9 Ақпан, 2019
Хан Тәңірінің мұзбалағы - Мұқағали Мақатаев

9-ақпан ақын, Хан Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының жанынан құрылған «Руханият» жалынды жастар ұйымының ұйымдастыруымен «Есіңе мені алғайсың...» атты әдеби-сазды кеш болып өтті. 


Қазақ әдебиетінінің қара нарына айналған Мұқағалидың туған күні жыл сайын осы айда бір ай көлемінде аталып өтетіні белгілі. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жырын жатқа оқып, жадында сақтаған ақын шығармашылығын насихаттап, жастардың шығармашылық ізденістерін шыңдау, әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылып отырған аталмыш кешке «Руханият» клубының мүшелері мен Түркістан қаласының өнерпаздары қатысты.



Кеш барысында ақынның өлеңдері оқылып, композициялық қойылымдар көрсетіліп, ақын сөзіне жазылған әндер орындалып қана қоймай, жас ақындардарымыздың өлеңдері оқылды. Әдеби-саздың алдында Мұқағали мұраларын насихаттау мақсатында ақынның жарық көрген кітаптары мен естелік суреттерінен көрме ұйымдастырылды. Кеш барысында клуб мүшелері ақын өлеңдерін оқып, композициялық қойылымдар көрсетсе, қала өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әндерді домбыра, гитара аспаптарымен жанды дауыста орындап, жас ақындар өз өлеңдерін оқып кештің көркін қыздырды.



Жырлары әр қазақтың жүрегінен орын алған ақын құрметіне арналған әдеби кешке өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, университеттің жырға құмар жас жеткіншектері қатысты. Кеш соңында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әшірбеков Бақытжан Айдарханұлы барлық қатысушылар мен алғашқы келген үш көрерменге «Рухани жаңғыру» сериясымен жарық көрген облыс ақын-жазушыларымыздың көп томдығын сыйға тартты.



Айнұр Нұрманғалиева, RUH.KZ


Ruh.kz