19 Қыркүйек, 2017
Фәни мен бақи арасы немесе Жошы ханның жұмбағы

Бұл даланың төсінде бүгін найзалары күнге шағылысып, сап түзеген Дешті қыпшақтың жер қайысқан қалың қолы жоқ, бірақ Арқаның адыр-қырқасын айқыш-ұйқыш жалғаған жоғары кернеулі электр желісінің діңгектері бар. Бұл даланың төсінде бүгін қара қазанды қайнатқан, қалың елдің жерошағы жоқ, бірақ зымыран қалдықтары құлаған айтақыр далада ай тыртықтар толып жатыр. Бұл даланың төсінде бүгін Дешті қыпшақты тітіренткен, Еуропаны елеңдеткен салқар керуен жоқ, бірақ осы даланың қойнауын құмырысқадай үңгіген шахталардан шыққан құнды байлықты тиеген пойыздар жүйткиді...


 



1187-1227 жылдар...



Не бары 40 жасында қамал бұзып, Қыпшақ даласын уысында ұстаған Жошы жайлы аңыз көп. Кетбұғаның қоңыр домбырасының көмейіне қорғасын болып құйылған әйгілі «Ақсақ құланды» ешкім естен шығара қойған жоқ. Бұрқын Қалдуында бәниге келген Жошының Сарыарқаның кіндігі, Дештіқыпшақ даласында талқаны таусылар деп ешкім ойламаса керек. Бірде құлан болып жосылған, бірде Құланбике болып сылаңдаған дүние оған да опа бермегендей.



https://baq.kz/storage/e3/e32835092ba264d2875301bcf5bbd9c7.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



Олай дейтініміз сонау иісі түркі тектіге бесік болған Кентайда кіндігі кесіліп, белгісіз себеппен Ұлытаудан мәңгілік тыныштық тапқан Жошы ханның ажалы құланнан келген.



«Осы Ұлытау өңірінде «Құлан қатын кесенесі» деген кесене бар. Жошының ажалы сол әйелдің қолынан болған. Ол – татарлардың ханышайымы еді. Құлан қатынның ісін Шыңғыс ханға естірткен әйгілі Кетбұқа жырау. Ол қатынның қолынан өлген Жошыны Шыңғысқа құлан қуып жүріп өліпті деп естіртеді» – дейді белгілі тарихшы, «Киелі Қазақстан» орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы.



Қалай десек те Керуленнің бойында кіндігі кесіліп, Кеңгірдің бойында кесенесі қалған әйгілі хан туралы айтылар әпсана көп.



https://baq.kz/storage/d7/d75addc0c423a024ca8bb0928c453c6c.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



11 мемлекеттен келген ғалымдардың, журналистердің, саяси қайраткерлердің басын қосқан «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясы https://baq.kz/kk/news/ruhani_zhangiru/kerulennen_akkan_bir_tamshi_kengirge_kelip_kuigandai20170918_101200" rel="nofollow">Жезқазғаннан 32 шақырым жерде жатқан Жошы хан кесенесіне бет алды.



https://baq.kz/storage/66/664674ddb43be909e98db6d1cd361ed3.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



Осы жол бойында маңқиған маңғаз далаға, көсілген кербез алқапқа, қарасаң көз жеткісіз көлбеген шексіздікке көз суарасыз. Көз суарасыз да, іштей, жүрегіңіздің сонооооу түкпірінен бір нәзік қимастық оянады. Ол қимастық ұлғая келе жан сыздатар аянышқа ұласады. Себебі, бір кезде Жошының жер қайысқан қалың қолына тұрақ болған кең жазираның бүгінгі келбеті шынымен адам аярлық жағдайда. Аспан мен жердің астасқан, сағым ораған көкжиекке дейін көз тоқтатар бір бұдырдың, бір төбенің, тіпті бір қыбыр еткен жәндіктің болмауы - нағыз дала қасіреті екенін сезінесіз. Бәлкім бұл жер сол Жошы жорықтарынан кейін бір рет те гүл ашып, бір рет те көкорай шалғынға оранбаған шығар деп ойлайсыз. Ойлайсыз да, ішіңізден неге осынша өлі күйге түскенін түсінесіз. Іштен тынасыз...



https://baq.kz/storage/9f/9f906b91204640167db3ad7023348dfa.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



Ешбір белгі, ешбір нұсқау қойылмаған, қаражолы соңғы жарты ғасырда бір рет жөндеу көрмеген бағытсыз, бағдарсыз жолмен солтүстік батысты бетке алып жолға шықтық. Ең жақсысы Жезқазғанның кез келген адамы Жошыға барар жолды біледі. Егер сырттан келген біреу болса, Жошы хан кесенесінің қай жақта екенін сегіз ғасыр іздесе де таппас еді.



Біз таптық. Біздің тауып алуымызға Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи өндірістік мұражайдың директоры Кенжалы Балкенов ағамыздың септігі тиді.



https://baq.kz/storage/c0/c078cd17edb9ccb511f8e2564cd9bbae.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



Жошы хан кесенесі қазақ даласына ислам діні жайыла бастаған алғашқы жылдардың көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Кіре берісін құбылаға қаратып, төрт бұрыштап, төбесіне күмбез орнатқан. Күмбезінің айшығы құмыра іспетті. Мұнда көшірмесі қойылыпты. Ал түпнұсқасы Ұлытау ауылындағы мұражайда сақталған.



https://baq.kz/storage/4a/4a80ea0e4bf5b7b82c1c23ea790f5b95.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



«Жошы ұлысының астанасы – Орда базар қаласы осы кесененің тура қасында тұр. Ілияс Есенберлиннің айтуы бойынша бұл Жошы ұлысының астанасы болған. Жошы өлімінен кейін оның екінші ұлы Бату хан әкесіне кесене соғуды қолға алған. Яғни бұл кесенені Бату хан салдырған. Ол шамамен 1237 жылдар. Бұл кесенеде Жошы хан мен оның бәйбішесі – Бектумыш анамыз жатыр. Бектумыш – керей ханы Тоғырылдың інісінің қызы» - дейді Кенжалы Балкенов.



https://baq.kz/storage/89/89d0fca832c8a6a79ad5a2b303383e10.jpg" style="height: 506px; width: 900px;" />



Сайын даланың сегіз ғасырлық куәгері санаңа сыналап сонау дәуірдің сәулесін құятын секілді. Бірде уақыт машинасына мініп, қаһарлы хан дәуіріне өткің келеді. Бірде әр кірпішінен тарихтың табы сезілген кесенеге тіл бітсе деп армандайсың. Қарап тұрып, ұлыстың ұлы ордасы болған Ордабазар қаласының қақпасын қаққың келіп кетеді. Экспедицияның атауы «тарихи жадының жаңғырығы» атануының өзі осы сапарда, тура осы кесене басында есіңе түсе кетеді. Шынымен бірі жалған күмбезден, екіншісі он алты қырлы барабанға тұрғызылған сыртқы күмбезден тұратын қос күмбезді кесене жанында тұрып санаңның бір бұрышынан адамзатты аузына қаратқан қаһарлы хандар дәуіріне кеткің келіп, қарадай арқаң қозатыны бар.



Айға созылған сапардың түйіні әлі қойылған жоқ. Алда екі мәдениеттің, екі әлемнің, екі түсініктің қақпасы іспетті Домбауыл діңі бар. Біздің керуен солай қарай бет алды. Бәни мен бақи арасында 40 жыл ғұмыр кешкен әйгілі тұлғаның өлімінің жұмбағы сол күйі қалды. Оны бәлкім сіз шешіп көрерсіз.



Бұл даланың төсінде бүгін найзалары күнге шағылысып, сап түзеген Дешті қыпшақтың жер қайысқан қалың қолы жоқ, бірақ Арқаның адыр-қырқасын айқыш-ұйқыш жалғаған жоғары кернеулі электр желісінің діңгектері бар. Бұл даланың төсінде бүгін қара қазанды қайнатқан, қалың елдің жерошағы жоқ, бірақ зымыран қалдықтары құлаған айтақыр далада ай тыртықтар толып жатыр. Бұл даланың төсінде бүгін Дешті қыпшақты тітіренткен, Еуропаны елеңдеткен салқар керуен жоқ, бірақ осы даланың қойнауын құмырысқадай үңгіген шахталардан шыққан құнды байлықты тиеген пойыздар жүйткиді...



https://baq.kz/storage/3f/3f935b555df33ca4784701eaeaaba61a_resize_w_782_h_439.jpg" style="height: 507px; width: 900px;" />



 


Ержан ЖАУБАЙ
Абзал ҚАЛИЕВ