25 Сәуір, 2019
Фархад Молдағали «Ричард ІІІ» сахналайды

Шекспирдің классикалық Ричардынан алыстап, оны жаңа қырынан көрсетуді мақсат еткен креативті жас режиссер, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали «жаңаша» Ричард ІІІ көрермен назарына ұсынбақ. Заманауи режиссерлік көзқараспен қойылатын спектальдің премьерасы елордамыздың «NOMAD» театрында ағымдағы жылдың 26-сәуірінде сахналанбақшы.  


Әлемге әйгілі Шекспирдің «Ричард ІІІ» тарихи пьесасы дүние жүзінің көптеген үлкен сахналарында қойылды. Бес актіден тұратын пьесада жантүршігерлік сюжеттер мен бас кейіпкердің зұлым образы толықтай ашылады. Әлемдік деңгейдегі танымал шығармада король Ричард қашан да зұлым, өте ақылды зұлым, бойында күш-жігері бар зұлым ретінде көрсетілген. 



«Ричард» үшін, жас «NOMAD» театры үшін ерекше премьераның алдында режиссермен жолығуды жөн көрдік.



Уақыт түскі үзіліске таяп қалса да, театр сахнасындағы дайындық жұмыстарын тоқтату туралы ойды ойламаған театр труппасы мен Фархад режиссер сыртқы әлемнен алшақтап, Шекспирдің дәуіріне енгендей болды. Қараңғыланған сахна. Музыкалық инструменттерді қолға алған актерлер. Өз ролдеріне бар болмысымен енген жас актерлер. Корольдің ызасы мен Королеваның ашуы. Режиссердің орындығынан түрегеліп «Королеваның» эмоциясын «реттеуі». Хордың бір қалыпта тұруы. Сахнада араласып, бір-бірімен соқтығысып жатқан актерлердің эмоциялары және режиссердің бағыт-бағдары ерекше гармонияға ие. Театрдың сахнасында қойылатын пьеса режисер Фархадтың асыл армандарының бірі екен:



«Ричард ІІІ» пьесасын сахналау студенттік жылдары менің көкейіме тұрақтаған арманым еді. Реті келмей жүрді. Жүрегіңнен орын алған туындыны өмірге алып келу үлкен жеңіс. Режиссердің жүрегін тербетіп, көңілінен шыққан дүниені актерлерге таратып, оны көрермендерге таныстыру, соның ішінде «Ричард ІІІ» пьесасына қатысты ниет менде бөлек. Бұл туындының үзіндісін төртінші курс студенті болған кезімде қойған едім. Ол үзіндімен 2015 жылы біз Ресейдің Мәскеу қаласында студент-режиссерлер арасында өткізілген конкурсқа барған болатынбыз. Әділ-қазылар алқасы мен көрермендер тарапынан жылы лебіздер естіп, номинацияға да ілліккенбіз. Спектальдің үзіндісін тамашалаған А.П.Чехов атындағы Мәскеу көркем театрының көркемдік жетекшісі Сергей Женовачке, Ресейдің танымал театр режиссері Олег Кудряшовқа және театр әлеміндегі талай талантты шәкірттердің ұстаздарына, барлығына да біздің Ричард ұнады. Бұрынғы Ричардтардан өзгеше, ерекше болған біздің Ричард профессионалдардың оң пікіріне ие болды. Сергей Женовач осы үзіндіні толыққанды спектакль деңгейіне көтеру керектігін айтқан болатын. Осы идея маған қанат бітірді, бұл сөздермен мен күні бүгінге дейін қоштаспадым және пьесаны сахнаға алып келуді ұзақ уақыт армандадым. Өткен уақыт аралығында мені шақырған театрлардың барлығына да «Ричард ІІІ» пьесасын ұсынатын едім. Алайда, бүгінгі күнге дейін ешкім қабыл алмады. Еліміздің режиссерлік ортасында барлығы да менің пьесам туралы білді. Жылдың басында «NOMAD» театрының режиссері Сайлау Камиев: «Фархад, Ричардты қоямын деп жүр едің ғой» деп, жанды жерімнен басты. Осылай ел астанасының ең жас театр ұжымымен жұмысымды бастап кеттім» - деген жас режиссер өзінің арманына айналған пьесасының дүниеге қалай келгендігі туралы айтқан.





Бұл танымал шығармадағы басты кейіпкер король Ричард тумысынан өте ұсқынсыз, арқасында бүкірі бар бала болып дүниеге келген сәтте оның өз анасы да одан шошынған. Екі аяғының ұзындығы екі түрлі ұсқынсыз бала өмір бойы халықтан тек қорлық пен келемеждеуді ғана көреді. Алайда, Жаратушы Ричардтың түр келбетін келістірмегенімен оның ақыл-ойын, иірімді шешім қабылдау қабілетін, саяси талантты білгірлігін асыра берген. Ричард билікке қол жеткізу үшін қан төгіске барады және жақындарының өмірімен саудаласады. Шекспир өзінің басты кейіпкерін психологиялық тұрғыдан өте күрделі етіп жасаған. Ал, жас режиссер Фархадттың көзқарасында Ричард ІІІ қандай, оның ерекшелігі неде?



«Біріншіден, бес актілі пьесадан біз барлығын алып тастап, тек он алты парағын ғана қалдырдық. Сөздерді қысқарттық, Кедергі келтіреді деген іс-қимылдарды қысқарттық. Ресейлік кәсіби мамандарды таң қалдырған тағы бір нәрсе – біздің туындыда екі Ричардтың болуы. Тура мағынасында Ричард екіге бөлінбейді, тек қана оның арқасында туа біткен бүкірі жеке кейіпкер, екінші Ричард болып шыға келеді. Әр режиссер Ричардтың бүкірін әртүрлі образдарға енгізе отырып көрсетті, менің көруімде Ричардтың тұлғасы осындай. Бүкірлікті кейіпкер арқылы бергеніміздегі мақсат – Ричардтың бойындағы бар жамандықты, қатыгездікті одан бөліп көрсету. Ричардты барынша ақтауға тырысамыз. Өйткені барлық шығармаларда Ричард қанышер, зұлым адам. Ал, ол неліктен осындай болды, неліктен қанышер болды? Ол анадан пәк туды ғой! «НЕГЕ?» деген сұраққа жауапты спекталь бойы іздейміз. Ричардтың ұсқынсыздығына бола оны қоғам шеттеті, оның бойындағы жауыздықты қоздырды. Кейіпкерімізді анасынан бастап қара халыққа дейін сүймеген, қабылдамаған. Сонда, қатыгез, қанішер Ричардты қоғамның өзі жасап алды. Оның жауыздығынан айырып қарағымыз келді. Сол себепті жаңаша Ричард дүниеге келді» - деп ерекше кейіпкер  Ричардтың қалай дүниеге келгендігі туралы айтқан кезде  жас режиссердің көзі жанып, қазақ театрына бүйрегі бұрып тұрды.



Өзінің болмысына жақын туындыны жас театрдың жас актерлерімен бөлісу, оларға осы шығарманы көрермендерге таныстыру мәртебесін сеніп тапсыру қаншалықты қиын болды екен? Жалпы, «NOMAD» театры Нұр-Сұлтан қаласының жас театры және оның құрамындағы актерлер де өнер ордаларын күні кеше ғана тәмамдаған жандар деп айтсақ қателеспейміз. Сонымен қатар, бұл театр комедия жанрындағы туындыларды сахналап жүр. Комедия бағытындағы шығармаларды қойып жүріп, бір уақытта салмағы ауыр драма, трагедия жанрына көшу актерлерге қаншалықты қиын болды екен?




«NOMAD» театрының ішінде актерлер екі бағытта жұмыс жасайтын труппа бар. Бірі - комедия мен сатира болса, екіншісі - салмағы ауыр туындыларды қою бағыты. Негізі «Ричард ІІІ» пьесасы театр үшін трагедия, драма жанрындағы сахналанып жатқан алғашқы туындылары. Яғни, ертең жас труппа үшін де, Ричард үшін де премьера болады. Театр басшылығының саясатын қолдаймын. Себебі, бірыңғай комедияны актерлерге ойната берсе, актерге қиянат жасалады. Ол дамымайды. «NOMAD» театрының режиссері Сайлау Камиев шақырғанда, театрдың құрамымен танысу үшін келдім. Шыны керек, басында қорықтым. Қалай болады екен дедім. Аяғына енді тұрып келе жатқан театр, құрамында оқу орындарын енді бітірген актерлер. Ал, менің пьесам Шекспир, Ричард, классика ғой!  Бірақ, ештеңеге қарамастан театрға келдім. Труппамен таныстым. Тренингтер өткіздім. Актерлердің қабілеттерін, бойындағы өзгешеліктерін, дауыс ырғақтарын, жүріс-тұрыстарын байқадым. Әрқайсысының психологиясын зерттедім. Актерлік тренигтердің барысында осылардың барлығын байқадым. Біраз уақытты алған таныстыру жұмыстарынан соң актерлерді рольдерге бөлдім. Дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Өкінішке қарай, уақыттың тығыздығына байланысты репетициямыз бір айдың көлемін қамтыды. Уақытымыз аз болғанымен, сол аз уақытты тиімді пайдалана алдық. Бір-бірімізді жақсы түсіндік. Актерлер мені, мен актерлерді жақсы түсіндім. Күн демей, түн демей дайындық жұмыстарын жалғастыра бердік. Спектальдің музыкасы дыбыс режиссердің немесе аппаратураның сүйемелдеуімен болмайды. Актерлер барлығын өздері орындайды. Яғни электрогитарада, бит бокста, фортопианода театрдың актерлері ойнайды. Айтып өткенімдей, барлық рольдер тренингтің барысында бөлінді. Қиын болды. Кез келген туындыны сахнаға алып келетін уақытта қиыншылықтар болады. Ол заңдылық. Алайда, қиыншылықтарды артқа тастау үшін жұмыла жұмыс жасау керек. «NOMAD» театрымен бұл іске асты. Репетициялардың барысында кей көріністер өзгертіліп, әуендер табан асты туындап жатты. Барлығы да жасалу барысында жүзеге асырылды. Пьесаның нақты дайын нұсқасы болды, жұмыс барысында ол өзгеріске де ұшырады.  Ол қысқартылды, ұзартылды, түрлендірілді, бірнеше рет нұсқаланды. Актерлермен жұмыс, музыканы шығару, сахнаны жасау, тексттерді жазу, іздену барлық процестер бір уақытта өтіп жатты».




Әр туындысын сахнаға алып келетін режиссер қашан да көрерменнің көкейіне ой ұялатады. Көрерменге шығарма жеткенше дейін режиссер қобалжу үстінде болады. Мың толғанады. Әлемдік классикалық шығарманы «жаңаша» көрсеткісі келген Фархад режиссерден білгеніміз, оның бойындағы қобалжу заңды құбылыс. Күнделікті репетициялық жұмыстар премьераға бірнеше сағат қалғанға дейін болатыны да заңдылық.



«Ал, премьераны көруге келген көрермен Ричардты басқа қырынан таныса екен, қанышер Ричардтың да жақсы қырларын білсе екен деген үміт бар. Көрермен жаңа Ричардты қабылдаса, оның тұлғасын таныса, біздің еңбегіміздің еленгені сол болар еді».





Пьеса саунд-драма түрінде ластанбаған таза хаусты сезіндіреді. Күні мен түнін театрға арнаған Фархад Молдағали үнемі ізденіс үстінде. Жылына кемінде бір рет кәсібилігін шыңдау үшін оқуға барып тұратын режиссер театрдан ешқашан алшақтамайтынын айтты. Және де қазақтың туындыларын сахналап, оларды шет елдерге экспорттағысы келеді. Асқақ арман – қазақ драматургиясын әлемдік деңгейге көтеру, Шекспирдің Ричардымен қатар халқымыздың төл туындылары да тең тұратын уақытты жақындату үшін еңбек ететін Фархад режиссерге біз кәміл сенеміз.  «NOMAD» театырының драматургия бағытындағы тырнақалды қойылымына сізді шақырамыз, қымбатты көрермен!



«Біз өнерсүйер көрерменсіз жоқпыз! Премьераға көрерменімізді асыға күтудеміз! Шекспир классика. Ол қашан да актуальды. Сіздің ойыңыздан Ричард шықса екен деген үміт бар. Елордамызда талантты жас труппаның бар екенін көрерменге көрсету. Жастардың кәсіби мүмкіндіктерін көрсету. Халық өз жас актерін таныса екен деген ниет бар бізде».



P.S. Фархад Молдағалимен сұхбат алу үшін қойылым репетициясының үстінен келген болатынбыз. Залға кірген кезде ерекше атмосфераға енгендей болдық. Сахнадағы актерлердің үйлесімділікпен қозғалуы, олардың эмоциялары, әуенді орындап отырған жігіттердің сол эмоцияларды қағып алуы, барлығы да ортақ фигура - режиссерге келіп тоғысты. Жас та болса, өз ісінің шебері, әрқашан ізденіс үстінде жүретін, халқының өнеріне өмірін арнағысы келетін Фархат Молдағалиға үлкен үміт артамыз. Қазақтың тың туындыларын заманауи бағытта өңдеп, оларды әлем халықтарына насихаттау жолында сәттілік тілейміз!



 



                                              Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,



Ruh.kz



 


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz