17 Мамыр, 2019
ҒИБРАТҚА ТҰНҒАН ҒҰМЫР

"Елім" дейтін арда азаматтар қай кезде де, қай қоғамда да болған, бар, болады да. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген абзал аналар –қашаннан ұлттың ұйытқысы. 

Тұмардың тектілігін, Зеренің зерделі ақылын жастайынан бойына сіңіріп өскен Жәнипә Расолдақызының ғұмыр тарихын баяндап берейін. Ойға қалып, ғибрат алып, байқап көрерсіз.

Әкесі Нұрасулла Шағырбаев 1932-1938 жылдар аралығында алғашқы колхоз ұйымдастыру жұмыстарымен белсене айналысып, үш колхоздың іргетасын қалап, бой көтеруіне сеп болған. Фин соғысына қатысқан, кейінгі жылдары шекара әскерлерінің жолбастаушысы болып еңбек сіңірген. Тарбағатай тауының арғы-бергі бетінің ықпыл-жықпылын, ой-шұңқыры мен сай-саласын түгел жатқа білген ерекше қабілетті адам болыпты.

Ал анасы Қамажан Мүлікқызы – ғасыр жасаған кейуана. Текті әулеттен шыққан, шығыс өңірде билік жүргізген Қамбар, Санияз төрелердің ұрпағынан саналады. Қыз күнінде қарулы болып топқа түсіп, балуан атанған Қамажан апа Сібір мен Орта Азия жолдарын Оңтүстік Шығыс және Шығыс Қазақстан арқылы қосатын теміржол салуға үлес қосқан. Ел-жұрт, ағайын-туыстың тілеуін тілеген қарт ана туған топырағынан алыстап, Алматы облысы Қарасай ауданының Жармұхамед ауылында дүниеден өткен. 

Жәнипа Расолдақызы 1947 жылы ШҚО Тарбағатай ауданының Ахметбұлақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы М. Горкий атындағы орта мектепті тәмамдап, жастарды оқуға емес, жұмысқа жұмылдырып жатқан уақта аудандық комсомол комитетіне кітапханашы болып жұмысқа орналасқан.

1968 жылға дейін аталмыш кітапханада жұмыс істеп жүрген кездерінде отардағы малшыларға кітап таратып, мәдениет ошағын ұйымдастырып, клубтарда концерттер, шағын спектакльдер қойып жүреді. Еткен еңбегі еленіп, сол жылы аудандық советке депутат болып сайланған.

Осы жылдары «Ақжардан Мәскеуге дейін» атты деректі фильмге түсіп, одақ астанасына барып, концерттік бағдарлама қатысқан. Атақты халық артисі Қанабек Байсейітов бастаған әйгілі адамдармен танысып, ол кісілердің ақ батасымен өнер жолын жалғастырған.

1968 жылы кітапхана таратылған соң өзі сахнасына талай шыққан клубтың меңгерушісі болып тағайындалады. Қазақстан совхозының халық театры ауданды қойып, облысқа кеңінен танылған өнер ордасына айналған. Өзіне бұрыннан таныс әрі ыстық ортаның тізгіні қолына тиген Жәнипа Расолдақызы жоғарыда айтылған шығармашылық концерттерімен, сахналық қойылымдарымен ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі додаларды бақ сынаған.

1972 жылы өнерқұмар жандардың бабы келісіп, бағы жанып жарыстардан топ жарып жүргенінің дәлелі – Жәнипа Расолдақызының «Ауыл режисері» атағын алуы.

1977 жылы С.М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдап, сол жылы тарих пәнінің оқытушысы дипломын алып шығады. Сол кездері бастауыш партиумның хатшысы болып, ауылдағы, аудандағы үгіт-насихат жұмыстарын да абыроймен атқарған.

1989 жылы халықтың рухани қажеттілігін өтеп жүрген азаматтар ретінде қазақтың ұлттық киімі мен мәдениетін насихаттап Румыния, Болгария елдеріне сапарлаған.

1996 жылы Оқу министрінің «Құрмет» мақтау қағазымен, «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

1997 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып, 14 жыл қызмет атқарған ардақты педагог, білікті ұйымдастырушы Жәнипа Расолдинаның өмір жолы ғибратқа толы. Әңгімені де жақсылап айта білетін Жәнипа апай жастық шағынан қызықты оқиғаларды шебер жеткізіп отырды. 

Жәнипа Расолдақызы

Шараны көрген шақ

7-8 жасар қыз кезі болса керек. Ауылда жаз шықса, бала атаулының шаң қуып жүрері, үлкендер атаулының той тойлап жүрері анық қой. Көптеген қараша үйлердің арасынан ағараңдап Расолда ақсақалдың еңселі үйі тұрар еді.

Ауыл-ауылды аралап, концерт қойып жүрген өнерпаздарды Шара Жиенқұлова сол ақ үйге бастап барса керек. Арнайы бұрылып, ат басын тіреген үйдің ересектері үйде емес екенін жеткізеді Жәнипә апай. Қазақы көйлек киген Шара Баймолдақызы үйге ие болып қалған баланың үлкені Жәнипа апамыздан рұқсат сұрап, еріп келген өнерпаздарды үйге шақырып қонақ болады.

Өредегі құртты жайып жіберіп, сабадағы айранды сапырып құйып беріп, пісіп тұрған бауырсақты үлестіріп қаршадай қыз дастарханды өзі жайған екен. Көп үйдің ішінен әдейі таңдап түскен ақ үйден осылай дәм татқан Шара апайымыз балаларға (Жәнипә апай мен екі сіңлісіне ред.) батасын беріп, бір-бір байлам үлестіріп екінші ауылға аттанып кеткен екен.

Ананың ақ тілегі

2004 жылы әкесінің 100 жасқа толуы құрметіне аста-төк той жасамай, жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында әкесі тұрған үйдің орнына мешіт тұрғызған. Мешіт құрылысына жолдасының, анасының зейнетақысы, өзінің жиған қоры жұмсалған. Алла үйінің іргетасын да туған-туыс бірігіп, ортақ істі жұмылып көтеріскен. Осылайша 2004 жылдың қыркүйек айында өзі туған 100 қаралы үйі бар Ахметбұлақ ауылында алғаш мешіт бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға берілген.

Ашылу салтанатында 7 жастан 14 жас аралығындағы балалар арасында құран оқудан, сүрелерді жатқа айтудан жарыстар ұйымдастырып, бағалы сыйлықтар тарту етілген.

2007 жылы белгілі бір себептермен кіндік қаны тамған жерден көшсе де, өздерінің көзіндей болып мешіт тұр. Осы күні Алланың жердегі үйіне келушілер саны едәуір өсіп, мешіт қызметкерлерінің қадірі артқан.

Фариза ақынның қалауы

1977 жылы Жәнипа Расолдақызы оқыған мектепке Қабден Ақыновтың атын беруді ұсынылады. Себеп: жаңа мектепті салып, сол мектепте 20 жылдан астам уақыт қызмет істеп, жастардың қалыптасуына айтарлықтай еңбек еткен ұстазға деген құрмет.

2003 жылы Жаңаауыл орта мектебі Қабден Ақынов атындағы мектеп деп ресми түрде бекіп, жаңаша аталады. Осы салтанатқа орай Жаңаауыл ауылына бірнеше қаламгер арнайы келеді. Сол топты Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова бастап келеді.

Азулы ақынды қонақ қылу мәртебесі Жәнипа апамызға берілсе керек. 30 шақты адамды бастап келген ақын Жәнипа Расолдақызының шаңырағынан дәм татып, батасын беріп, 96 жасар анасының мойнына орамалын жауып, қызына қолындағы сақинасын беріп, «Ақын бол!» деп бата берген екен.  

«Бір көрген адамға өр, паң, суық көрінгенімен, Фариза апамыз жайдары, қарапайым адам еді. Үйімізге түскенде төрге шығып, кітапханама көз жүгіртіп отырған екен. Кенет орнынан атып тұрып, кітап сөресінің ең үстінен бір кітапты суырып алды. Ол Оралхан Бөкейдің «Мұзтауы» еді. «Кітап атаулының жарыққа шыққаны бар, шықпағаны бар. Анау тұрған екеуі де бар еді менде. Бірақ мына кітап қолыма көптен түспей жүрген еді. Сіңлім, мына кітапты маған қиясың ба?» деп сұраған соң, қолын қақпайтынымды айттым» деп еске алады Жәнипа апай. 

Жәнипа Расолдақызы

Қазақтың айтулы ақындарын, талайды тамсандырған өнерпаздарын қонақ қылып, батасын алған Жәнипа Расолдақызының өнегелі өмірінің бір парасы осындай. «Жаңбырменен жер, батаменен ел көгерер» деген осы ғой, шіркін!  

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

 

Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова