9 Мамыр, 2019
ЕРЛІКПЕН ҚАЗА ТАПҚАН БОЗДАҚ (Деректі-танымдық сұхбат)

1941 – 1945 жылдардағы қанқұйлы соғыс қаншама боздақтың өмір жалмады. Қаншама отбасыны зарлатып, аңыратты. 1911-1943 жылдары өмір сүрген, отыз екі жасында  Отан қорғау жолында Великие Луки түбінде ерлікпен қаза тапқан, Қызыл Армияның капитаны, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» жоғары дәрежелі ордендерінің кавалері, 100 атқыштар бригадасының әскери комиссары болған – Жұмаділ Әубәкіров есімді ер болған.


Жұмаділдей батырдың соңында қалған жалғызы-жарығы –  Рена-Орал Әубәкіровамен кездесіп, қаһарман Жұмаділ жайында сөйлесіп едік.



Айналайын, білесің бе, Мен – Батырдың қызымын! Әкем кешегі отты жылдары елімізді, жерімізді қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан еді... Әкемнің артында қалған жалғыз тұяғы, жоқтаушысымын. Бүгінде жасым жетпістің шыңынан асты. Құдайға шүкір деп, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Жарты ғасырдан астам жақсылы-жаманды өмір сүрдім. Ибалы келін, асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже болдық. Өмірдің әрбір сүрлеуінен, қатпарлы қия жолдарынан өтіп, кейуана жасына келгенде өткен өмірімізге шолу жасап, кешегі келмес күндердің тәтті, ащы елестерін естелік еткім келді. Ақ қағазға көкірек көзінен жүрек сөзін тізіп, балаларыма, ұрпақтарға, ағайын-туысқа сыр ақтарғым келген-ді.





Рена-Орал Жұмаділова әкесі туралы сөйлеп тұр...



Менің сырым – менің өмірім. Менің өмірім – өмірі «әке» дегенді сөздің қадірін түсінгеніммен, жылуын сезінбеуім, балалық шағымның соғыс жылдарына тап келіп, астан-кестені шығуы, еңбек майданына ерте араласып, балалық дәуренімнен ерте айырылуым.



 Менің әкем – менің кумирім. Менің әкем – менің мақтанышым. Себебі: әкемді жүзбе-жүз көрмесем де, менің әкем мен және мен секілді соғыстың зардабын тартқан шақалақ жас сәбилердің жарқын болашағы үшін майдан өтінде, туған жерінен жырақта қаһарман азаматтармен бірге жанын қиды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын Отанына, Туған еліне арнады. Құдай Тағала да майданда шейіт болғандарды өзінің мейіріміне алады екен ғой. Отан үшін жан қию – ерлік, өнеге, тағылым!



 Біз жеңіскер ұлттың ұрпағымыз. Мен батырдың қызымын! Жеңісті жақындатқан ағаларға рахмет айтып жатамын кейбір сәттерде. Әкемнің жастығын ұрлаған қу соғыс енді келмесе екен деп тілеймін. Менің оңашада отырып ойлайтындарым – өмірі көрмеген әкемнің жарқын бейнесі, жүзі жайлы. Әкенің аялы алақанын сезінбесем де, жүрегімде әкеме деген махаббатым алай-дүлей толқын тәріздес. Әкеге деген махаббатым – жетісудың жеті өзеніндей асып-тасып жатыр. Әкемді шетсіз, шексіз сүйемін. Ендігі арманым – екінші мәңгілік өмірде әкеммен пайғамбардың ақ туының астында әкелі-балалы болып қауышу. Өмір бойы әке жолымен келемін. Әділеттің ауылынан алыстаған емеспін. Құдай Тағала берген асыл қасиетімді, бақытымды күл-қоқыс пен боқ-сідіктің арасынан іздемедім. Себебі: менің жүрегімде, алпыс екі қантамырымда Жұмаділ әкемнің рухы бар еді...Әкемдей қайсар, тауға қарай қақайып тұрған шынардай өжетпін. Ешқашан жасып көрмедім. Ішкі жандүниемді ешкімге айтпадым. Әкем жоқ болса да, нағашы жұртымның арқасында ел қатарлы болып өстім. Сыртым бүтін болғанымен, ішімнің түтін екенін кім білсін?! Ой, айналайын, жарқыным-ау, менің балалық шағымды ешкімнің басына бермесін!



Менің сырым, менің ойларым – менің болмаған балалық шағым, 1941-1945 жылдардағы қанды қасірет. Кешегі қасіретті жылдарды еске алсам, жүрегім ауырып, сыздап, шаншиды. Қаншама боздақтың шыбын жаны шығып, өлім құшты. Кеудесімен оқ тосқан ағалардың ерен еңбегін ұмытсақ, бізді әуелі Құдай Тағала да кешпейді. Себебі: өлі разы болмай, тірі байымас! Ерлік ешқашан ұмытылмауы керек! Менің өмірге әкелген бес балам аталарын ұмытпаса, әр жұма сайын әкемнің әруағына құран бағыштатып, жеті нан таратып жүрсе, мен де разы болар ем... Осы менің отырып оңашада, толғанып, ойланатыным.




Сырымды бүкпесіз баяндағым келеді... Ал, сөйле, өткен күндерім! Ұлым саған айтам, немерем сен де тыңда! Менің әкемнің өз қолымен жазған өмірбаянында: әкемнің 1911 жылы Талдықорған облысының Қапал ауданы Арасан селосында туғаны белгілі. Ағалары Ыбырайым,Баймұхамбет, Байғали жастайынан жалшы болып, байлардың малын баққан. 1930 жылы ағайындылар Колхозға кірген. Әкем мектепті бітіріп, әр түрлі курстарда оқығаннан кейін темір жолда жұмысшы болып істепті. 1933 жылы әскерге алынып, Ашхабатта бір жылдық полк мектебін тәмамдаған. Одан кейін лейтенанттар курсын тауысады. Взвод командирі болады. Одан соң Ташкент қаласында политруктар курсын бітіріп, 1938 жылға дейін Ашхабадтағы 83-артиллерия полкында батарея политругі қызметін атқарады. Одан кейін әскери қызметтен босап, Алматы қаласындағы өрт күзеті басқармасының саяси жетекшісі қызметіне тағайындалған. 1938 жылы менің анам Күләнмен шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. 1939 жылы 3 қыркүйекте Роза деген қызы туып, 1,5 жасында кенет ауырып, шетінеп кетеді. 1940 жылы анам фельдшерлік-акушерлік школаға (қазіргі республикалық медицина колледжі) оқуға түседі. 1941 жылы июнь айының ортасында ата-анам демалысқа шығып, Арасанға барып, демалмақшы болады. Бірақ, әкем шешемді поездға отырғызып, өзінің артынан баратынын айтады. Анам Молалы станциясынан түсіп, грузо-таксиге отырып, Арасанға келсе, орталық клубтың алдында жылап-еңіреп тұрған халықты көреді. Сөйтсе  «соғыс» басталды деген хабар беріп жатыр екен. Мен 1941 жылдың 1 қыркүйегінде Арасан өңірінде дүниеге келіппін. Мені қырқымнан шығарған соң, анам екеуміз Алматыға әкемнің қасына келіппіз. Ол кезде әкем Алматы өрт күзеті басқармасында істеп жүріп, 100 қазақ атқыштар бригадасына  1942 жылдың 4 шілдесінен бастап, 4-ші атқыштар батальонының әскери комиссары болып бекітіледі. Жаңадан келген жастарды әскери өнеріне үйрету ісінде болып, 1942 жылдың 12 тамызында 1-Алматы темір жол вокзалынан 4889 жауынгер мен командирлер қатары №7 эшелонға тиеліп,  неміс басқыншыларына қарсы Отан қорғау үшін соғысқа Москваға қарай шығарып салыпты. (Бұл санайғақ нақты мәліметтер ҚР Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың «Боздақтар» кітабында айқын көрсетілген)




Анам әкемді соғыс даласына аттандырып, өзі Арасанға келеді. Ауылға келген соң, әке-шешесінің үйінде тұрып, кохоздағы қара жұмысқа тартылып, соғыс біткенше жеңіске жету үшін өз үлесін қосыпты.



1943 жылдың басында үйге қаралы қағаз келіпті, әкемнің ұрыс кезінде ерлікпен қаза тапты делінген. Бүкіл туысқандар жылап-еңіреп, боздағын жоқтаған екен. Сол жылдары әрбір үйде қаралы күндер жиі өтіп тұрыпты. Мамам майдандағы әкем болған полк құрамасына әкемнің қалай қайтыс болғанын білу үшін хат жазыпты, хатқа әскери дәрігер Төлегенов Зейнолла жауап жазған екен. Хатта: «1943 жылдың 6 қаңтарында Великие Луки қаласын азат ету үшін Сахнодеревьнясының маңында капитан Ж.Әубәкіров басынан жараланып, оны зембілге салып, санитарлық бөлімшеге апара жатқанда жау минасы жарылып, комиссар да, екі жауынгер де сол жерде опат болды» делінген. Әкемнің қандыкөйлек жолдасы Зейнолла туысқандарға шынайы көңілін білдіріп, «Жұмаділдей асыл ердің аты Отан тарихында  алтын әріппен жазылады» депті. Сол хатты  нағашыларым маған сақтап, үнемі оқып жүретінмін. Бұл хатты және әкем әскери борышын атқарған полк құрамысы туралы  5-6 газет материалдарын  мен 1984 жылы  ҚР Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамның үйіне алғаш рет танысуға 9 майда барғанда, сол күні Халима апамыздың туған күні екен, менің әкем туралы жазсаңыз деп әлгі құжаттарды бергенмін. Кейінірек ағадан сұрастырсам, ол кісі толық құжаттарды жазушы Жекен Жұмаханов ағамызға беріпті. Жекен аға менің әкеммен бірге соғысқан, қасында үнемі бірге жүргенін Әзағадан естідім. Жекен ағаның  «Сталин үшін алға» деген газеттің әр номерінен мақаласын оқитынмын.  «Табанды ер командирлер» деген мақаласында: «Ж.Аубакиров қатты шайқаста жараланып, сан частқа бармай, қолына таяқ ұстап алып, мен жолдастарымның соғысқанын көрмей отыра алмаймын, «шықсақ бел, отырсақ шұқыр» деп командованиені тастамай соғысқа кіріп кетті» депті. (Қажым Көжеков туралы мақалада)





Капитан Ж. Әубәкіровтің өз қолымен жазған өмірбаяны



Мен Алматыдағы мединститутта оқып жүргенде үнемі ойлайтынмын, Жекен Жұмаханов деген жазушы аға қайда тұрады екен деп. Бір күні журналдан жазушылардың сьезі ме бір суреттен көп жазушылардың ішінен Ж.Жұмаханов деген жазуды көріп, қатты қуандым. Сұрастырып білсем, ол кісі «Мәдениет және тұрмыс» (Қазіргі «Парасат» ) журналында жұмыс істейді екен.  1972 жылы февраль айында оқуды бітіретін кезде қасыма Құралай деген сіңілімді ертіп, көк базардың тұсындағы, М.Горький көшесіндегі үлкен зәулім үйдегі редакцияға бардық. Барсақ Жекен ағамыз кабинетінде екен. – Мен Аубакиров Жұмаділдің қызымын-, деп едім. – А,солай ма, қызым?! Деп маған қарай жүгірді. Сол кезде әкем қайтадан тіріліп келгендей әсерде болдым. Көпке дейін өксігімді баса алмадым. Ол кісі кең құлашты құшағына қысып, соғыстың жетімінің өксігін басуға тырысып: «Жұмаділ арыстандай ер еді ғой, атқа секіріп мініп, ұшып бара жатқан құсты атып түсіретін мерген еді. Бізді оң мен солымызды тануды үйреткен сол кісі еді...»деп, майдан шебіндегі талай әңгімелерін айтып бергені әлі есімде. Содан кейін мен мединститутты бітіріп, Арасанға жұмысқа кеттім. Көп уақыт ол кісіні іздеп келе алмадым. 1988-1989 жылдардың аяғында «Мәдениет және тұрмыс» журналының соңғы бетінде Жекен Жұмаханов деген фамилияның сыртын қара бояумен бояп қойыпты. Сонда білдім ол кісінің қайтыс болып кеткенін. Сол кезде қайтадан әкем өлгендей қиналып, тағы да жүрегіме мұң теңдеп алдым. 



 Әке деген асқартау ғой. Әкеме деген сағыныш сезімі сарқылар ма! Әкем дегенде жүрегімнің түбінен әкеге деген шексіз сезім өлең болып төгіледі кейде. Егер қанды соғыс болмаса, әке мен анамның ортасында шалқып өсер ем... Ай, қызталақ тағдыр-ай, кем дүние! Неткен қатал ең... Жас жүрегіме жара салып, мені «әкесіз» қалдырып, жетім қылғаныңмен не ұттың? Мен – тірімін. Мен тірі болсам, әкем де тірі. Әке, сен өлмедің. Өлмейсің! Менің елімнің тәуелсіздігі барда, сенің есімің өшуі мүмкін емес!



 Әкем, Жұмаділ Әубәкірұлының артында қалған ат ұстар мұрагері де, аяулы қонақ болып, ақ босаға аттар қызы да менмін. Әкемді насихаттау тек менің арым мен ұятыма жүктелген міндет һәм аманат. Сырларым осы еді...Мен Рена-Орал Жұмаділқызы Әубәкірова, 1941жылдың 1 қыркүйегінде Арасан ауылында дүниеге келдім.  1948-1958 жылы Арасан орта мектебін тәмамдаған соң, республикалық мед.училищеге түстім. Оны 1960 жылы бітірдім, содан бес жыл бойы «Арасан-Қапал» курортында фельдшер-лаборант болып істедім. 1965 жылы Алматы Мединститутының лечебный факультетіне түсіп, оны 1972 жылы бітіріп шықтым. 1972 жылдан бастап ақ халатты абзал жан ретінде  Отандық медицина саласында қызмет атқарып келдім. 1972 жылдың наурызынан 1979 жылдың күзіне дейін «Арасан» колхозының санаторийінде Бас дәрігер, 1979 жылдан 1990 жылға «Арасан- Қапал» санаторийінде дәрігер болып істедім. 1990 жылдан 2012 жылға дейін Талғар ауданы, Қызыл Ту селосындағы амбулаторияда терапевт дәрігер міндетін атқарып, зейнеткерлікке шықтым.



Өмірлік серігім – Бағдатым



Жолдасым Бектемісов Бағдат –Алматы қаласында 1935 жылы, 9 наурызда дүниеге келген.  Түп атасы – Ұлы Жүз – Дулат. Оның ішінде – Ботпай (Әлім-Жаныс). Әкесі – Сейдахмет (1909-1973) , анасы – Нәзімхан (1911-1965). Әкесі Сталинград  маңындағы ұрысқа қатысқан, Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі мүгедегі. Ата-анасы колхоз шаруашылығына белсене араласқан колхозшылар.





Әкемнің көзін көрген майдангер А. Винтовкинмен бірге



Бағдат – Алматы ауданының Қызыл ТУ -4 колхозындағы мектептің 7 сыныбын, 1948-1954 жылдары Талғар қаласындағы мектепті тәмамдаған. 1954 жылы Сельхоз институттың механизация факультетіне оқуға түсіп, 1959-1961 жылы ауылшаруашылығы институтының лаборатория кабинетінің меңгерушісі, 1959 жылы Ауылшаруашылығы министрлігінің Бас механизацияландыру мекемесінің жоғары дәрежелі инженері болып тағайындалды. 1961 жылы Алматының Октябрьдің 20 жылдығы атындағы станок  жасау заводында жоғары дәрежелі инженер-конструктор, 1967-1970 жылдары КАЗГИПРОТЕХНОМЕСПРОМ институтының, Алматы тамақ, өнеркәсіп жобалау институтының Бас конструкторы қызметін атқарды. Осы институттағы қызметінде қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқановтың ұлы  Арыстан Мұқановпен жақын араласады. Арыстан Сәбитұлы осы мекеменің директоры қызметін атқарған. 1970 жылы Орта Азия Түсті метал зерттеу институтының конструкторлар группасының Бас конструктор-инженері, 1972 жылы отбасылық жағдайға байланысты 1990 жылдарға дейін  Арасан ауылында инженер-механик, бас инженер,МТМ меңгерушісі қызметтерін атқарса, 1990-1994 жылдары Талғар ауданы, Қызыл Ту ауылындағы  ҚызылТу-4 орта мектебінде  математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Бағдат еңбектегі атқарған белсенді қызметі үшін көптеген марапаттармен марапатталған.



 



            Балаларым – көзқуанышым



Бала – өмір гүлі. Бала – ұрпақ жалғасы. Мен өмірге бес бала әкелдім. Балаларымыздың төртеуі Арасанда, қызым – Жанат мен Алматыда оқып жүргенімде дүниеге келген. Бағдат екеуміз бес баланы қатарларынан қалдырмай, өз замандастарымен тең өсіріп, жоғары білім алуларына, шаңырақ көтерулеріне бар жағдайды жасадық.



Үлкен қызымыз – Раушан. 1963 жылы 15 желтоқсанда туылды. НарХоз-дың финанс факультетін тәмамдаған. Мамандығы – экономист. Айгерім, Мадина есімді екі қызы және Әділет деген ұлы бар.  Әділеттің жары – Самал. Әділет пен Самалдың Камал, Икрам есімді ат ұстар екі ұлдары бар. Бәрі Алматыда тұрады.



Екінші қызымыз – Жанат. 1969 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Мамандығы – заңгер. Нұрислам есімді ұлы бар. Қазір Өтеген батыр кентінде тұрады.



Үлкен ұлымыз – Талғат. 1972 жылы 10 сәуірде туған. Келініміз – Бұлбұл (1974 жылы 19 шілде). Екеуі де мұғалім. 4 баланың ата-анасы.



1.Күләнда (1994) – қазір  Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетінің студенті.Дәл қазіргі таңда ҚХР   武汉大学 (Wuhan University)  белгілі университетінде  қытай тілінің тәжірибелік курсында білімін жалғастырып жатыр. Біз Күләндамен ғаламтор арқылы (скайп) сөйлесіп тұрамыз. Күлән – менің анамның есімі. Біз немеремізге ырымдап, арнайы қойдық.



2.Абылай (1997) – Республикалық О.А.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған мектептің оқушысы.



3.Темірлан (2003) – Сұлтан Ахмед атындағы №39 лицейдің оқушысы.



4.Азамат-2009 жылы дүниеге келген.



Ортаншы ұлымыз – Фархат. 1975 жылы 14 қаңтарда дүниеге келген. Мамандығы – энергетик. Келініміз – Гүлжан.(1975). Мамандығы – мұғалім.  Сұлтан (1999), Маржан (2004), Диас(2011)  есімді үш баласы бар.



Кенже ұлымыз – Болат. 1978 жылы дүниеге келген. Келініміз – Әсем. Шыңғыс(2000), Санжар (2006), Сұңқар (2009)  есімді үш ұлдары бар.



Балаларымыздың бәрі сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, бәсекеге қабілетті жандар. Немерелеріміздің бәрі – математика мен физикаға бейім. Бұлар – біздің мақтаныштарымыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген екен. Сол секілді, Құдай Тағала балаларыма, үрім-бұтағыма зор-денсаулық, бейбіт өмір берсін. Жұмаділ аталарының әруағы қолдап, желеп-жебеп жүргей!



Менің әкемнің көрмеген қызықтарын, жасамаған жасын үрім-бұтақтарыма бергей. Менің балаларым – бесеу ғой... Бесеуі де бес саусақ құсап, бірге ашылып, бірге жұмылып жатса игі еді... Бірліктері, бір-біріне деген сыйластықтары бір елі ажырамай, үбірлі-шүбірлі болсын деп тілеймін күнде.Аман болыңдаршы, айналайындарым!



                                                     Әкемді іздеу сапары



Менің әкемнің сүйегі жырақта жатыр. Туған елінің бір уыс топырағы бұйырмады. Қатал тағдыр-ай, гүлді өсірмей, ерте жұлдың ау... Неткен, кем дүние. Өмір дегеніңіз – бірде көл, бірде шөл екен. Әкемді іздеу, әкемді тірілту, Жұмаділді бүгінгі ұрпаққа насихаттау, ел санасына қалдыру ісі – Арасан ауылында басталған. Олай дейтінім, Арасан ауылында тұратын келінім – Нұршайым Мақатайқызы Рахатаева  әкеме қатысты барлық құжаттарды ұзақ уақыт жинастырып жүрді. Нұршайым – архив, мұрағат құжаттарын ықтиярлықпен, асқан жауапкершілікпен жинайтын жан. Әрбір деректі байыбына барып, жинастырады. Оның үйінде архивтік құжаттар өте көп.



Мен ес білгелі ойлап, армандайтынмын әкемнің соғысқан жерін көрсем деп. Әзілхан аға да айтатын, Мәншүк Мәметованың ескерткішінің жанында офицерлердің тізімінде әкемнің фамилиясы бар дейтін. Мен оған сенімді болатынмын. Былтыр 2013 жылы апрель айында бір құдам балам Ержан біздің үйде отырғанда, менен басқа пысық қыз болса, әлде еркек бала болсам баяғыда әкемнің соғысқан жерін көріп, келер едім. Өмірімде армандап кететін шығармын!-дегенімде, Фархат балам:



-Мама, уайымдама, мен демалыс алып, апарып келемін деді. Содан 3 май 2013 жылы сағат ертеңгі 7:20 да біз Фархат, Сұлтан үшеуміз Қызыл Тудан Фархаттың «Тайота» машинасымен жолға шықтық. Менің әкем Әубәкіров Жұмаділ соғысқан жерлері Великие Лукиге, Невель қаласына бет алып келеміз. Сағат 14:30 да Балхаш қаласынан, Балхаш көлінің бойынан өттік. 18:20 да Қарағанды қаласына келіп жеттік. 21:30 да Астанаға 1200 км жүріппіз. Болат баламның досы Мақсаттың үйіне аялдадық.



4 мамыр 11:00 де Астанадан шықтық. Шекараға түнгі 21:00 келіп, 22:30 да шықтық. Челябинскке 130 км жол жүріп,  4:30- да жеттік. «Златоус» қонақ үйіне тоқтадық.



5 мамыр. Таңғы сағат 11:20-да  жолға шықтық. Горно-лыжный центр Миньярдан өтіп, Уфаға (Башқортстан) 13:30 ға келдік. 19:00 де Татарстан шекарасынан өттік.  Сарман, Вятко, Волга өзендерінен өтіп, түнгі  2:20 да Чувашияның  «Кучески» қонақ үйіне қондық. Москваға 655 км қалды.



6 мамыр 11:00 де жолға шықтық. Нижний Новгород, Володарок районын, Возниковск, Вязнинки, Мичуринск облыстарын басып өтіп, түнгі 2 де Подольскке келіп, машинада қондық.



7 мамыр таңғы 9:00 де  РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің приемінде болдық.  Невельге 558 км қалды. Ясенева, Можатск, Смоленск, Шереметьева, Ленинградск, Глухово, Волоколомск, Псков, Ржевск елдімекендерінен өттік. 19:00 де Великие Лукиге келдік. Братская могилаға барып көрдік. Әкемнің фамилиясын таппадық. Сағат түнгі 21:00 де Невельге келіп, соғыста қайтыс болғандардың және Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қойып, естелікке суретке түстік.



8 мамыр 9:00 де Невель қаласының админстрациясында болдық. Әкемнің керекті құжатын беріп, келісіп шықтық.  11:30 да Великие Лукиге келдік. Дом Ветеранов, админстрация мейрам күндеріне байланысты 13 мамырға дейін демалады екен. Ешқандай мәлімет ала алмай, елге қайттық. Бологое 558 км екен. Сағат 18:30 да  Қызайхан ағамның үйіне (мамамның інісі) бардық. Тося жеңгей, қызы Надямен амандасып, Қызайхан ағамның бейітінің басына барып, ауылдан әкелген топырақты салдым. Бәріміз бірге суретке түстік.  Содан кейін ағамның үлкен баласы Валенттиннің үйінде болдық. Ол 1947 жылы туған. Тося жеңгенің үйіне қондық.



9 мамыр 11:20 да Бологоядан Астанаға дейін 3070 км екен, тура жолмен елге қарай жол тарттық. 17:00 де Москваның жанынан өттік. Түнгі 23:40 та Ниваның қасында «Теплый Стын» деген қонақ үйіне қонып шықтық.



10 мамыр күні 9:20 да Астанаға жолға шықтық. (2218 км) 12:30 Татарстанға кірдік. 17:30 Башқорстанға келдік. 19:20 да Уфа қаласынан шықтық. Түнгі 4 те Челябинскке келіп, сонда аялдадық.



11 мамыр күні 11 де Астанаға жол тарттық. Астанаға 1230км қалды. Сағат 17:00 де шекараға кірдік.



12 мамыр күні таңғы 4:30 да Астанаға келдік. Мақсаттың үйіне демалдық.



13 мамыр күні Астана қаласын аралап, Алматыға жол тарттық. Түнгі бірде үйге келдік. Сөйтіп 10,5 сөтке бүкіл Россияны аралап келдік. Фархат күніне 14-15 сағат машинамен жүріпті.





Арасан ауылындағы Ж. Әубәкіров атындағы көше



Осылайша Фархат баламның арқасында көп жылдар бойы армандаған арманым орындалып, әкемнің соғысқан жерлерін көзіммен көріп, көңілім марқайып қалды. Немерем Сұлтанды арнайы алып бардық, атасының соғысқан, ерлік көрсеткен жерлерін көрсету – біздің міндетіміз емес пе?!



 Капитан Әубәкіров Жұмаділдің майдан даласында ұрысқан жерлеріне жасалған арнайы іс-сапар осылай болды.



PS: Жұмаділдей арыстың жасамаған жасын  қызы – Рена-Орал апамызға, оның күйеубаласы – Бағдат атаға, батырдың жиендеріне бұйыртсын. Көк аспанымыз ашық болып, бейбіт өмір сүрейік!



Бейбітшілік жасасын әлемде! Асыл Ерлерімізді ешқашан ұмытпайық, олардың рухына құран-дұға бағыштайық, тағылымды өнегелі істерін насихаттаудағы перзенттік парызымызды аямайық!



Ер есімі – ел есінен шықпайтынына, тарихтың түбінен сөз келгенде есімі мен ерлігі айтыларына бек сенеміз. Бабалар аманатына қиянат жасамайық!



«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, батырдың ұрпағы, үрім-бұтағы, жамағайыны аман болсын!



 



Әңгімелескен: Елдос ТОҚТАРБАЙ



 


Ruh.kz
Елдос Тоқтарбайдың жеке мұрағатынан