16 Маусым, 2018
Ғалымдар 300 млн жыл бұрынғы жануар сүйегін тапты

15-маусым күні «Индер-Орал өңірінің келешек геопаркі» атты экспедиция өз мәресіне жетті. Оны Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті ресейлік әріптестерімен бірге ұйымдастырған. Он күн ішінде олар Тасқала ауданынан 12 шақырым жерде орналасқан Үлкен Ешкітау, Аралсор көлі, Индер таулары мен Индер көлінің маңындағы аумақты аралап шықты.


Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан ұлттық география қоғамы» РҚБ мүшесі, экспедиция ұйымдастырушысы Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынша, 6-7 маусымда экспедиция Тасқала ауданында өңірлік өлкетанушылармен кездескен. Топ мүшелері аудандық «Жас натуралистер» слетінің ашылу салтанатына қатысып, Үлкен Ешкітауға барған. Ғалымдар таудың ландшафтары мен Атамекен ауылының маңындағы 18-19 ғасырдың құлпытастарын кешенді түрде зерттеді.



8-маусымда экспедиция Индерде жалғасын тауып, Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығынан келген жас экологтармен, геологтармен кездесті. Палеонтолог В.М.Ефимов оларға геология бойынша дала семинарын өткізді. Осы күні герпетологтар Индерде оқжыланды кездестіріп, оның табиғи ортасын зерттеді. 9-маусымда ғалымдар Индер маңындағы 3 қорым – Шелекмола, Ақшадыра, Қарабала-Қантемір көне зираттарына зерттеу жұмысын жүргізді.



– Аталмыш қорымдардың жағдайы нашар. Көп құлпытас бүлінген, ол аймақта мал еркін жайылып жүр. Қорымды қоршау қажет, себебі, бұл ескерткіштер ХІХ ғасырдың тарихи ескерткіші саналады және мемлекет қорғауына алынуы тиіс, - дейді Қ.Ахмеденов.



9-маусымда ғалымдар Қ.Ахмеденов пен Ю.Таиров Индерде палеонтологиялық кен орындарын: 300 млн. жыл бұрын Жер бетін мекендеген триас дәуірінің қосмекенділері – шытырмантістілердің сүйектерін тапты. Табылған заттардың суреттемесін палеонтолог В.Ефимов жасады. Құнды олжа атақты палеонтолог В.Очевтің 1968-1975 жылдары жасаған қазба жұмыстары орындарынан табылды.



10-маусымда экспедиция өз жұмысын Индерде жалғастырып, 1720-1805 жылдар аралығында өмір сүрген Малайсары бидің, 1838-1839 жылдары шаруалар көтерілісінің дем берушісі Махамбет Өтемісұлының кесенелеріне, б.з.д. ІІ ғ.-б.з. ІІ ғ. ескерткіші – Кетебай қорғандар тобына барды. Бұл нысандар осы өңірдің қайталанбас тарихи ескерткіші. Сондықтан, туризм нысаны және тарихи мұра ретінде геопарк құрамына ене алады. Индердегі зерттеу жұмыстарының соңында экспедиция тобы Атырау өлкетану музейінің филиалын аралады.



11-маусымда экспедиция Бөкей Ордасына жолға шығып, 12-маусымда ғалымдар Аралсор көлінде болды. Ғалымдардың айтуынша, олар осы жерден бауырымен жорғалаушылардың 4 түрінің – түрлі-түсті кесірткенің, секіргіш кесірткенің, тақыр батбатының, дала сұр жыланының мекенін тапты. 13-маусымда экспедиция Хан Ордасына бағыт алып, ғалымдар Бөкейорда музейі мен орман шаруашылығын аралады. Жұртшылықпен кездесіп, оларға экспедицияның мақсат-міндетін баяндап, зерттеулердің алдын-ала нәтижелерімен бөлісті.



14-маусымда экспедиция осы өңірде аз зерттелген бауырымен жорғалаушылар – түрлі-түсті кесіртке, секіргіш кесіртке, дала сұр жыланы мен сарыбауыр жылан іздерін анықтады. Профессор Қ.Ахмеденовтің айтуынша, әсіресе Қазақстанның Қызыл кітабына енген сарыбауыр жыланның бұл жерден табылуы – ғылыми қызығушылық туғызатын оқиға.



– Хан Ордасында оны бірінші рет кездестіріп тұрмыз. Сарыбауыр жылан улы емес, ұзындығы 2-3 метрге дейін жетеді. Зерттеушілер бұрын бұл жыланды Кіші Боғда тауынан кездестірген болатын. Ол жер Хан Ордасынан оңтүстікке қарай 50 шақырым қашықта жатыр. Осы кезге дейін бауырымен жорғалаушының бұл түрі кездескен ең солтүстік нүкте – осы Хан Ордасы болып тіркеледі, - дейді профессор.



Ғалымдар осы сапарда Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітаудан күшігеннің мекені алғаш табылғанын да жаңалыққа балап отыр. Өйткені, бұл оқиға далалық аймақ үшін таңғаларлық жағдай. Индер ауданында 300 млн. жыл бұрын өмір сүрген шытырмантісті ежелгі қосмекенділердің сүйектері табылуы да ғылым үшін үлкен олжа болған.



Он күнге созылған бұл экспедицияның нәтижесі ғылыми монография түрінде жарық көруі мүмкін. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар сапар барысында түсірілген бейнежазбалар мен фотолар негізінде деректі фильм дайындап, фотоальбом шығаруды да жоспарлап отыр.



 


ruh.kz
vko-nasledie.kz