14 Сәуір, 2018
Ғарыш саласында да тың жобаларды қолға алуға болады - Ақсерік Әйтім

Үстіміздегі жылы Орал қаласында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай және «Цифрлық Қазақстан» жобасының даму көрсеткіші ретінде «Еуразия өзен аралығы: білімнің салтанат құруы, прагматизм және бәсекеге қабілеттілік» атты VІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.


 



Бұл жиынға бір қатар ғылым адамдары қатысты. Сондай-ақ «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде өткен екі күндік конференцияға БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов ат басын бұрды. Ол өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын негізгі жұмыстарға тоқталып, қоғамдық сананы жаңғыртудың ұтымды тұстарын ерекше атап өтті. 



Сонымен қатар бұл шарада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша алғаш болып жарық көрген 18 оқулықтың таныстырылымы болды. 



ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Ләззат Нұрқатова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының еліміздегі барлық салаға тың серпін әкеліп, ерекше қолдау тауып отырғанын әрі бұның қазақ жастарын әлемдік ғылымның озық үлгілерімен таныстыратынын айтты. Ол тағы бір сөзінде: 



– Біздің институт сарапшылары жүргізген талдаулар нәтижесі көрсеткеніндей, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне ауыстыру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті жерлері», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобаларын жұртшылық кеңінен қолдап отыр. Қазақстанда ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, рухани жаңғыртудың қолға алынуы тың мүмкіндіктерге жол ашады, – деді. 



Ресейлік ғалым, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Хьюстон университетінің профессоры Юрий Афонин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы маңызды бағыттар қос ел әріптестігін одан әрі дамытуға жол ашатынын жеткізді. 



«КазИИУТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ғалым, «100 жаңа есім» жеңімпаздарының бірі Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға университеттер де белсене атсалысуы тиіс. Бұған шетелдік ЖОО-ларды да тартуға болады. Осы орайда конференция барысында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар университеті мен Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университеті арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.



– Қазіргі таңда «КазИИТУ» ғылыми-білім кешені осындай 37 ЖОО-мен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Біздің мақсатымыз – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін озық жетістіктерді пайдалана білу. Сонымен қатар осы заманғы талаптарға сәйкес жаңа технологияларды жетік меңгерген ғалымдардың басын қосып, тың жобаларды жүзеге асырғымыз келеді. Мысалы, Самара-Байқоңыр бағытында халықаралық туристік жорықты неге қолға алмасқа! Сондай-ақ кезінде Бөкей ордасы ауданы жерінің бір бөлігі берілген Капустин Яр полгионында ғарышқа алғашқы қадамдар жасалғанын ұмытпауға тиістіміз. Жалпы, ғарыш саласында қазақстандық ғылымды дамытудың мүмкіндіктері көп. Көптеген жаңа жобаларды қолға алуға болады. Біздің осы шарамызды, екінші жағынан, Ғарышкерлер күніне орайластыруымыздың маңызы да осында жатыр – деді Ақсерік Әйтімов. 



Қорыта атқанда, бұл конференцияда «Рухани жаңғыру» жобасы аясында, бүгінгі ғылым-білімнің дамуы мен осы бағыт бойынша атқарылған істерге жоғары деген бағалар берілді. Сондықтан да мұндай шаралар мен тың бастамалар өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттеріне үлкен серпіліс беріп, жігерлендіреді деп сенеміз. 


ruh.kz
«КазИИТУ»