірінші «А» әріпін үйретуге арналған сабақта ұлтымыздың ұлағатты тұлғасы, әйгілі ханы Абылай туралы өлеңді ұсынған. Бұнда ардақты бабамыздың тағылымға толы ғұмырын айшықты да көркем тілмен сипатталған. Тілі жеңіл, мағынасы терең жолдар баланың танымын кеңейтуге, білімін молайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, ұлтымыздың құндылықтары мен тарихы жайлы, Абылай ханның мемлекет қайраткері ретіндегі атқарған ұлы істері туралы мағлұмат береді.



         Өлеңнің алғашқы жолдары былайша басталады:



         Аңсағаны –азат күн,



         Абылай – ханы қазақтың.



         Алашты жиып бір туға,



         Арнасын бұзған азаптың.



Бұл шумақтарда Абылай ханның ел тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен ерлігі, халықты бірлік пен ынтымаққа шақырған билеушінің бейнесі толық суреттелген. Оқырманға тарихымыз жайлы мәлімет беру үшін автор өлеңде хан сайлаудың тәртібіне сәйкес Абылайдың ақ киізге отырып хан сайланғаны, адуынды айбатымен жауға қарсы қаймықпай күрес жүргізген ерлігі, қайраткерлік қырын шебер суреттеген. Сөз соңында ақын жас ұрпаққа Абылай хандай бол, еліне қорған бол деп тағылым алуға шақырады.



«Абылай» өленінің негізгі тақырыбы – Абылай хан болса, идеясы - батыр бабамыздың өнегелі өмірі, тағылымды тарихымызды жас ұрпаққа таныстыру. Автор ойын оқырманға жеткізу үшін кестелі сөз үлгілерін шебер пайдаланған. Мысалы, эпитеттер: азат күн, ақ киіз, айбатты ер, ақ ту, азат ел, алты алаш; теңеулер: арыстандай, ақиығы, қыраны.



          «Біздің батыр бабалар» кітабында баланың білім көкжиегін кеңейтетін өлеңдердің бір тобы жұмбақ арқылы берілген. Бұл әдіс баланың ойлау жүйесі мен дүниетанымын кеңейтуге қызмет етеді. Әрі ойлану арқылы, әрі пайымдау арқылы баланың есте сақтау қабілеті дамитыны анық. Жұмбақ өлеңдер баланың жаңа сөздерді үйренуіне көмекші құрал бола алады. Жасырынатын барлық сөздер «А» әріпінен басталады. Сұрақ-сынақ сабағы деген тақырыпшамен берілген жұмбақтар есте сақтауға жеңіл әрі өте қызықты болғандықтан баланың тез қабылдауына жәрдемдеседі.



Ұраны не қазақтың?



Қорғап өткен қырағы,



Орман, тауын, бұлағын.



Айта қойшы, шырағым,



Қазағымның ұраны        (Алаш)



 



Сұрақ-жауап сабағы деген тақырыппен ұсынылған өлеңдер тобы сұрақ жауап түрінде берілген. Автор бұл тәсілді ұтымды пайдаланған. Өлеңнің алғашқы жолдарында жасырған ұғым атауын әуелі жұмбақтайды және соңғы жолдарда жауабы жазылады. «Тәсіл қалай аталар» деген жұмбақ өлеңде автор соғыс жүргізу тәсілін жұмбақтаған. Әуелі сөз басында Абылайдың шабуыл айласы қандай болды деген сұрақ қойып оқушыны ойландырады, тарихты еске түсіруіне ықпал етеді:



Тәсіл қалай аталар?



-Ұрыста көп тиген пайдасы,



Абылайдың шабуыл айласы,



Қалай деп аталған? Қанеки,



Зейін сап, тарихты ойлашы.



Екінші шумақта «Абылайша» тәсілі деп автор өзі жауабын береді. Бұндай сипаттағы өлеңдер балалардың бірнеше пәннің кіріспесін оқуына негіз болады. Біріншіден, сөздік  қорын байытып, әдебиетке деген қызығушлығын оятса, екіншіден,  тарих туралы түсінігін қалыптастырады.



 



Түсіндірме сөздік сабағы деген тақырыппен аталған бөлімде «Авеста» және «Алғадай» атты екі өлең берілген. Түсіндірме сөздік аты атап тұрғандай «А» әріпінен басталатын жеке сөздерге анықтама береді.



           



             Авеста



Авеста – өлең иманды,



Бастайтын игі істерге.



Қоятын барлық әз жанды



Қарсы ғып зұлым күштерге.



 



            Алғадай



Алғадай – шығып жекпе-жек,



Ұрысқа кіру бетпе - бет.



Тиюі тиіс әр соққың



Нысанаға дөппе-дөп.



Осылайша, сөздердің мән-мағынасы  өлең жолдары арқылы түсіндіріледі. Бұл тәсіл сөздің мағынасын, мазмұнын қызықты әрі оңай жолмен  ұғуға көмектеседі.



«Біздің батыр бабалар» кітабының келесі «Ә» әріпіне арналған бөлімінде Әбілқайыр хан, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров туралы өлеңдер берілген.



Әбілқайыр хан



Қазақтың дара тұлғаларының бірі – Әбілқайыр хан. Өлеңнің композияциялық құрылымына тоқталсақ, автор Әбілқайырды атақты хан, қолбасы ретінде таныстырудан бастайды:



Әбілқайыр әрі хан,



Әрі батыр қолбасы.



Әруақ қонып, дарыған



Әмбиелер жолдасы.



Автор бұл шумақтарда көркемдегіш құралдардан ассонасты қолданған. Дауысты дыбыстардың әр шумақтың басында қолдану өлеңнің әуезділігін күшейткен.



Автор Әбілқайырдың бейнесін ашу үшін тарихи оқиғаларды кіріктіруды жөн көрген. Бұл орайда, Аңырақай шайқасындағы Әбілқайырдың даналығы мен ерлігін кестелі сөзбен баяндалып,  көркем тілмен суреттелген:



Жат пиғылды басқадан



Қорғап елін, тау-тасын,



Әбілқайыр бастаған



Аңырақай шайқасын.



        



Әспеттейміз ерлерді



«Әспеттейміз ерлерді» өлеңі ғарышкер Тоқтар Әубәкіровті оқушыға таныстырады. Өлеңнің алғашқы жолдарында Тоқтар Әубәкіровтей ерді ардақтап мақтан етеді:



         Әуе кезіп, тоқталмай,



         Әдіптеген жер-жерді.



         Әубәкіров Тоқтардай



         Әспеттейміз ерлерді.



Келесі жолдарда әлем таныған тұңғыш қазақ ғарышкерінің еңбегі мен ерлігін жас ұрпаққа үлгі етеді.



 



Сұрақ-сынақ сабағы мен Түсіндірме сөздік сабағында өлең жолдары арқылы «Ә» әріпінен басталатын сөздер жасырылады.



Абылайдың аты кім?



Соқтырып ақтық сағатын,



Шарыштың басын шабатын



Айтып жібер ал, қане,



Ә-ден бастау алатын



Абылайдың дәл атын   (Әбілмансұр)



 Бұл жұмбақ түрінде берілген өлеңдер баланың білім мен танымын кеңейтеді. Әсіресе төл тарихымызды, мәдениетіміз бен ұлағатты тұлғаларымызды жан-жақты тануына әсер етеді.



Түсіндірме сөздік сабағында «Әз» деген сөздің мағынасы ашылады. Оқушы бұрын-сонды естімеген жаңа сөздерді түсіндірме сөздік сабағы арқылы біле алады. Үзінді келтірсек:



Атаған солай алашы,



Көңілінен шыққан ұлығын.



Әз Тәуке деген, қарашы,



Сеппей ме шафқат жылуын?!



 



Әз сөзі қазақтың төл сөзі, игі жақсы деген мағынада қолданылады. Халыққа сыйлы, беделді адамдардың есімдерімен тіркесіп келеді. Сол себептен автор мысал ретінде Әз Тәуке ханды өлең шумақтарына қосқан. Тағылымды шумақтар оқушыға жаңа сөздің мән-мағынасын түсіндіріп қана қоймай, Әз Тәуке сынды даңқты ханмен де таныстырады.



 



Бөгенбай



«Бөгенбай» өлеңінде батырдың ерлік қасиеттері мен батырлығы суреттеледі. Бөгенбай - қазақтың ержүрек батыры, ұлтымыздың асыл азаматы. Елімізді, жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған ардақты батыр бабамыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.



Өлеңнің қуаты алғашқы жолдардан сезіледі.  Рухты ердің қадыр-қасиетін суреттеу үшін автор аллитирацияны ұтымды пайдаланған. Алғашқы шумақтан бастап соңғы шумаққа дейін әр тармақ «б» дыбысынан басталады.



Басқыншы жауды жасқаған,



Белді көсем, басты адам,



Бар қазақтың қосынын



Бас жорыққа бастаған.



 



Бес қаруын сайлаған,



Бас сайысқа сайлы адам.



Батырсынған дұшпаны



Баспақтай боп жайраған.



 



Өлеңнің негізгі идеясы – Бөгенбай сынды ұлы қолбасының ерлігі. Композициялық құрылымын үш бөлімге бөліп талдауға болады. Алғашқы бөлімінде жауға қарсы жорыққа бастаған белді көсемнің бейнесі, оқиға одан соң бес қаруын сайлаған батырдың дұшпанды жеңуімен дамиды,  соңғы бөлімде автор батырлардың төлбасы Бөгенбайдың байтақ елді қорғаған ерлігін дәріптейді. Тілі көркем, айшықты. Автор көркемдегіш құралдарды шебер қолданған. Мәселен, белді көсем, басты адам, бес қару, бас жорық, бас сайыс, ұлы қолбасы, байтақ ел деген эпитеттер өлеңнің көркемдік қуатын еселеген.



 



Бауыржан Момышұлы



«Бауыржан Момышұлы» өлеңінде қазақтың біртуар батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының үлгілі тұлғасы суреттелген. Бұл өлеңде автор жас ұрпаққа Бауыржан сынды батыр бабасын өнеге етіп көрсетеді, ерлігі мен асыл қасиеттерін дәріптейді. Ерлігі аңыз болып тараған батырдың тағылымды өмір жолы әр уақытта санымызда жаңғырып тұратыны анық. Шұрайлы тіл мен құнарлы ойды сабақтастыра отырып, автор өлең жолдарында аңыз тұлғаның бейнесін шебер суреттей білген. Композициялық құрылымын жүйелі ретпен сипаттауға болады.  Оқиға қазақтың біртуар ұлының қан майданда үш рет қоршауды бұзған ерлігін баяндаудан басталады. Одан соң елі үшін төккен қан мен терін  ұрпағы  әр уақытта аңыз ғып айтатыны туралы баяндалады. Өлеңнің соңғы шумағы халқы үшін қан майданда қаймықпай жауға қарсы шайқасқан батыр бабаң Бауыржан деп аяқталады.



 



«Б» әріпіне қатысты бұл бөлімде сұрақ-сынақ сабағы мен түсіндірме сөздік сабағында да балалардың ой-өрісін кеңейтетін қызықты өлеңдер берілген: Соңғы ханы Орданың



       Сығанақты салдырған,



       Артына мұра қалдырған,



       Соңғы ханын Орданың



       Атай қойшы, балдырған   (Барақ хан)



 



 



Вамбери



Вамбери туралы өлең зерттеуші, ғалым Вамбери тұлғасын таныту мақсатында жазылған.



Ойы ұшқыр, алымды,



Вамберидей ғалымды



Жастайынан сүйіп өс,



Көкейіңе түйіп өс.



Бұл өлеңде қазақ жайлы еңбек жазған ғалымның шығармашылық келбетін суреттеледі. Автор бұл өлеңде жас ұрпаққа  ғылым мен білімнің пайдасын түсіндіреді.



 



 



Сұрақ сынақ сабағы мен Түсіндірме сабақ «в» әріпінен басталатын жаңа сөздерді үйретеді.



Взвод



Взвод бұл – әскери өмірше



Жинақы, шап-шағын бөлімше.



Взвод деп санай бер сап түзген



Отыздай жауынгер көрінсе.



 



Ғазанауи мемлекеті



 



Ғазауи мемлкеті – Х-ХІІ ғғ. өмір сүрген мемлекет. Автор Ғазнауи мемлекеті өлеңінде бірлігі мен елдігі берік мемлекеттің тарихы, оның сәулеті мен дәулетін суреттейді. Өлеңнің тәрбиелік мәні зор. Алдымен автор жас ұрпаққа елдік пен бірлік сияқты ұғымдарды таныстырады. Сонымен қатар, тамыры терең түркі жұртының тарихы жайлы сыр шертеді.



Ғазнауи – әулет біртұтас,



Ғазнауи – ел мызғымас.



Ғазна – орталық, бас қала,



Ғазнауилік астана.



 



Ауған жері – Отаны,



Түркі шыққан отауы.



Өмір сүрген ертеде



Мемлекеттің атауы.



 



Гауһар



 



Гауһар – Қабанбай батырдың жары, Бәсентин Малайсары батырдың қарындысы, ержүрек қыз.



Гауһар өлеңінде қазақ қызының көркем бейнесін суреттеген. Гауһар арудың сұлулығы мен батылдығы, ержүректілігі айшықты тілмен сипатталған. Жаугершілік заманда ер азаматтармен бірге ерлік көрсеткен, жеңіске үлес қосқан Гауһар жас ұрпаққа үлгі болары анық.



Жатқан шақта ел жүдеп,



Езілместен елжіреп,



Атқа қонған ерлермен



Қазақ қызы ержүрек.



 



 



 



Сұрақ-сынақ сабағы, Түсіндірме сөздік сабағында «Г» әріпінен басталатын жаңа сөздер берілген.



Аташы тарихтың атасын



Болғаннан таза ауа, жарық күн,



Атасы атанған тарихтың,



Зерттеуші ғұлама есімін



Аташы, сен көзі қарақтым.  (Геродот)



 



Дербісәлі



Дербісәлі қыпшақ руынан шыққан батыр. Өлеңде Дербісәлінің ерлігі, қайсарлығы мен батылдығы суреттелген. Батыр бабаларымыздың арқасында осы бейбіт күнге жеткеніміз жайлы баяндалады. Көркем тілмен өрнектелген әрі мағынасы терең өлең оқушы бойында патриоттық сезім мен туған жерге деген махаббатын күшейтеді. Текті ерлер жас ұрпаққа қашанда үлгі болмақ деген идеяны автор алға тартады.



Ердің ері айтулы,



Білмес жаудан қайтуды,



Сол бабалар арқасы



Оңымыздан ай туды.



 



Сұрақ сынақ сабағы мен түсіндірме сөздік сабағында балаларға тарихқа қатысты сөздер мен атаулар берілген. Бұл сөздер сөздік қорды дамытумен қатар баланың танымын, білімін кеңейтуге қызмет етеді.



Абылай қойған ат қандай?



Сеңді бұзып жатқандай,



Жауды жайпай шапқанда-ай,



Қабанбайға сүйсіне,



Абылай қойған ат қандай? (Дарабоз)



 



Есім хан



 



Қазақ хандығының парасатты да даңқты хандарының бірі – Есім хан. Тарихта «Еңсегей бойлы Есім хан» деп сақталған ұлы ханымыздың өнегелі істері әрқашан жадымызда жаңғырып тұратыны анық. Ел билеушісінің байсалды бейнесін автор шебер суретейді. Хан жайында аңыз болып сақталған үлгілі істерін баяндайды. Мәселен, өлең жолдарында «Есім салған ескі жол», «Еңсегей бойлы ер Есім» сияқты тіркестер ардақты ханымыздың мерей-мәртебесін одан сайын асырып тұр:



Пайымдап бергі-арғысын,



Тәртіптің түзген жарғысын.



«Есім салған ескі жол»



Елінің алған алғысын.



Бейбіт күнде елді ынтымақ бірлікке шақырған, халқының қамын ойлаған хан болса, қиын шақта бес қаруын сайлап жауға қарсы аттанған батыр бейнесін көркем тілмен суреттеген:



Бейбіт күнде – Елбасы,



Қиын шақта – қолбасы,



Бастау алған өзінен



Жақсылықтың жол басы.



 



Сұрақ-сынақ сабағы мен сұрақ –жауап сабағында «Е» әріпінен басталатын сөздер берілген. Оның ішінде тарихи тұлғалардың есімдерін танытатын өлеңдер ұсынылған.



Аты әйгілі қай батыр?



Бары-жоғы бес әріп,



Басы-аяғы осы әріп.



Өзі мырза, сал, батыр



Аты әйгілі қай батыр?



Айтып жібер ал, батыр!  (Едіге)



 



 Жәңгір хан мен Жалаңтөс



және Орбұлақ ойраны



Тарихтан белгілі Орбұлақ шайқасында ерлік көрсеткен Жалаңтөс батыр мен елді бірлікке ұйытқан Жәңгір образы өлеңге арқау болған. Өлеңнің негізгі идеясы – Орбұлақ шайқасы мен онда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабалардың бейнесін ашу. Алғашқы жолдарда айлалы ханның тапқыр әрекеттері суреттелсе, ары қарай жауға қарсы аттанған рухты батырдың ерлігі суреттеледі:



Бірлікке елін ұйытқан



Салқам Жәңгір – ұлық хан.



Орбұлақта ойран ғып,



Қалмақты қалың ұлытқан.



 



Жәнібек тархан



 



Шақшақүлы Жәнібек – жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің батыры, қол бастаған Тархан Жәнібек. Жәнібек тарханға арналған өлеңінде автор батырдың ардақты тұлғасын сан қырынан аша білген. Өлеңнің алғашқы жолдарын батырдың шыққан тегі, батырлығы мен шешендігі сияқты бойындағы қасиеттері жырланады:



Алпыс арна Торғайды



Шапқан жаудан қорғайды.



Әрі шешен, әрі би



Деректер көп ол жайлы.



 Бұдан кейінгі шумақтарда хас батырдың соғыс кезіндегі айласы мен тәсілі, батырлығы мен қайраты суреттеледі. Батырдың ерлік қасиеттерін асырып көрсету үшін автор айшықты тіркестерді молынан қолданған. Мәселен, жүрек жұтқан қаһарман, жас дарын,туған Торғай таңы боп.



 



 



 



Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА, Ruh.kz



 



(Басы. Жалғасы бар...)


Ruh.kz
Ғаламтор желісінен