10 Мамыр, 2018
Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы аталып өтті

Биыл – екінші дүниежүзілік соғыста жасындай жарқылдаған батыр, Халық қаһарманы – Қасым Қайсеновтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында батырымыздың ерлігін ұлықтау шаралары ұйымдастырылып, халықтың, әсіресе жастардың руханиятын байытып, ұлттық болмысын оятатын жобалар жасалуда


Бұл басқосуда халық батырын барынша жақсы қырынан еске алып, ел үшін басын бәйгеге тіккен көзсіз ерліктерін кейінгі өскелең ұрпақтарға үлгі етті. Көзкөргендер қызықты естеліктерімен бөлісті. 



Салтанатты шараға арнайы ат басын бұрған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Семейдің «Жас Ұлан» колледжінің курсанттары монумент алдында гүл шоқтарын қойды. 



Гүл қою рәсімінен кейін ерлігі тілдерде дастан болған батырымыздың құрметіне аллеяға ағаштар егілді. Салтанатты шара одан әрі Қасым Қайсенов кентінде бокстан республикалық турнир және әскери-патриоттық әндер байқауымен жалғасын тапты. 



Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде еліміздің бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштері жаңарып, туризм картасына еніп жатқаны белгілі. Бұдан бөлек, сонау «Батырлар жырының» кейіпкерлерінен бастап, күні кешеге дейін көзі тірі болған азаматтардың рухын күллі халыққа паш ететін жобалар жүзеге асырылуда. Партизан батыр да бұл ретте назардан тыс қалған жоқ. «Рухани жаңғырудың» негізгі мақсаты ұрпақтың ұлттық рухын ояту болса, рух мәселесінде батырлар ерлігіне ода айту қалтарыс қалмау керек. Бұл жолы да жаңғыру көшінде келе жатқан жұрт жолынан тайған жоқ. 



Соғыс - ел азаматтарының намысы қан майданда сынға түсетін сәт. Бүгінде аспан ашық, заман бейбіт. Бірақ азаматтардың намысы, еңбек өнімділігі соғыстағыдан кем сыналып жатқан жоқ. Елбасының жыл сайын халыққа міндеттеп беріп отырған бастамаларын жүзеге асыру үшін ел азаматтарына батыр мінез қажет. Тарих тұнбаларын терең зерделеп, батыр бабалардан үлгі алу - бүгінгі күннің басты міндеті. Ұлттық болмыс, азаматтық тұлға қалыптастыру қажет. Ал ол үшін тарихпен байланысудың маңызы зор. Сол себептен біздің редакция ел қорғаған батырлар туралы көлемді материалдар жариялап келеді.  



Қасым Қайсенов өмірінің айтулы сәттері 



Қазақстанның халық қаһарманы, жазушы, партизан, полковник. 



Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруа отбасында туған. Туған жер қасиеті оның қанында қайнап, тәніне сіңген. Оның болмысы мен шығармаларынан биіктік пен тазалық лебі еседі. 



1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп, саяси-ағарту техникумын жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы отбасы құрған. Асыл әжеміз сол жылы небәрі 16 жаста болған. Ол өзінің қиын қыстау өмірін қасиетті Кереку жерінен бастаған. 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген. 



1940-1941 жылдары арнаулы әскери дайындық мектебінен өткеннен кейін оңтүстік -батыс майданының штабына жіберіледі. 1941 жылы жау қолында қалған Украина жерін азат етуге аттандырылады. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатия, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асырды. Қасым Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып жауға соққы берді. Жазушы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, Богдан Хмельницкий орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. 



Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, Қазақстан Жазушылар одағында, баспа орындарында жауапты қызметтер атқарды. Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін «Жас партизандар» (1954), «Ажал аузында» (1959),  «Жау тылындағы бала» (1961),  «Жау тылында» (1973),  «Партизан соқпақтары» (1978) ,  «Переяслав партизандары» тәрізді т.б. көптеген шығармалар жазды. Аталмыш туындылардан А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.К.Примак тәрізді партизан отрядында бірге болған жауынгер достары жайында ыстық көңілмен әңгімелейді. Қасым кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы, әрі ақылды, әрі қатал генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды. 



Партизан — жазушы Қасым Қайсеновтың өмірі өзі жаудан қорғаған Украин халқымен тығыз байланысты. Украин халқы Қасымды өзіміздің жерлесіміз, қандасымыз деп құшағын жайып қарсы алады. 



Қ. Қайсеновтың қаламгерлік келбеті оның аудармашылық өнерімен де толыға түседі. Ол М.Муратовтың «Ломоносовтың жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед Кулизаде Джалилдің «Почта жәшігі» кітаптарын құнарлы тілмен оқушы жүрегіне жеткізді. 



Отан қорғау, ел қорғау жолында қан майданға түскен азаматтардың ерлігін нағыз ерлік деп айтуға болады. Болашақтың бұлыңғыр болмасы үшін белшеден қан кешіп жүріп-ақ, жау аяғының қасиетті жерімізді баспауын қадағалады. Қасым секілді өр рухты батыр бабаларымызды дәріптеу арқылы біз жас буынның ұлттық болмысын, ой-санасын, рухын оятып, азаматтық болмысын қалыптастыруға сеп болары анық. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының аясында өткен тарихта ізі қалған батыр бабалардың барлығы жас ұрпаққа, бүгінгі қоғамның жас буынына кеңінен насихатталуда. Бұл - тарихын ардақтаған елдің ісі. Тарихты ардақтап, құнын өсіре білу - болашақ үшін құйған капитал. Өткенің арқылы келешекке қадам басасың. 


ruh.kz
inform.kz